01 Шілде, 2022 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Қазір елімізде жеміс-жидектердің уылжып, пісіп жатқан кезі. Базарларда көздің жауын алады. Бірақ сауда жылдағыдай емес екені анық. Күнделікті жеуге болмаса, жұрттың жәшіктеп алып жатқаны шамалы. Демек, тосап қайнату науқаны да бұрынғыдай емес. Неге? Өйткені қант бағасы ұшып тұр. Көптеген сауда орындарында қант тіптен жоқ. Жылдық тұрғыда оның бағасы 59.9%-ға қымбаттап кеткен. Мұның себебі неде?
Jusan Analytics зерттеу орталығының мәлімдеуінше қазіргі уақытта Қазақстанда қант тапшылығы мына деректердің себебінен болып отыр:
- жергілікті шикізат – қант қызылшасынан өндірілетін қант қажеттіліктің 10 пайызын ғана қамтамасыз етеді;
- шетелден өңдеу үшін жеткізілетін шикі-қант көлемі мардымсыз. Оны импорттау 2016 жылдан бастап жоспарлы түрде қысқартылған;
- Ресейден жеткізілетін дайын қантқа аса тәуелдіміз. Қазір Ресейде қант өндірісі мемлекет тарапынан реттеледі және оны сатып алу үшін арнайы рұқсат керек.
– Бұл ретте елімізде қант өндірісін тез арада жолға қою үшін ең алдымен сырттан жеткізілетін шикізат көлемін арттыру қажет. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Өйткені негізгі өндіруші елдер Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан, – дейді Jusan Analytics орталығының талдаушысы Тимур Дауранов.
Оның айтуынша елімізде қантты тұтыну көлемі жылына шамамен 500-550 мың тоннаны құрайды. Отандық зауыттар ұзақ жылдар бойы өндіріске шикізат ретінде негізінен құрақты шикі-қантты пайдаланып келді. Қант өндірісі екі шикізатқа негізделді:
- Жергілікті шикізаттан өндіру. Қант қызылшасы өнімі 460-500 мың тоннаны құрайды. Одан 50-75 мың тонна қант алынады.
- Импортты шикі-қанттан өндіру. Өнім әрқалай мерзімдерде шамамен 250-400 мың тоннаны құрады.
Алайда 2016 жылдан бастап жағдай басқаша сипат ала бастады.
– Теңгенің ұзақ жылдар бойы рубльге қатысты тұрақты бағамы, шикі-қант пен дайын қант бағаларының бір-біріне жақындығы біртіндеп Ресейден жеткізілетін дайын қанттың көлемін арттыруға ықпал етті. Ал бұл – Бразилиядан жеткізілетін шикі-қант көлемінің қысқаруына әкеп соқты. Сөйтіп отандық өндіріс қысқара бастады. Қазір геосаяси ахуалға баланысты елімізде қант тапшылығы орнаған шақта отандық өндірістің жеткілікті деңгейде емес екендігі айқын байқалуда, – дейді Т. Дауранов.
Қант тапшылығына қатысты жағдай осылай қала бере ме?
Таяуда Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтында 2022 жылғы 31 тамызға дейінгі мерзімде қантты баж салығынсыз енгізу түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы хабарлама жарияланды. Онда Қазақстанға 250 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін қант кедендік әкелім бажынан босатылатындығы көрсетілген.
– Бұл шара ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің ішкі нарығын қантпен қамтамасыз ету мәселесін уақытша шешуі мүмкін. Әрі шикі-қантты жеткізу бойынша жаңа келісім-шарттар жасасып алуға мүмкіндік береді. Алайда алдағы 2-3 апта барысында қант тапшылығы әлі де қатты сезіледі. Осы уақыт ішінде қант жеткізуді жолға қойып, отандық зауыттардың өндірістік қуатын арттыру қажет, – деп сөзін қорытындылады Jusan Analytics талдаушысы.
Jusan Analytics зерттеу орталығы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір