• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Мамыр, 03:18:43
Алматы
+35°
Сенатор Марат Бақтиярұлы ағылшын тілін білу мен оны терең игеру елдегі 3,5 миллион оқушының барлығына бірдей қажет пе деген мәселе көтеріп, үштілді оқыту жүйесін тоқтату қажеттігін айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайты хабарлады.
 
– Сөз жоқ, жастарымыз ағылшын тілін білуі керек. Бұл – уақыт талабы. Бірақ ағылшын тілін білу мен оны терең игеру еліміздегі 3,5 миллион оқушының барлығына бірдей қажет пе? Балабақшадағы, бірінші сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың не қажеті бар? Білім мен ғылымы жоғары Жапония, Финляндия, Франция, Қытай 10 жасқа дейін балалаларын өзге тілде неге оқытпайды?, – деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.
 
Осы орайда сенатор әлемнің озық отыз елдегі білім беру жүйесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, екі тіл бірінші сыныпта төрт-ақ елде, екінші сыныпта бес елде, ал төртінші сыныпта он екі елде ғана оқытылады.
 
– Ал Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде үш тіл мүлдем оқытылмайды. Демек, шет тілін білу сауатты болудың басты көрсеткіші емес, ол әлемнің білім-ғылымның биігін игеру үшін қажетті құрал. Ал шынайы сауаттылық – өмірді білу, өзің таңдаған кәсіпті терең игеру, қажетті дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шет тілді оқытуды ата-аналардың қалауымен 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп айтқан. Біз де балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы барлық пән тек ана тілінде оқытылуын қолға алуымыз керек, – деп атап көрсетті сенат депутаты.
 
Сенатор тәуелсіздік жылдары білім саласы ең көп реформаға ұшырағанын да ерекше атап өтті. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде білім туралы заңға 29 рет өзгеріс пен толықтыру енгізілсе, мемлекеттік білім беру стандарты жеті рет өзгеріске ұшыраған.

– Әрбір өзгеріс сайын оқулықтың мазмұны жаңарып, қыруар қаржы жұмсалып, жаңадан оқулықтар басылып жатады. Дамыған елдерде, мәселен, Жапониядан мемлекеттік білім беру стандарты бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы өзгертіліп, осы кезге дейін өзгеріс болған жоқ, – деп атап көрсетті Бақтиярұлы.

Оның ойынша, елде жаңартылған білім беру бағдарламасын жасау жағынан асығыстыққа жол берілген. Ал орта білім шексіз реформалардың тәжірибелік алаңына айналып кеткен. Оған қоса, соңғы үш жыл ішінде 1,2 миллион сәби дүниеге келді. Алдағы уақытта олардың барлығын орта біліммен қамту мәселесі туындайды. Ол үшін, кем дегенде, үш мың мектеп салу қажет.
 
Сенатор Бақтиярұлы осы мәселеге жауапты үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндіруді сұрады.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір