Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
"Дикий Арман" деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобына ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамдары қамқорлық жасап келген, ал қаңтар оқиғасына әзірлік 2021 жылғы жазда басталған, деп хабарлады журналист Михаил Козачков Время газетіне шыққан мақаласында.
Журналист қолына түскен тергеу материалдарына сүйеніп, Арман Жұмагелдиевке жаппай тәртіпсізді ұйымдастырды, заңсыз қару ұстады деген айыптан бөлек, ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) құрды деген айып тағылып отырғанын айтады. Журналистің мәліметінше, Арман Жұмагелдиев бес жыл бойы Қазақстандағы қылмыс әлеміндегі оқиғаларға жауапты болған, оған ҰҚК-де істейтін кураторлары көмектескен.
"9 ай өткеннен кейін тергеу Жұмагелдиев ұзақ уақыт ұлттық қауіпсіздік комитеті бесінші департаментінің жетекшісі Руслан Ысқақовтың бақылауымен қызметін жалғастырып келді деген қорытындыға келген. Алайда кім-кімді өз мақсатына пайдаланғаны толық түсінікті емес. Бір абзацта Ысқақов Арманға Қазақстандағы трансұлттық қылмыстық топтардың елдегі қылмыстық жағдайға ықпалын жою үшін серіктес болуға ұсыныс жасаған десе, бір абзацта, Ысқақов "Әділ Қытай", "Айшуақ Жантүгел" қылмыстық топтарын ұстау бойынша іс-шараларды ұйымдастырып, Шпек деген лақап атқа ие Рамазан Ғаббасовты қамауға атсалыса отырып, Жұмагелдиевті оперативтік іс-шаралардан қорғап отырған делінеді. Демек ҰҚК алаңды түрлі ҰҚТ-дан тазартып, Арманның тобын айналып кетіп отырған. Ал Жұмагелдиев шенді адамдардың қамқорлығына сүйеніп, аймақтарға өз қараушылар қойып, тұтас Қазақстанды Нойс деген лақап аты бар Нұржан Иманалиевке тапсырған. Иманалиев қазір түрік түрмесінде қамауда отыр" дейді журналист.
Михаил Козачков қолындағы дерекке сүйеніп, қаңтар бүлігіне дайындық 2021 жылғы жазда басталды дейді.
"Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай, "тергеу барысында анықталмаған азаматтар" билікті күшпен басып алуға келіскен. Билікті құлату үшін олар кезең-кезеңнен тұратын жоспар даярлап, ол бойынша бірнеше аймақта алдымен жаппай тәртіпсіздік орнатуды көздеген. Халықты үрейлендіріп, президентті отставкаға кету туралы шешім қабылдауға ықпал ету үшін үшін террорлық акт жасауды, артынша қылмыс әлемінің лидерлері мен қоғамға белгілі адамдардан уақытша "халық кеңесін" құрып, өздерінің адамын президент етіп қоюды жоспарлаған. Осыған байланысты Руслан Ысқақов жаппай тәртіпсіздікке дайын болу үшін Жұмагелдиевке күзет фирмасын тіркеп, қару мен шымыр жігітерді жинауды тапсырған" дейді журналист.
Ол ҰҚК қызметкерінен нұсқау алған Арман Алматыға 17 желтоқсан күні келіп, ешкімге білдірмей, өзге ҰҚТ қатысушыларымен кездескенін айтады. Ал 5 қаңтарда Ысқақов Жұмагелдиевке адам жинап, алаңға баруды тапсырады. Арман ол жақта мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен кездесіп, жақтастарының әрекетін ұйымдастыра бастайды. Жұмагелдиевтің тапаншамен қаруланған адамдары қаладан 30-дан астам адамды ұстап, Ритц Карлтон қонақүйінің паркингі мен Қазақстан қонақүйінің банкет залында күштеп ұстаған.
"Тергеу дерегінше, ол адамдарды камераға түсіріп, есірткі тұтынғанын, мародерлік жасап, шетелге қашып кеткен олигарх Мұхтар Әблязов құрған Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" саяси қозғалысының мүшеміз деп айтуға мәжбүрлеген. Артынша Ысқақовтың нұсқауы бойынша ұсталғандарды ҰҚК-ге тапсырған. Арманға сондай-ақ ауруханаға шабуыл жасады, полицейді соққыға жықты, "ҚДТ мүшесін" өлтірді деген айып тағылып отыр. Бұл әрекеттерді Руслан Ысқақовтың бұйрығы бойынша істеген-істемегені белгісіз" делінген іс материалында.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір