30 Мамыр, 2022 NEWS
Фото: kommersant.ru
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев немен айналысып жүргенін айтты.
– Саясаткердің отставкадан кейін немен айналысып жүргені маңызды емес деген ойдамын. Себебі, саясаткерлер келеді, кетеді. Ал ел мен жер қалады. Еліміздің дамуы, алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғаны бұдан да маңызды. Ел басқарған уақытымда барлық көрші елдермен, батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас құра білдік. Біз халықаралық саяси аренада құрметке иеміз. Қазақстандықтар кез келген елге барып демалып, іскерлік қарым-қатынас орната алады, – деді ол саясаткер Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында.
Сондай-ақ Назарбаев өзге елдің президенттерімен әлі күнге дейін араласып тұратынын атап өтті.
– Менің отставкамнан кейін кезінде бірге істеген көптеген мемлекеттің лидері хабарласып, өз елдеріне қонаққа шақырды. Мен олардың бәріне ризамын. Кейбірімен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ, –деді Назарбаев.
Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттері ұйымының құрметті төрағасы екенін, өзі құрған қордың жұмысына көңіл бөліп жүргенін айтты. Сондай-ақ ол жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелерін де назардан тыс қалдырмағанын жеткізді. Бұдан бөлек өзінің өмірі мен қызметі туралы естелік жазып жатқанын да айтқан.
– Бүгінде менің ойым да, тілегім де – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жайлы. Біздің ұрпағымыз бізден де көп іс тындырғанын қалаймын. Оларға бұл істе шын жүректен табыс тілеймін, -– деп сұхбатты қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір