• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:51:28
Алматы
+35°

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әуебазасындағы сериялық жарылыстардан кейін Ресей 2014 жылы аннекциялап алған Қырымға байланысты сенімді мәлімдеме жасады.

Сейсенбіде Қырымның батысындағы Новофедоровка елдімекеніндегі әскери әуебазада сериялық жарылыстар болған. Украина әуе күштері жарылыс болған базадағы "Саки" әуежайында Ресейдің тоғыз ұшағының көзі жойылғанын мәлім етті. Базаны Ресей Украинаның ішкі жағына соққы жасау үшін қолданып келген.

ВВС-дің жазуынша, жарылысқа байланысты қос тарап таратқан ақпарат әртүрлі. Ресей қорғаныс министрлігі жарылыс оқ-дәрілердің отқа орануы салдарынан болды десе, ресми Киев жарылысқа қатысы жоқ екенін айтады.

Соғысты зерттеумен айналысатын ISW орталығы Ресей өзінің әуе қорғанысы нашар екенін әшкере етіп алмас үшін жарылысқа Украинаны айыптай алмай отырғанын хабарлады.

Өткен айда Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведев Украина Қырымға шабуылдайтын болса, қиямет күні орнайтынын мәлім еткеннен кейін сарапшылар Қырымға шабуылға Мәскеу үлкен күшпен жауап беруі мүмкін екенін жеткізген.

Украина президенті де кезекті сөзінде жарылыс туралы ешнәрсе демеді, бірақ Қырым туралы сенімді мәлімдемелер жасады.

"Біз Ресей соғысы Қырымды басып алудан басталғанын ұмытпаймыз. Бұл соғыс енді Қырымның азат етілуімен аяқталуы керек" деді ол.

Зеленский бұған дейін Ресей соғыс басталған 24 ақпанға дейінгі позициясына қайтып келсе, бейбітшілікті орнатуға келісетінін айтқан. Енді 24 ақпанға дейін Ресей қарамағында болып келген Қырым мәселесін қозғап отыр. Оның мұндай батыл мәлімдемесі ұрыс майданында Украина күштері басымдыққа ие болып жатқанын айғақтауы ықтимал. Қазіргі таңда әскери қақтығыстар негізінен Украинаның шығысында болып жатыр.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Украинадағы соғыс

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір