• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:25:57
Алматы
+12°

Блогер Рысбала Икрамбай соңғы бір жылда тұрмысы төмен, жағдайы мүшкіл 23 отбасының баспаналы болуына көмектескен белсенді блогер. Инстаграмдағы оқырмандарын жақсылық жасауға жұмылдырған Рысбала бүгінде құстың ұясындай аядай ғана бөлмені паналап келген осыншама отбасын өз баспанасына кіргізді. Халық жинаған қаражатқа Алматының маңайынан үй сатып алып қана қоймай, Рысбала кәсіпкер күйеуі мен демеушілердің қолдауының арқасында сатып алынған үйдің ішіне жөндеу жүргізіп, төсек-орын, ыдыс-аяғы, жиһазына дейін бүтіндеп береді екен. Блогердің осындай қайырымды ісіөзгелерге үлгі болар деген мақсатта Қамшы порталы Рысбала Икрамбайдан сұхбат алды.

– Рысбала ханым, қайырымды істеріңіздің барысы, ол қалай жүзеге асатыны туралы айтып беріңізші

– Бұрындары әнші-ақындарға еліктеп өстік, газет-журналдарға шыққан сұхбаттарын оқитынбыз. Үнемі теледидардан көріп, қызығатын-ек. Сол кезде ұстаздарымыз «2000 жылы әншілердің аузы аққа тиді» деп айтушы еді. Сол секілді блогерлік те қазір көпке белгілі кәсіптің бірі. Көпшілігі басқаларға пайдалы болу үшін, енді бірі жай ғана хобби үшін блогерлікпен айналысады. Сол санаттың қатарында өзім де бармын. Әлеуметтік желіде парақшамды жүргізіп келе жатқаныма біраз уақыт болды. Ал жолдасым жеке кәсіппен айналысады. Дегенмен, оның жұмысына мен араласа бермеймін. Өйткені бизнес тілін мүлдем түсінбеймін. Қайырымдылыққа қаражатты қайырымды оқырмандарым жинап береді. Бұдан бөлек мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, үйіне керекті жиһаздарды алып беруге қолдау білдіретін арнайы демеушілеріміз бар. Бизнестің айналасында жүрген аға-әпкелеріміз біз атқарып жатқан жұмыстарды үнемі бақылап, қарап отырады. Өзіміз де жұмыстың есебін соқырға таяқ ұстатқан етіп, бүге-шүгесіне дейін көрсетіп те жатырмыз. Сол себепті демеушілеріміз бізге толықтай сенім артады. Бүгінге дейін сол демеушілердің көмегімен балалардың компьютерін, біреудің ыдыс-аяғын, енді бірінің пердесі мен жиһазын алып бердік.

ds

– Қайырымдылыққа мұқтаж жандарды қалай табасыздар? Қандай шарттар бойынша іріктейсіздер?

– Қайырымдылық үшін қаражат оқырмандарымның арасынан жиналатындықтан, оқырмандарымның өздері «осы адамға көмек беріңіздерші», деп жазып жатады. Мысалы, оқырмандарым 10 адамның ақпаратын жіберді делік. Сол 10 адамның жеке мәліметін жазып алып, бәрінің үйіне кіріп, жағдайын біліп қайтамыз. Бірақ барған кезде бірден «Біз сізге үй алып беріп, тау қопарып, тас жарамыз деп келмедік. Сіздің жағдайыңызды біліп кетейік деген оймен келдік» деп бірден айтамыз. Бірақ барынша азық-түлік, керек болады деген бірнеше заттарды апарамыз. Жағдайын көзбен көріп, біліп алғаннан кейін арасынан шын мұқтаж дегенерді анықтаймыз.

Бізде кезекке қою деген болмайды, өзіміз де іздеп жатпаймыз. Халық өзі мұқтаж жанды тауып береді, халық қаражатты жинап, үйді алып береді. Көбіне көпбалалы аналар мен жартылай жетім балаларға көмек көрсетіп жатырмыз.  

– Бүгінге дейін қайырымдылық жасау кезінде қиындыққа тап болған кездеріңіз болды ма?

– Алғашында үй алу кезінде құжат рәсімдеуде қиындықтар кездесті. Бірақ «көре-көре көсем боласың» демекші бір рет жіберген қателіктерімізден сабақ алып, қайталамауға тырысамыз. Қазір қиындық жоқтың қасы десек те болады. Керісінше, басымызға іс түссе, халықтың өзі келіп жәрдемдесіп жатады.

Бірде көлігіміз ескі болғандықтан жолда бұзылып қалатын кездер болған. Сол кезде жолай кетіп бара жатқан адамдар бізді танып, қалаға дейін жетіп алуымызға көмектескен еді. Осыған ұқсас жайттар өте жиі болып тұрады. Тіпті, қазір нотариустағы адамдарға дейін бізді танып алған. Құжат жинау кезінде қателіктер болса айтып, түсіндіретіндер көп. Үй іздеп шаршап жүрген кезде де суын беріп, нанын ұсынып, ізгі тілектерімен орамалын жауып жататын оқырмандарым кездескен кезде әрине, дән риза болып қаламыз. Бұл – халықтың жақсылық жасауға деген ынтасы, мейірімі деп білемін. Мұның өзі үлкен жеңіс, жетістік. Дәл осындай қарқынмен біз әлі талай адамның қиындығын жеңілдетеміз деген ойдамын.

епые

– Интернет-алаяқтар жұмыстарыңызға жиі кедергі келтіре ме? Сіздердің аттарыңызды пайдаланып, алаяқтық әрекетке барғандардың үстінен полицияға жүгіндіңіздер ме?

– Иә, интернет-алаяқтар жұмысымызға жиі кедергі келтіріп жатады. Әлеуметтік желіде «Ырысбала Икрамбайдың атынан бір баспана сыйлаймыз» деген мәтінде жалған ақпарат тарататындар да көбейді. Олардың «кезек үшін алдын ала ақша төлеу керек» деп жазғандарына сеніп қалатындар бар. Негізі алаяқтық жасайтындарды тексеріп қараған кезде олар үйде отырған аналар немесе жас келіншектер екенін білдік. Олардың соңына түсіп, полицияға арыз жазып, жазаланғанын қалайсың. Алайда онсыз да аз қазақпыз, бір-біріміздің үстімізден  арыз жазып, тар қапасқа қамай берсек болашағымыз не болады деп те ойлаймын. Бір жағынан, олар халықтың маңдай терімен тауып отырған, соңғы тиынын алаяқтықпен, арам жолмен алып қойып жатса, арты жаман бола ма деген де ой келеді.. Дәл осы, алаяқтыққа қатысты менің ойым сан-сақта жүр, нақты шешім қабылдай алмадым. Дегенмен, басқалардың алданып қалмасы үшін, өзімнің ресми парақшамды көрсеткім келеді – @irisbala__ikrambai_official. 572 мың қайырымды оқырманым бар. Осы ырысты армиямның арқасында осыншама отбасының үйлі болуына жәрдем жасай алдық. Сондықтан алаяқтар ашқан басқа парақшаларға аңғал қазағым алданып қалмаса екен деймін.

– Небәрі бір-ақ жылдың ішінде оқырмандарыңызбен бірге 23 отбасыға үй әпердіңіздер. Қанша балаға қуаныш сыйладыңыздар?

– Бір жыл ішінде 23 отбасы үйлі болды. Оның ішінде 104 бала бар. Олардың да жағдайы жасалып, қажеттіліктерін алып бердік. Жақын арада 24-ші баспананың кілті табысталады. Ол үйде 7 бала бар. Негізі көмек көрсеткендердің көбі мектеп жасындағы балалар. Арасында бірен-саран колледж бен университет студенттері де бар.

rrb

– Есіңізден кетпейтін, сізге ауыр жағдайы қатты әсер еткен қай отбасы?

– 23 отбасының әрқайсысының есігін алғаш қаққан күні қиындығын айтып отырып, көздеріне жас алған кездерін де, кейін жаңа баспанаға кіріп, қуаныштан жылаған сәттерін де ұмытпадым. Бұрын жақындарым мен туыс-туғандарымның амандығын тілейтінмін. Енді бүгінге дейін қол ұшын созған 23 отбасы да менің жақынымдай болып кетті. Қазір сол 23 отбасының амандығын тілеп отырамын.

– Ол кісілердің қазіргі өмірі туралы айтып беріңізші?

– Бәрінің жағдайы алғашында қиын болды. Қазір бәрінің еңсесі тіктеліп, өмірге деген көзқарасы өзгеріп, өмір сүруге деген құлшынысы оянды десем де болады. Бәрі бір-бірімен аралас-құралас, туыс  болып жүргенін көрген кезде қатты қуанамын. Қазір, Аллаға шүкір! Ең үлкен бақыт – 23-ші отбасының баспаналы болуы. Үлкен бір қиындығы шешіліп, мойындарынан ауыр жүк түскендей болып отыр. Бәрінің жүзінде күлкі, бір-бірін бауырындай сыйлап, аралас-құралас болып, қуаныштарын бөлісіп жүр. Олардың арасында сынап-мінейтін адам жоқ. Себебі бәрі бірдей тағдырлас жандар. Сол үшін де қуаныштымын.  

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Бізде бір бес балалы отбасы болған. Сол үйдің анасы түнде кішкентайын қасына алып ұйықтап, сол күйі оянбай, өмірден өтті. Осыны көргеннен кейін алдағы күнге жоспар қоюға да қорқасың. «Біреуді көріп пікір етесің, біреуді көріп шүкір етесің» дейді ғой. Сол себепті осы күнімізге де шүкір етіп жүрміз. Алдағы уақытта да осы жолдан таймай, халықтың қолдауымен игі істердің басы-қасында жүріп, жұмыстарымызды жалғастырсақ дейміз. Еліміз тыныш болса дейміз. Елімізде үй-күйсіз жүрген қазақ қалмаса екен деп тілейміз.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Икрамбай Рысбала Мейрамханқызы (@irisbala__ikrambai_official)

– Жалпы Қазақстанда соңғы жылдары қайырымдылықпен айналысып жатқандардың саны көбейіп келеді? Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Бұл үрдістің көбейгеніне мен қатты қуанамын. Алдағы уақытта да көбейсе екен деп тілеймін. Қайырымдылық жұмыстарының көбеюінің басты себебі – қазақтың бір-біріне деген мейірімі. Екінші себеп – әлеуметтік желі. Бұрын мұң-мұқтажын айтып, қиындығымен бөлісетін құрал болмады. Ал, әлеуметтік желі мұқтаж жандар мен халық арасындағы алтын көпір болды деп есептеймін. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Бұған дейін белгілі себептермен мұқтаж жандар ел алдына шыға алмады. Қазір халық «бір қазақ болса да баспаналы болсын» деген оймен қол ұшын созып жатыр. Осылайша, бір отбасының қиындығы шешіліп, үйлі болуда. Мұның бәрі халықтың бір-біріне деген мейірімділігі мен жанашырлығының көрінісі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір