15 Маусым, 2022 NEWS
Көрнекі сурет
Саяси қуғын-сүргін кезінде жүздеген мың адам әділетсіз сотталып, қудаланып, миллиондаған жандар ашаршылыққа ұшырады. Ел басына түскен нәубат қазақтың тарихында қаралы әріптермен жазылды. ШҚО әкімі Даниал Ахметов қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтардың отбасыларымен кездесіп, кінәсіз сотталған адамдарды ақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып бергені ел есінде.Өңір басшысы былай деп еді.
"Шығыс Қазақстан өңірлік комиссиясы бір жарым жыл ішінде 373 қорды зерделеп, 19 мыңнан астам материалды қарады. 1213 іс дайындалып, мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді. Бұл жай ғана статистика емес, жай ғана іс емес – бұл адамдардың тағдыры, біз олардың есімдері ақталып, ұрпақтары алдында тарихи әділеттілікті қалпына келтіруіміз керек" деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Сол қайғылы жылдары Қазақстан миллиондаған түрлі ұлт пен дін өкілдерін қабылдады. Күштеп жер аудару барысында бес миллионға жуық адам қазақ жерінен пана тауып, Жаңа Отанына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі.
Президент «Әділетсіз сотталғандарды есте сақтай отырып, біз тәуелсіздігіміздің негізі болып табылатын жарқын болашақты құра аламыз. Өткен ғасырдың ең қатыгез трагедияларының бірінде жазықсыз зардап шеккендердің барлығына құрмет көрсету – әрқайсымыздың парызымыз" - деп атап өткен еді.
Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.
Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Бүгінде Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарын әр түрлі топтарды ақтау бағыттары бойынша жұмыс топтары құрылып, қарқынды жұмыс атқаруда.
Жұмыс жоспары, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері егжей-тегжейлі қаралып жатыр. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.
ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңнен сыр шертетін, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы 2012 жылы Өскемен қаласында ашылып, өскелең ұрпақ сол кездегі тарихтағы ақ тағдақтармен танысып, нақты оқиғаларымен, сотталғандардың тұрмыста пайдаланған заттарымен, туған-туысқандары үшін жазылған хаттармен танысуға мүмкіндік алуда. Тар жол, тайғақ кешіп, қилы, зұлматты күндерді басынан өткеріп, қиындық көрседе, намысын таптатбаған бабалар қашанда құрметке лайық.
Нұргүл Алтай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір