• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 23:23:28
Алматы
+35°

Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі елге келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Ведомство мигранттардың келуі мен болуы бақылауда екенін, бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекет аумағында болуға құқығы жоқ екенін хабарлап отыр.

 

"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады. Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен. Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады. Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл елге келген Ресей Федерация азаматтарының тек нөл бүтін оннан екі пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді. Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады" делінген ақпараттық хабарламада. 

Ресми мәліметке сай, ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығын береді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: миграция

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір