• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қазан, 16:42:35
Алматы
+8°

Тоқаев мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы бастама көтергеннен кейін саяси додаға президенттің өзінен басқа кім түседі деген заңды сауал туады.

Президент мәлімдемесіне алғаш реакция танытқан 2019 жылғы сайлауға қатысқан саясаткер Әміржан Қосанов болды. Ол бұл жолғы додаға да қатысуға қарсы еместігін жеткізді. Алайда Қосановты халық алдыңғыдай қолдай қоя ма? Ол жағы үлкен сұрақ...

Бұрынғы коммунистер, қазіргі Қазақстан халық партиясы үміткер ұсынбайтынын, "Amanat" Тоқаевтың курсын қолдайтынын мәлім етті. Әсілі Тоқаев партия қатарынан шығып кетсе де сайлауға "Amanat" атынан ұсынылады. Ақжол, ЖСДП, Ауыл партиялары үміткер ұсыну-ұсынбау мәселесін әлі нақты шешпеген. Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы да мәселені алдағы уақытта қарастыратынын хабарлады.

Ел ішінде президент болуға амбициясы бар делінетін Бауыржан Байбек пен Нұрлан Нығматулин қаңтар оқиғасынан кейін биліктен аластатылған. Қазір қайда, не істеп жүр, бұл туралы ашық, ресми ақпарат жоқ. Есесіне екеуі де қылмыстық іс фигуранты болуы мүмкін деген әңгіме бар. Егер бұл рас болса, онда олардың президенттікке жарысқа түсуге мұршасы да жоқ. Аяқасты тәуелсіз түрде таққа талас жолына қосылар болса, алдағы сайлаудың көркін қыздырар еді.

Иманғали Тасмағамбетов. 2019 жылдан бері зейнет демалысында болғанмен әлі қаусап тұрған жоқ. Қазіргі президенттен де жас. Оның үстіне оған ықыласты адам да аз емес. Алайда ол ықыласты топ Тасмағамбетов Ақорданың ойын ережесімен жүргенін емес, жеке өзі көптің сөзін сөйлеп шыққанын қалайды. Ал оны Тасмағамбетов қалай ма? Ондай тәуекелге бара ала ма? Бұл да үлкен сұрақ.

Қазақстанда президенттікке кандидат адам 40 жастан асқан, соңғы 15 жылда елде тұрған, 5 жыл мемлекеттік қызметте істеген болуы керек деген талап барын ескергенде, саясатпен шұғылданып жүрген азаматтардың ішінде үміткер болуға жарарлығы тіптен тарылып қалады.

Соңғы уақытта саяси белсенділігін жандандырған Болат Әбілов негізінен бизнеспен айналысқан, тек бір-екі жыл депутат болғаны бар. Жанболат Мамай мемқызметпен бір күн де айналыспаған, оның үстіне жасы да жетпейді, әрі жарты жылдан бері түрмеде. "HAQ" қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева да мемлекеттік қызметте істемеген. Биыл 8 наурызда саясатпен айналысушы әйелдер көп болуы керек митинг өткізген белсенділер де мемлекеттік емес секторда қызмет етеді, әрі көбі тым жас. Мұхтар Жәкішев пен Ғалымжан Жақиянов істі болған, кейінгісі бірнеше жылдар бері шетелде. Қажыгелдин туған топырағын баспағалы жиырма жылдан асты. Әрі кейінгі үшеуін қоғамның кей өкілдері аттай қаласа да олардың өзі президенттікке таласа қояды деу қиын.

Бүгінде саяси алаңда өзін көрсетіп жүрген Мұхтар Тайжан мен Санжар Боқаев жоғарыдағы заң талабына сай келіп қалуы мүмкін. Тайжан президент әкімшілігінде 4 жыл, кейін ұлттық компанияларда, акционерлік қоғамдарда істеген. Санжар Боқаев бірнеше басқармаларға жетекшілік еткен, қысқа уақыт президент әкімшілігінде істеген. Алайда қос азамат та сайлауға қатысу туралы әзірге тіс жармады. Тайжан тіпті президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге қарсы шығып, оппозицияны осы мәселе төңірегінде топтасуға шақырды.

Заңға сай, президент мәлімдемесінен кейін екі ай ішінде сайлау өтуге тиіс. Бұл – сайлау компаниясын жан-жақты өткізуге тым қысқа, тіптен 60 күнде ол мүмкін емес те. Қазіргі президентке шынайы бәсекелес болам деген адамға еш мүмкіндік жоқ. Сонда Тоқаев өзі кіммен жарыспақ? Қуыршақ кандидаттармен бе, әлде алда-жалқа соңғы тұяқ серпу ретінде шыға қалуы бек мүмкін қолында еш ресурсы жоқ ескі оппозиция өкілімен бе? Не де болса, алдағы екі ай бедері қызыққа ьолы болғалы тұр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір