• USD 468.43

  • EUR 485.43

  • RUB 7.67

  • CNY 65.35

30 Қараша, 14:03:41
Алматы
+1°

Қоғамда «өзімді таба алмай жүрмін, неге қабілетім барын білмеймін, өзіме ұнайтын мамандықты таңдай алмай келемін» деген сарындағы сауалдарға жауап іздейтіндер аз емес. Адамның өзін тани алмауына көптеген сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, ата-ананың әсері, ортаның немесе ішкі сенімсіздіктің салдары.

Кез келген адамның мықты әрі әлсіз тұстары болады. Мұны мойындап, өзін дамытуды мықты әрі әлсіз қабілеттері қандай екенін анықтаудан бастағын абзал.

 Мықты қабілеттің төмендегідей белгілері бар:

  • Сіздің қабілетіңіз мен шеберлігіңіз көбіне сенімсіздіктің тасасына жасырынып, бағаланбай қалады;
  • Сіз бұл қасиетіңізді артықшылық, талант деп санамауыңыз мүмкін. Бірақ кез келген жағдайда бұл қабілетіңізді өте жеңіл әрі еш қиналмастан пайдаға асыра аласыз;
  • Басқа адамдарға бұл қабілетіңізді түсіндіру, үйрету қиынға соғады;
  • Дәл осы қабілетіңізді қолдану барысында уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаласыз және бұл сізге энергия береді;

Иә, жоғарыдағы аталған белгілер туралы ойланып көргеніңіз артық болмайды. Кейін келесі құралдарды пайдаланып, ғылыми түрде өзіңіздің мықты әрі әлсіз тұстарыңызды анықтай аласыз.

Gallup Clifton Strengths

10 жылдан бері Gallup институты түрлі салалар бойынша жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінге дейін 2 млн-ға жуық әртүрлі кәсіби мамандармен сұхбат жүргізген. Бұл зерттеудің нәтижесінде мамандар адам бойынан табылатын ең маңызды 34 қабілетті анықтап, сол бойынша тест дайындап шығарды. Тест арқылы өмірде және жұмыс барысында қандай қабілет қолданылатынын түсінетін боласыз.

Бұл тестті онлайн орыс немесе ағылшын тілінде тапсыруға болады. Алайда тест ақылы, құны 50 доллар. Gallup-тесті шамамен 40-50 минут уақытыңызды алады. Кейін сізге берілген сипаттамаға арнайы сертификатталған мамандар арқылы сараптама жасап, өмірде қолданысқа енгізе бастайсыз.

JobEQ

JobEQ компаниясы мотивация мен адамның жеке құндылықтарын анықтауға көмектесетін тест дайындаған. Тесті 2 түрге бөлінеді:

iWAM тесті: Бұл – адамның жұмысқа қатысты қарым-қатынасы мен қандай кезде шабыт алатынын анықтауға жәрдемдеседі. Тест адамның когнитивті ойлау қабілеттеріне қарай жасақталған. Когнитивті ойлау есте сақтау, назар бөлу, шешім қабылдау, түсіну қабілеттері кезінде көрініс табады. Осындай қабілеттердің 16 категориясына байланысты обьективті түрде сараптама жасалып, адамның мықты қабілетін анықтауға көмектеседі.

VSQ тесті: Бұл тест адамның жеке құндылықтарын анықтауға септігін тигізеді. Сондай-ақ бұл тест арқылы адам өзіне қандай орта керегін, қандай ұжымда жұмыс істей алатынын біле алады.

Бұл тестті де онлайн түрде тапсыруға болады. JobEQ – орыс тілінде қолжетімді тесттердің бірі.

Hogan

Hogan тесті: Hogan компаниясы жеке психология мен психодиагностиканы зерттеумен айналысады. Тәуелсіз-онлайн тесттердің ішіндегі іскерлік қабілеттерді анықтауға көмектесетін бірден бір құрал – Hogan тесті. Шамамен 600 сұрақтан тұратын тест 3 түрге бөлінген.

Тұлғалық (Hogan Personality Inventory). Бұл сіздің мықты тұстарыңызды анықтаумен қатар, басқалардың сізді қалай қабылдайтынын және өзіңізді қалай бағалайтыныңыз туралы анықтап береді.

Жеке даму (Hogan Development Survey). Стресттік жағдай кезінде адамның бойынан қандай жасырын қабілеттері пайда болатынын, қандай кемшіліктері көзге көрінетінін анықтайды.

Мотивациялық (Motives, Values and Preferences Inventory). Сізге шабыт алатын сәттердің, құндылықтарыңыз бен ішкі қалауларыңызды тізімін жасақтап береді.

Тестті онлайн түрде тапсыру 20 минут уақытыңызды алады. Нәтижесін ағылшын немесе орыс тілінде алуға мүмкіндік бар.

Жеке коуч немесе ұстаз

Қазір елімізде «коуч» сөзі жиі айтылып жүр. Негізіне бұл сөз қазақ тіліндегі «ұстаз» сөзімен мағыналас. Тест тапсырғыңыз келмесе өзіңізге жол көрсететін ұстаз табуға тырысыңыз. Бірақ бұл әлеуметтік желідегі кез келген коуч-маманға барып, ақылына жүгіну керек дегенді білдірмейді. Жақсы ұстаз таңдау үшін де көп ізденіс керегін ұмытпаған жөн. Егер жаныңызға жақын ұстазыңызды тапқан болсаңыз, өзіңізді бүгінге дейін толғандырып келген мәселелермен бөлісіп, бірлесе шешім іздейсіз. Кейін таңдаған ұстазыңыз бойыңыздағы қабілеттеріңіз бен кемшін тұстарыңызға анализ жасап, сізге жол көрсетеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір