Фото: Автордікі
Байы мен кедейінің арасы аспан мен жердей алшақтаған бүгінгінің адамы, мына біздер – қу дүниеге көп алаңдап, соның соңынан қуамыз. Аранымыздың ашылғаны соншалық, 999,9-пробалы сары алтынды жазбай айыратын көзіміз, күнде жанымызда жүрген асыл Адамдарды көрмейтін боп барады...
Айтпағым, қазір, қарынның қамы мен қарақан басымыздың күйін күйттейміз деп жүріп, тұтас ұлттың ұлы қазанына маңдай терімен еселеп үлес қосып жатқан жандарды елеп-ескеру, оларды бағалау туралы еді.
Сөзге де жырға да ағып тұрған, атадан алабөтен айрықша асып туған дәстүрлі жыршы Әбіш Әділбек сондай жандардың бірі әрі бірегейі. Өмірін мал жинаумен емес, ар-ұждан, рухани байлық жинаумен мәнді етіп келе жатқан ол – саналы ғұмырында прокуратурада, заң саласында қызмет атқарса да, қолынан қара домбырасын тастамаған сирек болмыс иесі. Ұлттық өнерге адалдығы ғой. Атасы Нүсіпәлі, қазақ шежіресіне жетік, Құранды да жатқа білетін жады күшті қари, сұңғыла кісі болған дейді. Өз әкесі Баймұханбет ауыл-ел ішіндегі той-томалақта қыз-жігіт айтыстарына қатысып, қарсыласына есе жібермейтін ағып тұрған ақын болған.
Әбіш ағаның өз басына келсек, қазақтың рухани інжу-маржандары – ғибратты терме-толғауларын, тарихи жыр-дастандарын таңды-таңға ұрып жырлайды. Жыршы, термеші, жырау, сазгер, фольклоршы, ақын... Бір сөзбен айтқанда, көп қырлы талант иесі!
Былтыр "Жыраулар сөзі – тарихтың көзі" деген кітабы мен "Елдік пен Ерліктің шежіре жырлары" атты аудио-дискісі жарық көрді. Ең қызығы, Республиканың әр өңіріне өз аяғымен барып, таныстырылымдарын өткізіп, кітабын облыстық кітапханаларға сыйға тартып келеді.
Бағасын білгенге, бұл кітап пен өзі орындаған терме, жыр-дастандар дискі-таспасының құны – құйма алтыннан бір де кем емес! Ұлт мәдениет-өнеріне қосылған құнды да құнарлы қазына!
Кітапқа Әбіш Әділбектің орындауында 24 жыр-терме топтастырылып, мақам-нотасы қоса берілген. Және мұнда бұрын жария болмаған, осыған дейін ешкім жырламаған, кейбіреулерінің атын айтуға тиым салынған ақын-жыраулардың тың туындылары еніпті.
Автор ұлттың рухын көтеру мен жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру сынды сындарлы да биік мақсатты көздей отырып, терең тарих қатпарларына бойлататын терме-толғаулар мен жыр-дастандарды, яғни: 8-ғасырдағы тасқа қашалып жазылған Иоллығ-Тегіннің Күлтегін батыр жырын, 13-ғасырдағы Кетбұға, Зар заман Асан Қайғы, 18- ғасырдағы Саршуаш, Қабан, Сабдалы жыраулардың, 19- ғасырдағы Құлмамбет, Бақтыбай, Жүсіпбек қожа, Бөлтірік, Көдек, Шарғын сияқты жыр жампоздарының тың туындыларын топтастырған. Жоғарыда айтқанымыздай, оларды жеке-жеке төл мақамымен жырлап, ноталарын қоса өрнектеп берген.
Бұл – автордың ұзақ жылдар талмай іздене жүріп, сирек қолжазбалар қоры мен жазба мұрағаттардан, ауыл-ел аралай жүріп, құйма құлақ көнекөз қариялар аузынан там-тұмдап жинап-терген орасан зор еңбегінің жемісі. "Өшкенді жандырып, өлгенді тірілту" деген осындай-ақ болар!
Міне, осынау құнды еңбек бүгінде Қазақстан кітапханаларына тарап жатыр.
Алқынып-аптықпай, ақырын жүріп-ақ қазаққа, ел руханияты мен тарихи-мәдени мұрасына беріле қызмет етіп, жас ұрпақтың кәдесіне жарарлық бірегей құнды еңбек тудырған Әбіш Әділбек, соңғы айларда Жетісу өңірі мен сонау батыстағы Ақтау және Көкшетау облыстық кітапханаларында қызықты кітап таныстырылымдарын өткізіп қайтты. Ол өзінің мұндай жарқын істерінің әлі де жалғасын табатындығына сенімді.
Маржан Тұрысбекқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір