• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:51:56
Алматы
+35°

Белгілі ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыда Ұлттық құндылықтар ассоциациясы қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен "Жігерлендіру" атты форум өтті.

Іс-шара модераторы журналист Арман Құдайберген форум атауы ақынның өлеңімен аттас қойылуы кездейсоқ еместігін, Мұхтар Шахановтың шығармашылығы мен қайраткерлігі ұлттың ұпайын түгендеу, мүддесін қорғауда әркімге әрдайым жігер сыйлайтынын атап өтті.

"Форумды өткізу туралы ой туындағанда ел алдында жүрген азаматтардың басын бір жерге тоғыстыру қиынға соғатынын айтып, ойларынан айнытпақ болғандар, көңілге күдік ұятқандар кездесті" деген ол бүгінгі форум ұлттық мәселе дегенде түрлі көзқарас, алуан ұстанымдағы азаматтар, зиялы қауым өкілдері бір жерге жинала алатыны көрсеткенін мәлімдеді.

Форум мерейтой иесіне сөз беруден басталды. Мұхтар Шаханов жиналғандарға өзін әлсіз ақын санайтынын айтып, келушілерге алғыс білдірді. Артынша бірауыз өлең оқыды.

Ізінше форумға арнайы шақырылған спикерлер ақынның шығармашылығында арқау еткен, қайраткерлік қызметінде айналысқан мәселелер туралы сөз сөйледі.

Фото: Qamshy.kz

Ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып қолына қалам ұстаған кез келген ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына соқпай кетпейтінін атап өтіп, күзде ақынның мерейтойы жазушылар одағы деңгейінде кең көлемде аталып өтілетінін жеткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман ақынның қазақ руханиятындағы орны мен оның дамуына сіңірген еңбегі туралы айтты.

Фото: Qamshy.kz

Өнертанушы Ерлан Төлеутай Мұхтар Шахановтың ақындық принципі мен мінезіне тоқталып, билікке ұдайы батыл мәлімдемелер жасап, ұсыныстар білдіріп отырғанына, халыққа ұнамсыз саясатын сынап, ойын ашық жеткізуден тайсалмағанына назар аударды.

 

"Мұха, өнер саласында белең алған жеңіл, ойсыз дүниелер мен соларды таратушыларға "ырбигүлдер" мен "жырбақайлар" деген жақсы ат қойып, ақындық принцип пен мінезін көрсетті" дейді өнертанушы.

 

Фото: Qamshy.kz

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан ақын белсене араласқан қоғамдық-саяси істер туралы сөз қозғады. Ол Мұхтар Шаханов Кеңес билігі кезінде Желтоқсан оқиғасына баға беру, оның шындығын айту мәселесін биік мінберлерден көтергенін, Наурыз мерекесін тойлау үрдісін жандандыруға күш салғанын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік тіл мәселелесі туралы батыл мәлімдемелер жасағанын атап өтті.

2007 жылы биліктің "Қазақстандық ұлт" идеясына қарсы шығып, әсерлі үндеу жасағанын, 2009 жылы Қытайға 1 млн гектар жер жалға беру ұсынысына, 2010 жылы Қазақстанның Кедендік одаққа қосылуға наразылық білдіргенін, 2011 жылы Жаңаөзен мен Шетпедегі мұнайшыларды қолдап Маңғыстауға барғанын, 2016 жылғы жер мәселесіне белсене кірісіп, мінез танытқанын айта келе, Мұхтар Шахановқа "қиын жағдайда халыққа рух беретін адам" деген баға берді.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір