Фото: РИА Новости/Екатерина Штукина
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведев "ВКонтакте" желісінде Қазақстанға қарата басқыншы сөздер айтылған жазбасын өзі жазбаған болып шықты.
Ресейлік "РИА Новости" басылымына пікір білдірген бұрынғы президентттің көмекшісі Медведевтің парақшасы бұзылғанын, қазіргі уақытта әлеуметтік желі әкімшілігі мен тиісті адамдар оны қайтару бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізген.
Бұған дейін Медведевтің "ВКонтакте" желісіндегі ресми парақшасында Қазақстанды орыстарға геноцид жасап отыр деп айыптаған, КСРО-ны қайта құру керектігі туралы жазба жарияланып, ұзамай өшірілген. Алайда жазбаны скриншот жасап үлгергендер суреттерді желіге таратып жіберді.
Өшірілген жазбада тоқсаныншы жылдары жіберілген өрескел қателік түзетіліп, егемен елдер болмайтыны, кезінде Кеңес одағына кірген елдер қайтадан бірге өмір сүретіні күмәнсіз екені айтылған.
"Бұған қол жеткізу үшін Ресей күшін де, қаржысын да аяп қалмайды" деген ол "бұл мақсаттағы әрекет басталып кетті, Киевті қарақшы ұлтшылдардан тазартқан соң, Русь мың жыл бұрынғыдай қуатты, жеңілмейтін мемлекетке айналады" дейді.
Жазбада сондай-ақ "XVII ғасырдың басында орыстар Солтүстік Қазақстанның жабайы жерлерін иегере бастағаны", "үш ғасыр бойы орыстар өлкені біртіндеп отарлағаны" аталып өтілген. Қазақстан қолдан жасалған мемлекет екені, қазіргі Атырау мен Семей орыстардың территориясы болғаны, тіпті Алматының өзі 1924 жылға дейін Верный аталып келгені жазылған.
"Қазір Қазақстан билігі республика ішінде этникалық топтарды көшіру бастамаларын көтеріп жүр. Бұл орыстарға жасалған геноцид. Біз бұған көз жұма қарай алмаймыз. Ол жаққа орыстар бармайынша, бейберекет жалғаса береді" делінген жазбада.
Медведев жазбасында Қазақстаннан бөлек Грузияның да аумақтық тұтастығына нұқсан келетін мәлімдемелер бар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір