• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 15:33:59
Алматы
+12°

Тілеуберді Әбенайұлы/Дәулетбек Байтұрсынұлы

Тарихшы, аудармашы, зерттеуші ғалым, көрнекті шыңғысхантанушы Тілеуберді Әбенайұлы өмірден өтіп кеткеніне бір жылдан асты. Ол артына жалпы 15 кітап қалдырды. Бауыры кәсіпкер Тілеубай Базарбекұлының жинақтап топтастыруы арқасында толық шығармалар жинағы он том болып жарық көрді. Өлшеусіз еңбек еткен ғалым өткел бермес Шыңғысхан тақырыбына батыл қалам тербеп, тарихқа төңкеріс ашқан зерттеуші ретінде таңғаларлық сеңбұзар ізденістер жасады. Ол туралы білгісі келген адам оның он томын оқыса көздері жетеді. Мен соноу 2006-жылдан бастап шығармашылық қарым-қатынаста болып, оның күллі кітаптарын оқып шықтым. Тіршілігінде ол екеуміз ретін тауып сұқбаттар жасаушы едік. Сондай бір емен-жарқын әңгімені жазып алғамын. Оны күнделік формасындағы «Өмірдің өзі» кітабыма енгізгемін. Марқұмды еске алу мақсатында оның ақжарма әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмын.

жинақ

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі

 

Кіріспе

Тарихшы, ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі, шығыстанушы, аудармашы Тілеуберді Әбенайұлының Алматы облыстық «Жетісу» газетіне шыққан ««Марко Полоның саяхат естелігі» және қазақ тарихы» атты мақаласын осы жылдың 30-шілде және 8-тамыздағы нөмірлерінде беріпті. Автор мақаланың басындағы кіріспеде: «Марко Поло қазіргі Италия жеріндегі Венеция қаласының орта ғасырлық тұрғыны болып, сондағы бай саудагердің отбасында, шамамен 1253-1254 жылдары дүниеге келген. Ол іштегі кезінде әкесі – Николас Поло мен көкесі Маттео Поло шығысқа Құбылай қаған ордасына аттанады да, сауда ісімен және қаған тапсырған міндетті ада қылу жайымен болып кетіп, еліне оншақты жыл бойы орала алмай қалады. Олар Бағдаттағы папаға Құбылай қағанның хатын тапсыра барғанда, бұрынғы патшасы бақилық болған, жаңасы әлі міндетке толық кіріспеген оқиғаға душар келеді. Сөйтіп, ағайынды екеуі осы орайда еліне барып қайтуды жоспарлайды. Үйлеріне келгенде білгендеріндей (1269 жылдар шамасында), отбасында көптеген ауырлы-жеңілді жағдайлар болған екен. Ең маңыздысы Николастың ауыраяқ қалған кіші әйелі аман-есен босанып, баласы он бес, он алты жастардағы бозбала болып қалғанын көріп, көзайым болысады. Міне, сол бала Марко поло еді», – деп бастапты мақаласын. Онан ары көп мәселені айта келіп, «Біз қаузаған нұсқасы, соның 1307 жылғы тұңғыш көшірмесі негізінде жасалған қытайша аудармасы болатын. Қытайшаға 1935 жылы аударған Фың Чың-жүн еді», – деп ескертіпті. «...Осынау ұлы тарихи құжаттың өмірге келуі де өте қызғылықты. 1298 жылдары Венеция және Генуя сынды екі аймақ арасында қақтығыс орын алып, Марко Поло қарсы жақ тарапынан тұтқындалып, абақтыға жабылады. Оның бақытына орай, қамақтасы білімдар, жазушы адам болып шыққан. Ол Рустисиян есімді Пиза тұрғыны екен, екеуара әңгімеден соң Марко Полоның өзі оның құрмет сезімін және зор қызығушылығын қозғайды. Ақырғы есепте, Поло әңгімесін айтып отырады да, Рустисиян мырза күн сайын жүйелеп хатқа түсірумен болады». Бұл естеліктің жазылу себебіне тоқталсақ, егер еліне келген соң, әлгі соғысқа қатынасып, тұтқынға түспегенде, абақтыда жазушыға жолықпағанда, бұл еңбек жазылмас еді. Тіпті Марко Поло деген есімді біз естімейтін де едік. Бұл жеті ғасырдың алдындағы оқиғалар тарихпен бірге көшіп, жел айдап, су шайып жоқ болып кетер еді. Хатқа түскен еңбектің құдіреті деген осы болар. Марко Поло 17 жыл, әкесі мен көкесі алдынғы мезгілдермен қосып есептегенде 26 жыл Құбылайхан ордасында қызмет етеді. Италияның Венециясынан Ханбалықтағы Құбылайхан ордасына (Бейжіңге) барарда құрлықпен жүріп, қайтарда Қағанның тапсырмасымен теңізбен қайтады екен. «Әз оқырман, «Марко Поло саяхат естелігі» атты түпнұсқа тарихи құжаттың қазақ-түрік тарихы тұрғысынан маңыздылығы міне осындай, ол көптеген тарихи деректердің шын мәнін ашып бере алады. Сондықтан отандық тарихтанушылар мен басқа да зерттеушілер оған баса назар аударғандары дұрыс. Батыс және қытай зерттеушілері жоғарыда аттары аталған саяхатшылардың еңбектеріндегі ономастикалық атауларда, айталық, этноним, антропоним, сондай-ақ топоним, гидроним қатарлылар да түркі тілінің өте күшті ықпалы бар деп қарайды. Олар жылдар бойы, тіпті ширек ғасырдан артық уақыт ордаға қызмет ете отырып, неліктен моңғол тілінің емес, түрік тілінің ықпалына ұшыраған? Демек, бұл деректер – Шыңғысхан әулетінің ордасы түрік әдеби тілінде, яғни ежелгі қақания, сол кездегі шағатай тілінде сөйлегенінің ең нақты дәлелі болып табылады. Ал, Марко Полоның өзі татар тілінде, яғни түрік әдеби тілінде сөйлей де, жаза да білгенін ескерсек, оның осынау саяхат естелгі әуел баста түрікше қолжазбада болғаны даусыз. Әйтпесе оның соншалықты көп атаулармен сандық мәліметтерді, нақты маршурттармен даталарды жазушы РУСТИСИЯН-ға жатқа айтып бере алуы мүмкін емес. Қорыта айтқанда, П.Карпини, У.Г.Рубрук, М.Поло қатарлы батыстықтардың саяхат естеліктерінде туркизм болуы – Шыңғысхан және оның мұрагерлері түрік текті болғанының аса сенімді тарихи құжаттық дәлелдері болмақ». Мен, осы мақаланы оқып шыққан соң, қатты әсерлендім. Бұл, біріншіден, тарихи еңбекке деген құрмет. Екіншіден, тарихшы бауырымның ізденімпаздық біліміне деген сүйініш бойымды биледі. Сонымен, Тілеуберді екеуміздің арамызда осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбіп еді. Төменде сол әңгімемізді ретімен келтірейін.

Сұқбат

Тілеуберді Әбенайұлы:

– Дәуке, мынау өткендегі мақаланың пдф нұсқасы екен. Ғаламторға шықпапты, сосын сізге жолдап отырмын. – Менен ашылды, қазір оқимын! – деп, бірден бастап кеттім. Қызығушылық болған соң екі номердегі екі бет мақала тез оқылды.

Дәулетбек Байтұрсынұлы:

– Ассалаумағалайкум Тілеуберді мырза! Мен осыған дейін сіздің кітаптарыңызды жалғасты оқып келемін. Мына мақалаға дейін сіз аударған П.Карпини мен У.Г.Рубрукті оқып, ол кітаптағы деректерге қатты таң қалып, сіздің ізденісіңізге деген құрметімді паш етіп, «Тыңшыдан жеткен тың дерек» деген мақала жазып, оны «Қазақстан-Заман» газетіне, «Шыңғысхан» журналына жариялаттым. Онан соң «Жетісу» газеті көшіріп басты. Шағын мақала болса да, өзімнің оқырман ретіндегі шынайы әсерім болатын. Ал, мынау Марко Поло туралы жазған мақалаңыз мені тағы да таңғалдырып отыр. 500 беттен асатын үлкен кітапты қытай тілінен оқып, оның негізгі тұстарына шолу жасап, түсіндіре отырып жазғаныңыз үлкен мәлімет, зор білім боларлық. Мұндағы деректер, тарихи оқиғалар өте көп. Кітапта жазылса да, оқырманға түсініксіз болған жәйіттерді де ашалап айтып, өңі өзгеріп кеткен атаулар мен деректерді әуелгі мәнімен жеткізіпсіз. Кітаптағы дүдамал «жапанғу» деген сөзді де оқырманға ұғындырып кетіпсіз. «Жапон» деген атаудың да, ең баста түркілер қойған ат екеніне сендім. Жапан – жапан дала, жапан түз, алыс-қиыр, жырақ мекен... екені анықтала береді. Сіз, Марко Полоның естелігінен Құбылайхан жаулап алғысы келген өлке өзге ғалымдар жазып жүргеніндей мына тұрған Жапония емес, Америка құрлығы екеніне жорамал жасайсыз, дәлелдейсіз. Америка құрлығын ашқан еуропалық Америко мен Коломбы, Магелан емес, қайта Құбылайхан бастаған түркінің қолы екеніне сене бастадым. Өкінішке орай, теңіз дауылына тап болып, көп сандысы суға батып, қалған жиырма мың қолмен кері қайтады. Осылайша бастаған ісін аяқтай алмай теңіз армиясы шегінуге тура келеді. Құбылайхан қолы мына тұрған 500 шақырым жердегі Хонсию, Хохкойдо, Киюсию, Сикако деген төрт аралдан ары асып, он мың шақырымға жуық жердегі Америка құрлығына аяқ басқаны анық.

Тілеуберді Әбенайұлы:

– Мақаланы оқып бітірген екенсіз ғой, тез екенсіз! «Запанғу», «Жапангу» деп отырғаны сол жапан дала, жапан түз, иен дала... дегені екен. Мен «Жапон тізбе аралдары» деп қана атаймын, шынымды айтсам, оның төрт аралдан тұратынын білмейді екенмін. Әнеукүні мақаламда қытай мен жапонның, онан қытай мен американың арасын нақты білмеген соң мөлшерлеп жазып едім, оны сіз дәл айтып отырсыз. Мөлшермен Құбылайхан қосындары теңіз арқылы екі американың түйіліскен тұсына таман барып құрлыққа шығып еді. Мексика шығанағының маңы, Мая мәдениеті қалыптасқан тұсқа барады. Оны олардың көрген алтын бұйымдарынан, суреттеулерінен аңғардым. Бұл жерде Марко Полоның баяндағанына қарап мөлшерледім. Қытай мен Жапон арасын жапон теңізі ғана бөліп тұр. Ол аралыққа маусымдық желдің қажеті жоқ. Маусымдық жел бағытын күтіп бір маусымда барып, бір маусымда келетін жер Америка болуға тиіс. Қосынның оңтүстік қытай теңізінен аттануының өзі олардың бағытының Жапон емес, Америка екеніне дәлел. Мынау жерлік қазақтардың арасында мені сіздей түсінетін, сіз секілді қолдайтын адамдар болған да, маған үлкен қолдау болар еді. Өкінішке орай бұл тақырыпты меңгеріп, анық- қанығына көз жеткізе алатын отандастарым аз болып тұр. Көбі Шыңғысхан тақырыбы зерттеуді қажет етпейтін тұрақтанып, шегеленіп, қатып қалған жабық мәселе секілді көреді. Тарихта не сорақы үлкен қателер болған. Нәсілшілдіктің, кемсітушіліктің, қорқыныштың салдарынан туындайтын қателер, білместікпен жасайтын, қасақана істейтін қателер де болады. Шыңғысхан және оның әулетін тарихта белгісіз моңғолдарға апарып меншіктеп беруі ешбір қисынға келмейтін, әдейі түркілерге жасалған, тарихқа істелген қиянат. Ежелгі «Мағол» сөзімен кешегі «Моңғол» атауын ажырата алмаған олар былықтырып жіберді. Тіпті ертедегі «Татар» атауының түріктің баламасы екеніне де көңіл бөлмеді. Менің еңбектерімді алғашқы 2006 жылдардан бастап газетке шығуына мұрындық болдыңыз, өзіңіз де мақала жазып нәсихат жасадыңыз. Тіпті жүрген жерлеріңізде ылғи да айтып жүресіз. Сізге алғыстан басқа айтарым жоқ. «Жамиғ-аттауарих», «Тарихи-Рашиди», «Бабырнама», «Тарих-и жаһангушай» кітаптарының дерек көздерімен, қисынына жүгінсең бәрі анық тұр. Бүгінгі сөз болып отырған үш саяхатшының, үш кітабының жазбалары да тайға таңба басқандай анық тұр. Сөйте тұра адамдар көздерін тарс жұмып алып, айдауға түсіп алып, дайын жолдан шыққысы келмейді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы:

– Қазірше нақты дәлелденбесе де, Құбылайханның теңіз армиясы Америка құрлығына барғаны туралы Марко Поло туралы кітаптағы сөздерге қарап отырып, сіз сезіп отырсыз. Тағы бір жағынан сол кездегі кеме жасау, теңіз саяхатының ашылуы Құбылайханмен тіке қатысты екенін алға тартып отырсыз. Ол мәселені басқалар айту тұрсын, ол кезде, Құбылайхан заманында «даму болмаған» деп мансұқтайды. Америка құрлығын еуропалық саяхатшылардан көп бұрын, түрік жауынгерлері ашты десе, ешкім сене қоймас. Өйткені бүгінгі адамдардың миы, ойлауы солай қалыптасқан. Бұл мақалаңызды бір мәрте ғана оқу аздық етеді екен, әлде неше рет оқуға тура келеді. Мынау мақаланы жазып шығудың өзі үлкен қажыр-қайраттың туындысы. Мақаланы оқып отырып, сіздің логикалық пайымдарыңыздың ізімен Жапанға (Жапонға), онан ары Америкаға барып қайттым. Осы мақалаңызға тағы сол Марко Поло туралы бірер мақала қосып, түсініктеме жазсаңыз, бір кітаптың төбесі қылтиып тұр. Егер демеуші болса, Алла сізге күш-қуат, денсаулық берсе, сол кітапты толық аударсаңыз болады екен. Қазірге дейін қазақ тіліне аударылғанын білмеймін, егер аударса, олар басқа идеяның жетегімен аударған шығар. Ал, сіз азияттықтардың, яғни түркінің көзілдірігімен аударасыз, құпиясын ашасыз, жұмбағын шешесіз. Сіз, Сы-Ма Чиәнды аудардыңыз ғой, мынау тіпті одан да бізге жақын секілді, көп мағлұмат береді екен. Осыдан 1150 жыл бұрын адамдар атақты екі философ Платон мен Аристотелді бір-біріне қарама-қарсы қойып келіпті. Бірақ екеуін де ақиқат деп мойындапты. Сол кезде өзіне дейінгі осы қайшылықты анықтау үшін Әль-Фараби бабамыз екеуін де оқып, зерттеп, олар туралы түсініктеме жазып, екеуінің «бір ағаштың екі басын айтып жатқанын, түбі бір ақиқатты ашушылар» екенін дәлелдеп, бірлікке келтіріп, жаңа философияның әлемін ашыпты. Әрине, сізді әлемнің екінші ұстазы Әль-Фарабиге теңеп отырғаным жоқ. Десе де, мынау Марко Поло жөніндегі түсініктемеңіз, маған сол он ғасыр бұрынғы оқиғаны есіме салды. Сөзіңізден Марко Поло сол кездегі орда тілін жақсы білген және жазған деп отырсыз. Тағы да ол бұл кітаптың әуелгі нұсқасын өзі шағатайша жазған болуы мүмкін, жазушы Рустисиян толықтырушы, немесе аудармашы болуы да ғажап емес деген жорамал айтасыз. Марко Поло жөніндегі әңгімелерді досым Серік Ыдырысұлы көп айтатын, ол бір жерден оқығаны анық. Одан өткенде сіз әңгімелеп бергенсіз, енді міне, мақалаңыздан өзім оқыдым. Оқыған сайын ентелеп, көзім ашылды, көңіліме жарық құйылды. Социализм және орыс идеясымен қаруланған ғалымдар, осы сіз айтқан жағдайларды көрмей келгені анық. Олардың бәрі Шыңғысхан және оның әулеттерін моңғол санап келді, анау түріктерге қатысты жерінің бәрін кездейсоқтық деп қараған болар. Ал, сіздің жөніңіз мүлде бөлек. Айта берсем әңгіме ұзарып кетеді, бабаларымыздың жер бетінде бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Құрлықпен де, теңізбен де әлемді жаулапты, ұшқан құстай заулапты. Ізі жарқырап жатыр, шаң басқаны болмаса, сорабы анық. Басқалар қазақ хандығының атасы Жошыдан басталады десе, сіз, неге оның әкесі Шыңғысханнан басталмау керек деп, Қазақ хандығының сара жолы Шыңғысханнан басталады, өйткені ол өзіміздің Жетісудан түлеп ұшқан қыран еді, Батысқа да, Шығысқа да жер кіндігі Жетісудан көшті қозғады деп сенімді түрде дәлелдейсіз. Басқалар үлкен орда Қарақұрым қаласы Қиыр Шығыстағы моңғол жерінде деп аспандағы қаздың сорпасына талқан шылап жесе, сіз ол мына тұрған Іле өзенінің бойынан Ту көтергенін батыл айтасыз. Олар үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бүгінгі моңғол деген жұртқа Шыңғысханды апарып ұстатып қор қылып жүргенін жаздыңыз. Шыңғысхан тарихы қазақтың тарихы екеніне жол аштыңыз. Бұрынғы сан реткі еңбектеріңізбен де, онан анау Күйік пен Мөңкенің кезіндегі Карпини мен Рубруктің жазбасы арқылы, бүгінгі Марко Поло туралы жазба арқылы да, Қарақұрымның алыста емес, мына тұрған Жәркент пен Құлжаның арасында ежелгі Моғолстан хандығының жұртында болғанын нақты қолмен қойғандай етіп сипаттадыңыз. Әңгіме өте көп, мен ылғи айтып келемін, сіз тарихқа түрен салдыңыз, жаңа бір төңкеріс аштыңыз! Сіз сөз жоқ үлкен ғалымсыз, мынау теорияларыңыз дәлелденіп жатса, болашақ ұрпақ сізді «ұлы ғалым» деп айтатыны даусыз. Зерттеулеріңіз бірден мойындала кетпесі анық, одан бері сегіз ғасыр өтті, үш ғасыр бойы отарланып, құлдандық. Мұз қалың, сірескен сең таудай, қайшылық қатты. Сөйте тұра, сіз озық ойлы адамдарға ой салдыңыз, иландырдыңыз. Аз да болса, Марал Ысқақбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қабдеш Жұмәділ, Мұрат Жұрынов секілді ақынжазушы ақсақалдар, мемлекет қызметкері болған, соңғы кезде кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген Қажымұрат Үсенов аға алғашқы болып қолдап, мақала жазды, сізді ғалымдар Ұлттық Ғылым акедемиясының құрметті мүшелігіне өткізді. Бір қызығы, Қабдеш аға Астанадағы үлкен жиналыста Шыңғысханды «Біздің түрік, түрік болғанда ол қазақ», деп айтқаны үшін, моңғол жазушысының шабына от түсіп тулап, шарасыздықпен, ызаға булығып жиналысты тастай қашты. Мен сіздің зерттеулеріңізге дән ризамын. Бұл сөзді сіздің оншақты кітабыңызды оқығандықтан айтып отырмын. Дүрмекке ілесіп, дақпыртқа жығылып отырғамын жоқ. «Теңіздің дәмі тамшысынан» деп, мынау екі номерде жарияланған мақалаңыздың өзі көп шындықтың бетін ашыпты. Еңбегіңіздің бағасы алтыннан қымбат. Сіз, өз атақ-дәрежеңізді бүгінгі таңда ала алмасаңыз да, болашақ ұрпақ сіздің дәуір бөлгіш еңбектер жазғаныңызды мойындайды.

Тілеуберді Әбенайұлы:

– Мен әр жылдың басым көп уақытында өзімді еңбегі еш, тұзы сор болған керексіз адамдай сезінемін. Өйткені менің ашқан ақиқатым ешкімге қажет болмай, іздеусіз, сұраусыз қалатын шақтарым көп болады. Қатты құлазимын. Сондай күй кешіп жүргенімде анау Бексұлтан аға, Марал аға, одан, сіз іздейсіздер, бағалайсыздар. Қажымұрат Үсенов аға еңбегімді бағалап, қатты қолдаушылық танытып, экономикалық жақтан менің тіршілік көзіме айналған кездері көп. Әйтпесе, «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген мақалды сіз жақсы білесіз. Осындай жағдайлардан кейін барып бойыма жан кіріп, рухым серпіле бастайды. Үмітім оянып, қолыма қайтадан қаламымды аламын. Кейбіреулер «Шыңғысхан қазақ болғанда, не өзгере қояды?» деп мазақтайды. Ол біздің түріктік рухымыз, ерлік дастанымыз, қайта тірілудің көзі болар еді. Ертедегі Хұн, Сах, Үйсін, Қыпшақ замандарының заңды жалғасы ретінде Шыңғысхан дәуірі жымдасып жатыр. Байқайсыз ба, жәй жатқан, түк қатысы жоқ моңғол елі Шыңғысханның ат-атағынан нан жеп отыр, күллі дүние оларға назар аударады. Сіздің сөзіңіз маған рухани қуат беріп жатыр, сізге Алла зор қуат берсін! Сіз ұзақ уақыт ұстаз болған, қоғамдық және жаратылыстық ғылымдардан хабарыңыз бар адамсыз. Осыдан он бес жыл бұрын мені ешкім білмейтін кезде, сіз алғашқылардың біреуі болып қолдап, мақаламды газетке шығардыңыз. Содан бері, тоқтаусыз айтып келесіз, көңіл бөлуді бір сәт тоқтатқан жоқсыз, «Шаңырақтағы» суық квартирама да келіп бас сұққансыз. Сізбен әр жолы сөйлескен сайын маған қанат бітеді. Мен жазғанда айта алмай қалған, жете алмай қалған жерлеріме сіздің сөзіңізден шабыт алып, ой туады да шимайымды жалғастырамын, толықтырамын. Сіз айтқандай, мынау Марко Полоны тағы да кішкене қаузай түссем болатындай... Жазғандарым ғаламторға, сайт-порталдарға шықпаған соң, кейде тоқырап, суып қаламын. Сіз қысқа уақыттың ішінде мақаланы оқып, қорытып, маған ой-пікір қосып жатырсыз. Осы ыстық ықласыңыздың өзіне риза болып отырмын. Бұл Марко Поло жөніндегі «кітапта» тіл, тарих, география, математика, бәрі араласып жатыр. Оның біреуін білсек, біреуін түсінбей қаламыз, сіздің айтқандарыңыздан талай нәрсеге көңілім оянады. Алла менің ісімді анау үлкен ағалар арқылы, сіздер арқылы себеп етіп қолдап тұр. Осы бастаған жұмыстарымызды ел болып жаппай қолдайтын сана пайда болып, әсіресе, өсіп келе жатқан жас ғалымдар іліп алып кеткенде, тіпті керемет болар еді. Еңбегіміздің жанатын кезі болғай! Өз шығармашылығыңызға да табыс, сәттілік тілеймін! Елдің тыныштығында, тәуелсіздіктің аясында алаңсыз жұмыспен айналысатын күндер тусын деп тілеймін! Үміттің жарығында ұзақ өмір сүруді жазсын! Алладан көп қайтара игілік тілеймін!

Дәулетбек Байтұрсынұлы:

– Тілеуберді дос, мынау Тәуелсіз Отанға аман-есен жетіп, басқа еш нәрсеге мойын бұрып, пәндауи тірлікке назар аудармай, бірыңғай Шыңғысханды зерттеуді жалғастырып жатырсыз. Немесе түркілік рухты іздеп келесіз. Қазақтың тәуелсіздігіне рухани демеуші болып, Шыңғысханның держауалық айбатын, әлемді бірлікке келтірген ақыл-парасатын әйгілеп жүрсіз, «Шыңғысхан тарихы – Қазақ тарихы» деген ұстанымнан айнымадыңыз. Керек десе, еш жерде жұмыс істеп жүрген жоқсыз, отбасыңызға кіріп жатқан кіріс көзі де шамалы. Шынын айтқанда, жұбайыңыздың зейнет ақысынан өзге дәнеңе жоқ. Ғылымға өзін арнаған жанкешті сіздей-ақ болар. Құдай сізді қолдап, осы егемен еліңізде еркін шығармашылықпен айналыстыңыз, қазір баспаналы болып, жазумен айналысып отырсыз. Міне, осының өзінен Алла сізді қолдап отырғанын анық көруге болады. Уақыттың, денсаулықтың барында үлгергеніңізше зерттеп, жаза беріңіз! Алла сізге ұзақ өмір берсін!

Тілеуберді Әбенайұлы:

– Осы кезге дейін мемлекеттік мекемелерде ұзақ жылдар қызмет еткен, соңғы кездерде кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген қайырымды, халқына қатқысыз жұмыс атқарып жүрген Қажымұрат Қанытбайұлы Үсенов ағаны ерекшелеп айтуға болар еді. Ол кісі жалғыз маған ғана емес, көптеген игі бастамалар мен үлкен жобаларды қаржыландырып жүр. Кедей-кембағал, ғаріп-міскіндерге көп жәредемдесті, олардың оқудағы балаларына стипендия тағайындап, алаңсыз білім алуына қолқабыс етті. Үштөбе Халпе ауылындағы мұсылман жамағаты үшін мешіт салып берді. Атақты әнші Күләш Бәйсейітова апамыздың жүз жылдық мерейтойын өзі атқарып өткізіп берді. Композитор Шәміл Әбілтаев ағамыздың өнеріне құрмет етіп, ол кісіге де көп көмек етті. Өзі де бір Алла деген кең пейіл жомарт жан, сәждеге маңдайын тигізіп, құлшылық ғибадатын да жасап жүрген ізгі жолдағы адам. Кейде «жемісі көп ағашқа балалар тас лақтыратынын» білесіз, сол жағынан сөзге ілініп жүретіні де бар. Ол кісіге Алла өзі жар болсын деп тілеймін! Менің тарихпен айналысып, «Шыңғысхан тарихы – Қазақ тарихы» деген үлкен тақырыпты қаузап келе жатқаныма, осы елге келгенім бойынша 20 жыл болды. Алайда мемлекеттік орындардардан ешбір көмек алған емеспін. Десе де, осы елдің азаматы Қажымұрат мырзаның жәрдемін мемлекеттің көңіл бөлуінен бөле қарамаймын. Ол кісінің қаржылай қолдауы мен рухани демеуінің нәтижесінде көп жұмыс бітті. Ондаған кітаптарым шықты, баспаналы болдым. Одан өзге де бауырларымыздың өзіндік үлесі бар екенін де айтқым келеді. Өйткені, мемлекет дегенде осындай адамдардан құралады. «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ағамыз да үздіксіз ақпараттық қолдаушылық танытып жатыр. «Шыңғысхан» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жетісу» телеарнасы ұжымына алғыс айтамын. Бір олқы соғып тұрғаны, сіз бен біздің құрдастарымыз, онан төменгі артымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымыздан қозғалыс аз болып тұр. Әлде Шыңғысхан тақырыбы жастарға қызық емес пе, өзіміздің өткенімізге үңілгіміз келмей ме?!. Жас тарихшылар мен жас журналистер жағы салғырт болып тұр. Мен Шыңғысханның шығу тегі, туған ортасы, сөйлеген тілі, ұстанған діні жағынан зерттеп «Төрт дәлел» деген кітап жазғанымды білесіз, оны өзіңіз оқыдыңыз. Егер бауырларымыз осы нәрселерге көңіл бөлгенде, көп нәрсеге көз жеткізер еді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы:

– Шын көңіліңізбен айтқан әңгімеңізге рахмет!

16-қыркүйек, 2020 ж.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір