• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 06:19:12
Алматы
+12°

Әлеуметтік желіде депутат Айдос Сарым мен саясаттанушы Досым Сәтбаев арасындағы дау қызу талқыланып жатыр. Даудың басы, Айдос Сарымның Досым Сәтпаевты "балабол" деп атауынан басталды. Кейін Досым Сәтпаев желі арқылы депутатқа жауап берді. 

Мәжілісмен Astana HUB аналитика мектебіндегі кездесу барысында саясаттанушы туралы пікір білдірді. 

– Біз Досымды мәжбүрлеуіміз керек. Сен жігітсің бе өзі? Жастар, сіздер осыны талап етулеріңіз қажет. Сен сынап жатырсың, жақсы. Бірақ сол өзің сынға алған адамдармен 2 күн бірге жұмыс істеп көрші. Құжаттарды әзірлеп көр. Сол кезде сен жігіт боласың. Ал қазір сен "балаболсың"(уәдесінде тұрмайтын адам - Ред), – дейді депутат.

Бұдан бөлек, Айдос Сарым қазір әлеуметтік желі арқылы сынап-мінеудің заманы өтіп кеткенін жеткізді. 

– Мен тағы да қайталаймын. Ғаламторға пост жазып, ұпай жинайтындардың уақыты өтіп кетті. Біз өзімізге ұнайтын қайраткерлерімізді қоғам мақсаты үшін жұмыс істеуге мәжбүрлеуіміз керек, – дейді  мәжілісмен. 

Досым Сәтпаев Айдос Сарымның бұл пікіріне байланысты жауабын өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында эжариялады.

– Саяси пікірін өзгертудің шебері мен туралы "жігітсің бе әлде тек сынауды ғана білесің бе" деген сарында пікір білдіріпті. Құрметті, Айдос! Екеуміздің "нағыз жігіт" деген сөз жайлы түсінігіміз әртүрлі. Менің түсінігімдегі мықты ер адам өзіне "тапсырылған" пікірді емес, өз ойын қорықпастан ашық айта алатын, айтқан әрбір сөзіне жауап бере алатын адам. Осындай принциппен өмір сүре алатын адамды ғана мықты еркек деп есептеймін. Мен осындай қағидамен өстім және солай өмір сүріп келемін. Мықты еркек ешқашан өз сөзінен айнып, өзгертуге бейім болып келмейді, – дейді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы өзінің бүгінге дейін атқарған жұмыстарына тоқталып, "Жаңа Қазақстанды" құрушылар елдің болашағын ойласа, сын айтатын адамдардың пікіріне құлақ түруі керек екенін атап өтті. 

– Менің саясаттанушы ретіндегі жұмысым – біздің саяси жүйеміздегі кемшіліктерді (ұнаса да, ұнамаса да) ашып көрсету ғана емес, сонымен бірге мәселенің шешу жолдарын да ұсыну. Мен оны ашық түрде жылдар бойы жалғастырып келемін (сен оны жақсы білесің). Өз пікірлерімді әлеуметтік желіге жарияладым, түрлі басылымдар арқылы да өз пікірімді ашық айтып жүрдім. Кейін кітап жаздым, Youtube-та жобалар ұйымдастырдым. Алайда бүгінге дейін айтылған пікірлер мен ұсыныстарым "Жаңа Қазақстанды" құруға жарамаған секілді. Себебі, билік шынымен Қазақстанды өркендетуді қаласа, біз секілді сынаушылардың басын қосып, көмек сұрайтын еді. Ең болмағанда ұсыныстарына құлақ асар еді. Саған менің соңғы сұхбаттарым ұнамағанын біліп тұрмын. Алайда саған Дени Дидроның "Шындық сынды жақсы көреді, одан тек пайда көреді; өтірік сыннан қорқады, өйткені ол одан жеңіледі" деген сөзін есіңе салғым келіп тұр, – деп сөзін аяқтады Досым Сәтпаев.  
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір