• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 09:14:41
Алматы
+12°

Кеше Маңғыстау облысының Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери  қызмет атқарған тағы бір сарбаз қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін шекара қызметіндегі сарбаз Тешебаев Еділ Бақытұлы суицид жасағаны хабарланды. Әскери бөлімдегілер марқұмның Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұратын отбасына екі түрлі хабар айтқан. Тіпті әскери бөлімдегілер жақындарына Еділ Бақытұлы жазып кеткен деп түрлі хаттар жіберген. Алайда туыстары Ulysmedia.kz порталының тілшісіне берген сұхбатта хаттағы жазылған уақыт дұрыс көрсетілмегенін, жазу марқұмға тиесілі емесін айтқан. 

Сайттың дерегіне сүйенсек, марқұм қайтыс болар күн алдында кешке таныстарынан, туыстарынан ақша сұраған.

ҰҚК Шекара қызметі таратқан ақпаратта суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты еместігі айтылады.

"Отбасылық-тұрмыстық проблемалар болған. Құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде. Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, қаза тапқан адамның отбасына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауда" делінген хабарламада.

Туыстарының айтуынша, Еділ Бақытұлы әскерге өз еркімен, келешекте әскери боламын деген арманмен барған. 

"Мені үнемі жеше деп атайтын. Соңғы хатында «жеңге» деп жазып қойған. Ол хатты Еділ жазбаған. Почеркі оныкі емес. Дата мен уақыты да сәйкес келмейді. Еділ хатты әріптерін тастап, тастап жазатын. Бізге келген хатта асықпай, «грамотно» жазған. Таяқ жеп, өлейін деп жүрген адам, әбден қорлық көрген адам (Перизат көз жасына ерік берді). Сәндеп жазып отыра ма хатты. Әке-шешем менің жағдайымды білсе, уайымдап қалады, білмей-ақ қойсын дейтін еді. Не болып қалды, тыныштық па, шаршадың ба десем, жоқ жеңеше, деп үндемей тұтқаны қоя салатын еді. Үйдегілер естігенде сенген жоқ. Атам айғайлап жерді ұрып жылады. Енем "менің балам тірі, өзім барып алып қайтамын" деп сенбейді", дейді Еділдің жеңгесі Перизат Дүйсебай. 

Перизат Дүйсебай ел ішінде "қаншама сарбаздың осылай жұмбақ жағдайда қаза болғаны туралы ақпарат барын, оның ақиқаты халыққа жетпей жатқанын" айтады.

"Сонша жағдайды естіп, әр балаға жан ашып, мына жақта үлкен әжелеріміз ауырып жатыр. Үйдің бәрі астаң-кестең. Зар жылап кеттік. Аштықпен қинап, құлша жұмсап, өлтіріп жібере берсе, «өзін-өзі өлтірді» деп үйіне қайтарып жібере берсе не болады? Осыншама жауыздыққа баратындай кім олар? 19 жыл бағып-қаққан анасы біледі ғой мінезін. Ол ешқашан өзіне қол жұмсамас еді. Балаларыңызды ешқашан жібермеңіздер. Қарап отырыңыздар. Жұмысқа кіргізіңіздер. Армияға – барсакелмеске жібермеңіздер", - дейді марқұмның жеңгесі.

Сарбаздың туыстары президент Қасым-Жомарт Кемелұлынан істің әділ түрде тексерілуі үшін көмек сұрайды. 

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізден істің қаралуын, заңсыздыққа жол берілмеуін өтініп сұраймын. Кінәлілердің жазалануын, Еділдің әдейі өлтірілгенін дәлелдеуіңізді сұраймын. Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық шекара қызметін тексеруіңізді сұраймын. 8775 662 4588 нөмірі – үйдегілерге көңіл айтып, үлкендерден кешірім сұраудың орнына неліктен «халыққа жалған ақпарат бересіңдер» деп ағасына айғайлағаны, заңсыздыққа жол бергені үшін жауапқа тартуыңызды өтініп сұраймын», - дейді Перизат Дүйсебай.

Марқұмның денесі бүгін түсте жер қойнына тапсырылады. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір