• USD 476.89

  • EUR 462.2

  • RUB 8.31

  • CNY 66.64

30 Қыркүйек, 19:42:42
Алматы
+8°

Бүгін Алматыда оппозициялық көзқарастағы саясаткер, қоғам белсендісі, тәуелсіз бақылаушылардан тұратын топ мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу бастамасына байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, Демократиялық күштер коалициясын құратынын мәлімдеп, билікке үндеу жолдады.

Коалицияны құрушы топ Қазақстанда шынайы саяси реформа жасалмайынша, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу мәні жоқ екенін айтып, билікке сыншыл, билікке қарсы көзқарастағы барлық саяси күштер мен азаматтарды алдағы сайлауды күн тәртібінен алып тастау идеясы төңірегінде топтасуға шақырды.

Топ мүшелері дөңгеле отырып, кезегімен көз алды.

 

Саясаткер, бизнесмен Болат Әбілов бүгінгі президент Қ.Тоқаев өзіне дейінгі Н.Назарбаев құрған жүйемен жүріп келе жатқанын, Қазақстан қоғамы тәуелсіздіктен бері 30 жылын ұрлатып алғанын, енді тағы ондаған жылын ұрлата алмайтынын атап өтті. Ол бүгінгі жүйені бандиттік жүйе деп атап, оған тоқтау болуы керектігін жеткізді. Жиналғандар мұндай талаппен келісіп, үндеуге қосуға уағдаласты.

 

Ынталы топ мүшесі, "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова әлеуметтік желі арқылы үндеу, жалғызадамдық пикет, жаппай митинг секілді іс-шаралар арқылы билікті үндеу талаптарын орындауға мәжбүрлеу керектігін, қажет болса, "қаңтарды" қайталау керектігін айтты. Алайда соған қарамастан үкімет сайлауды өткізетін болса, ортақ кандидат шығарып, жер-жердегі учаскелерді жаппай бақылайтынын, тіпті ортақ кандидат шықпай жатса, жаппай бақылау түрінде сайлауға бойкот жариялайтындарын мәлім етті. "Рингке шықпай жатып жеңілуге болмайды" деген ол идея төңіренгінде топтасудың маңызын атап өтті.

 

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да идея үшін жеке араздықты, көзқарас қайшылығын қоя тұрып, бірігуге үндеді. Айтуынша, дәл қазір әркім әр жаққа тартып, араздасып, бас бірікпесе, Қазақстанда тағы диктатура орнайды. Ол президент сайлауын уақытында өткізіп, оған дейін сайлау туралы, бейбіт жиындар туралы, саяси партиялар туралы заңдарды шынайы саяси реформаға бастайтындай өзгерту керектігін айтты. Тайжан президентке жеке үндеу тастай отырып, коалиция талабы орындалмаса, көшеге күллі халықты алып шығуға уәде берді.

 

Қоғам белсендісі Серікжан Мәмбетәлин сайлауда Қ.Тоқаев жеңіп, халық көтерілсе, билік тағы да Ресейден әскер кіргізеді деп санайды.

 

Саясаткер Рысбек Сәрсенбай сайлауды өткізбеуге әркімді атсалысуға шақырды. Ол полицияның есерсоқтығын тоқтату, әскерді күшейту туралы пунттерді үндеуге қосу керектігін айта кетті.

 

Фото: Qamshy.kz

Жиында арнайы Жаңаөзеннен келген, Қаңтар қозғалысына қатысқан белсенділер, марқұм Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов сөз сөйлеп, коалицияны қолдайтынын білдірді. Арасында эмоцияға беріліп, билікті айыптап тақырыпқа қатысты-қатыссыз әңгімелерді айтып кеткендер де кездесті. Жиынға келгендер арасында билік коалиция талабын ескермейтінін, сондықтан оппозиция атынан ортақ кандидат ұсыну қажеттігін айтқандар көп болды.

Фото: Qamshy.kz

 

Журналист Гүлжан Ерғалиева оппозиция уақытын жоғалтпай, праймериз өткізіп, ортақ кандидат ұсыну керек, мұндай мүмкіндік енді тек 10 жылдан кейін ғана келеді деген пікірде. Өз басы журналист Ермұрат Бапиді лайық кандидат деп санайтынын жеткізді. Бапидің кандидатурасына коалицияның өзге де өкілдері қарсы еместігін білдіріп, тек бұл мәселе кейін қаралуға тиістігін айтты.

 

Жиынға келгендер арасында егер оппозиция атынан ортақ кандидат ұсынылып жатса, кандидат дауыс берушілердің сенімін аяқасты етіп кетпей ме деп сұрағандар табылды. Бұл сұраққа жауап берген Мұхтар Тайжан ортақ кандидат ұсынылар болса, онымен барлық жағдай талқыланып, жазбаша түрде келісім жасалатынын, ешкім ешкімді лақтырып кетпейтінін айтты.

 

Ортаға билікке сыншыл көзқарастағы саясатта жүрген өзге азаматтар бүгінгі жиында неге жоқ деген сауал да тасталды.

Коалиция құрушы топ саясатта жүрген барлық азаматтарға хабарластық, және бәріне есігіміз ашық деп отыр. Мұхтар Тайжан жеке араздығына қарамастан кәсіпкер Марғұлан Сейсембайды, ауыл шаруашылығы маманы Алмасбек Садырбаевты, шетелдегі саясаткер Әкежан Қажыгелдинді мессенджердегі чатқа қосқанын жеткізді. Рысбек Сәрсембайдың сөзінше, оппозициялық саясаткер, "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының мүшесі Жасарал Қуанышалин коалицияға қосылу-қосылмау туралы жауабын жақтастарымен ақылдасқан соң беремін десе, Болат Әбілов саясаттанушы, "Намыз" партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Санжан Боқаев бүгінгі жиынға келем де келмегенін, жақында саяси партия құратындарын жариялаған бір топ кәсіпкердің қатарында болған Бейбіт Әлібеков ойнануы керектігін жеткізгенін айтады.

 

Мұхтар Тайжан жақында президент әкімшілігінің адамдарымен сөйлескенін, оларға "жеке-жеке емес, коалицияның барлық мүшесімен бірге кездесейік" дегенін атап өтті.

Жиын барысында үндеу дауысқа салынып, көпшілік даусымен қабылданды. Енді құжат Ақордаға жолданбақ.

Үндеу мәтінінің толық нұсқасы төменде ұсынылып отыр.

Қазақстан Халқына

ҚР президенті Қ.-Ж.К.Тоқаевқа

ҚР сенатының төрағасы М.С.Әшімбаевқа

ҚР мәжілісінің төрағасы Е.Ж.Қошановқа

Демократиялық күштер коалициясын құрушы азаматтардың мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтылған кезектен тыс президент сайлауына қатысты

ҮНДЕУІ

Біз Отанымыздың, халқымыздың алдағы тағдырына алаңдаймыз. Тәуелсіздіктен, мемлекеттіліктен айырылып қалу қаупі үдеп барады. Шынайы демократиялық бағыттан ауытқу одан әрі жалғасты. Суперпрезиденттік жүйені қайта жандандыру әрекеттері жымысқылықпен іске асып жатыр. Бұл президенттің таяудағы, қыркүйектегі жолдауынан да айқын байқалды.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу, президенттік мерзімді жеті жылға дейін ұзарту, алдағы уақытта да билік басында отыра беру, қазақ тілін қосақталған деңгейде қалдыру жөніндегі Тоқаевтың ұстанымдарын қолдамаймыз! Біз мұның бәрін қоғамда қарсылық тудыратын демократиялық құндылықтардан бастарту, назарбаевтық жекебастық, авторитарлық, тотаритарлық жүйені жаңғырту деп есептейміз! Және бұған жол берілмейтіндігін мәлімдейміз! Мемлекет, халық алдындағы жауапкершілікті сезіне, оны өз мойнымызға ала отырып, біз барша демократиялық күштерді – оппозициядағы саясаткерлерді, тіркелген, тіркелмеген ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілерін, белсенді мүшелерін, саясаттанушыларды, азаматтар құқығын қорғаушыларды, күреске әзір барлық адамдарды қатарымызға қосылуға шақырамыз.

Біздің билік басындағыларға қоятын талаптарымыз:

- Кезектен тыс президенттік сайлау күн тәртібінен алынып тасталсын! Ондай сайлау өткізуге ешқандай қажеттілік туған жоқ. «Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және жан-жақты реформаларды сәтімен іске асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты керек» деген Тоқаевтың сылтауы – көзбояушылық. Әділетті Қазақстан құру үшін нақтылы саяси реформалар қажет. Ал ол реформаны іске асыру үшін халықтан жаңадан сенім мандатын сұрап, кезектен тыс сайлау өткізбей-ақ қойсын. Тек қоғаммен санасып, «Сайлау туралы», Саяси партиялар туралы, жиын бостандығы туралы заңдарды халықаралық нормаларға сәйкестендірсе, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін, еркін, таза сайлау өткізуге кедергі келтіретін, назарбаевтық тәсілмен жасалған баптарды алып тастаса болғаны. Сайлау комиссияларын құруды өзгерту, оның құрамын түбегейлі өзгерту талаптарын орындасын. Бақылаушылардың, журналистердің сайлау барысындағы қызметтері шектелмесін, ашықтыққа, жариялылыққа жол ашылсын. Осындай алғышарттар жасалған соң таза, әділ сайлау өткізсін. Халық сонда өз таңдауын жасайды. Демек, Әділетті Қазақстан құру үшін президент Тоқаевтан керегі – саяси ерік-жігер, адалдық, батылдық, сөзде тұрушылық!

-Президенттік мерзімді жеті жылға созу жөніндегі президент ұсынысы қабылданбасын! Конституцияны «жасанды референдумнан» кейін тағы да жұлмалау, түстен шошып оянғандай болу президентке жараспайды. Бұрынғы кезеңде өзгертіліп, қайта қалпына келтірілген мерзімді тағы да қайталау – жекебастық мүдденің қамы.

- Президент сайлауы өз кезегімен 2024 жылы өткізілсін! Оған дейін президент қызметінде отырған, легитимді емес президент саналған Қ.Ж.Тоқаев өзі уәде еткен саяси реформаны шынайылықпен, нақтылы қолға алсын.

- Саяси партияларды тіркеуге қойылған кедергілер алынып тасталсын! Заңдағы жөнсіздіктер дереу арада түзетілмейінше, Әділет министрлігі арқылы тіркеу тәртібін алып тастамайынша, азаматтардың ұйымдарға бірлесу, мемлекетті басқару ісіне араласу құқығы шектеле беретін болады.

- 2022 жылғы қаңтардағы қырғын қасыреті бойынша жауапкершілікті мойнына алсын! Жаппай тәртіп бұзушылыққа қатысты делінген әртүрлі айыптармен қозғалған қылмыстық істер қысқартылсын! Дәлелсіз, айғақсыз, азаптау, қинау арқылы «мойындатылған» кінәлары үшін сотталғандардың істері қайта қаралсын. Саяси қудалаудағы барлық саясаткерлерге, белсенділерге бостандық берілсін.

- Жоғарыдағы талаптар орындалмаған жағдайда, Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматы ретінде алдағы сайлауларда президенттікке үміткер болып түсуіне, тіркелуіне моралдық, саяси құқығы жоқ деп есептелсін! Халық сенімінен айырылған адамға халық ешқашан да жаңа сенім мандатын бермейтіндігін жария түрде ескертеміз. Біз назарбаевтық билік жүйесін өз ыңғайына орайластыратын, жемқор, сатқын, жағымпаз, біліксіз тобырлардың мемлекетті басқаруына қарсымыз.

- Халық ұсынған азаматтар арасынан президент болуға лайықты тұлғаларды қазірден іріктеп, талқыға салып, сайлауға дайын тұруымыз керек. Ортақ үміткерді қолдайық! Бұл кезектен тыс сайлауды қолдағандық емес. Билік басындағылардың «заңдастырып» алған ойын ережесін өзгертпейінше, сайлау нәтижесінің баяғыдағыдай болары анық. Сондықтан біз күллі қазақстандықтарды мынаған шақырамыз:

- президенттен, қос палатаның төрағаларынан және барлық депутаттардан саяси реформа жасау жөніндегі жоғарыдағы талаптарды орындатқызуды алаңдарға, көшелерге шығып талап етейік!

Бұл күресте бір болатындығымызды, көзқарастар мен ұстанымдардағы өзгешеліктерді, келіспеушіліктерді ысырып тастап, Демократиялық күштер коалициясы төңірегіне топтасатынымызды тағы да мәлімдейміз және баршаңызды білек түйістіруге шақырамыз!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір