Фото: mgorod.kz
БҚО Мамандандырылған тергеу соты Полиция департаменті тергеушісінің кәсіпкердің өліміне күдіктілер – 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарады, деп хабарлады Мой город порталы.
Сот отырысында "Рахат Лукум" караоке-ресторанының иесі Еркін Мұханғалиев өліміне қатысты жайттар айтылды. Оқиға төмендегідей өрбиді.
6 тамызда Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді кәсіпкермен кездеседі. Кездесу кезінде Қожантаев пышақ алып, кәсіпкердің мойны мен кеуде тұсынан 3 рет соққы жасайды. Осы сәтте Тұрлан Амангелді де пышағын шығарып, ресторан қызметкерін қорқытып, оның қашуына жол бермейді.
– Мұханғалиев өз өмірін құтқарып қалу үшін ашық тұрған терезе арқылы қашуға тырысады. Бұл уақытта Қожантаев оған тағы бірнеше рет пышақ сұғып алады. Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы көлік тұрағына қашады. Күдіктілер оны қуып жетіп, Амангелді оны жерге құлатады да аяғымен тепкілейді. Содан соң Амангелді Қожантаевтың пышағын сұрап алып, кемі 6 рет пышақ сұғып алады. Ауыр жарақат алған Мұханғалиев оқиға орнында қаза табады. Қожантаев пен Амангелді оқиға орнынан қашып кетеді, – деді прокурор Тажғалиев.
Сараптама қорытындысы бойынша, Мұханғалиевтің өліміне мойын, кеуде, бел аймағындағы пышақ жарақаттары, сол жақ ұйқы артериясының, оң бүйректің зақымдануы және маңдай сүйектерінің сынуы себеп болған.
– Қожантаев пен Амангелдінің тұрақты табыс көзі жоқтығын, олардың аса ауыр қылмыс жасағанын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанын ескерсек, олар жасырынып, объективті тергеуге кедергі келтіру мүмкін, куәгерлер мен жәбірленушілерге қысым көрсетуі ықтимал деп топшылауға жеткілікті негіз бар. Соттан полиция бөлімі тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Қожантаев пен Амангелдіні 2 айға қамауға алуды санкциялауды сұраймын, – деді прокурор.
Руслан Қожантаевтың өзі тергеу дәлелдерімен келіспейді. Ол 2 әйелі, балалары барын, екінші әйелінің айы-күні жақын екенін айтып, соттан өзін 2 айға қамауға алмауды сұрады.
Ал, Тұрлан Амангелді сотта Руслан Қожантаевтан қысым көргенін, сол күні Қожантаевпен бірге ресторанға баруға мәжбүр болғанын айтты.
2 күдікті де бұрын-соңды сотталмаған.
Судья Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді 2 айға қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Тергеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін айыпталушылар қамауда болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір