• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 03:55:18
Алматы
+35°

Үкімет Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп тұрақты негізде елордаға іргелес елді мекендер тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шараларды іске асыруда. Осы мақсатта Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының екі кезеңі іске асырылды. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайловтың «Ақ жол» және «AMANAT» партиялары фракцияларының депутаттарына берген жауабында айтылады.

Үкімет басшысының дерегінше, кешенді жоспарлардың шеңберінде 2011 – 2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 84 млрд теңгеге 132 іс-шара іске асырылген.

Алғашқы екі кезеңді іске асыру кезінде халық саны бірнеше есеге өсіп, 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй (Целиноград – 14440, Аршалы – 1320, Шортанды - 377) салынғанын ескере отырып, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және тиісті әлеуметтік объектілермен қамтамасыз ету үшін кешенді жоспардың келесі кезеңі бекітілген.

"Аталған Кешенді жоспар қазіргі уақытта Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша жаңартылып жатыр, оған Қосшы қаласын дамыту жөніндегі қажетті іс-шаралар қосылып, іске асыру мерзімі 2025 жылды қоса алғанға дейін ұзартылды. Жалпы 2025 жылға дейін өзектендірілген Кешенді жоспарда 216,9 млрд теңгеге 96 жобаны іске асыру көзделген  оның ішінде Қосшы қаласын дамытуға 29 жоба бойынша 79,6 млрд теңге. Бұл қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және елорда мен оның маңындағы ауылдар тұрғындарының жайлы тұруын арттыруға оң әсер етеді. 2022 жылғы 4 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында өзектендірілген Кешенді жоспар жобасының іс-шараларын қаржыландыру қолдау тапты, оны ағымдағы жылдың соңына дейін бекіту жоспарланып отыр" делінген Смайловтың жауабында.

Премьер-министр сөзінше, 2019 жылдан бастап елордалық аумақта «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен ірі қалалардың шет аймақтарын дамыту бағдарламасы іске асырылып келеді.

Аталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде 2019 – 2022 жылдар аралығында 33 іс-шараны іске асыруға 41,9 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы аталған бағдарламалар бойынша 13 іс-шараны іске асыруға 6,2 млрд теңге көзделген.

"Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 Жарлығын орындау үшін Үкімет Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатыр, оны 2023 жылғы наурыз айының соңына дейін бекіту жоспарланып отыр. Әзірленіп жатқан Тұжырымдама шеңберінде өмір сүру сапасын жақсарту және оның ішінде елордаға іргелес ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын құру жоспарлануда. Аталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде жұмыс істеуден басқа, жедел ден қою және елордалық аймақтың өзекті мәселелерін шешу мақсатында Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдіктері тұрақты негізде кеңестер мен жұмыс кездесулерін ұйымдастырады. Мысалы, қала маңындағы халыққа көліктік қызмет көрсету мәселелері бойынша тоқсан сайынғы негізде өткізілетін кеңестердің қорытындысы бойынша 2019 жылдан 2022 жылға дейін қала маңындағы маршруттық желі 18-ден 25 маршрутқа дейін ұлғайды, 6 елді мекенге жаңа маршруттар ұйымдастырылды. 2021 жылы медициналық қызмет көрсетуді және оларға жедел медициналық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында Астана қаласының денсаулық сақтау объектісіне (Астана қаласының «№ 12 қалалық емхана» ШЖҚ МКК) Целиноград ауданының Қараөткел және Қаражар ауылдарының 3444 тұрғынын бекіту жүзеге асырылды. Бұдан басқа, әкімдіктердің тығыз өзара іс-қимылы негізінде елордалық халықты орталық сумен және газбен жабдықтаумен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде" дейді Әлихан смайлов.

Министрлер кабинетінің басшысы сонымен қатар қазіргі уақытта мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Агломерацияларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі - заң жобасы) әзірленіп жатқанын жеткізді. Заң жобасы шеңберінде кешенді қалалық жоспарлау мәселелерін шешу, бір деңгейдегі бюджеттердің өзара іс-қимылы, республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктеріне сыртқы нарықтарда қарыз алуға рұқсат беру, бірыңғай қала құрылысын жоспарлауды қамтамасыз ету, бірыңғай көлік моделінің жұмыс істеуі және т. б. жөніндегі шаралар көзделеді.

Сонымен қатар заң жобасында агломерацияларды дамыту саласындағы жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейту көзделген, бұл оларға агломерацияны дамытудың пайымы мен стратегиялық бағыттарын айқындауға белсенді қатысуға және агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелер мен міндеттерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.

"Осылайша «Агломерацияларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдау әкімдіктердің елорда мен қала іргесіндегі аумақтарды одан әрі дамытуға күш-жігерін шоғырландыру үшін нормативтік база жасайды. 2022 жылғы 30 қыркүйекте заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді.  Жүргізілген жұмыстың нәтижелері және елордалық аймақты дамыту жоспарлары туралы толығырақ ақпарат қосымшада берілген. Жалпы елордаға іргелес елді мекендердің дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында" дейді үкімет басшысы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір