• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Қараша, 02:34:44
Алматы
+12°

Қаржылық мониторинг агенттігі Болат Назарбаевтың оң қолы делінетін, бүгінде рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталған қылмыстық топ мүшесі Елдос Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына қатысты тергеу барысы туралы хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, 11 адамнан құралған қылмыстық топтағы 5 адам қамауға алынған. Ал Елдос Қоспаевпен қосқанда 6 адам әлі іздеуде. Агенттіктің ресми өкілі қылмыстық топ кәсіпкерлерге рейдерлік шабуыл жасап, мүлкін, серіктестіктердегі үлестерін тартып алып, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысқанын айтады. 

"2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған "Profit Trade Ltd" ЖШС иелерін үлестерінің 40%-ын қылмыстық топтың белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүрлеген. Бұрынғы басшыларды басшылықтан алып тастаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жалған құжат жасау арқылы қалған 35 пайыз үлесті де иемденіп алған. Аталған компания алкоголь өнімдерін көтерме бағада сатумен айналысып, тұрақты табыс әкелген. Бұдан бөлек, 2020 жылы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн теңгеден астам инвестиция салған "Azovita Aktay" ЖШС мен "Azovita Atyray" ЖШС меншік иесін өміріне қауіп төндіру арқылы қылмыстық топ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге мәжбүр еткен. Жоғарыда аталған Қоспаев бастаған ұйым компанияларды бақылауына алып, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдаланған" делінген Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан ақпаратта.

Бұдан бөлек хабарламада қылмыстық топ 2021 жылғы шілдеде Қапшағай су қоймасында "Kapchagai Marina Сlub" ЖШС-ға тиесілі құны 2 млн долларды құрайтын демалыс аймағын күшпен иемденіп алғаны жазылған.

"Қоспаев өзінің сенімді өкілдері – ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері арқылы Алматының ең беделді аудандарының біріндегі "Esentay сity" тұрғын үй кешенін салып жатқан "AV-Construction" ЖШС-ның 75 пайыз акциясына иелік еткен. Ал қалған 25% белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі, ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй құрылысына 31 га аумақты сатып алған.

Коспаев пен оның серіктестері баю мақсатында пәтерлер мен коммерциялық үйлерді туыстарының атына рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлаған. 2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев пен ҰҚТ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденді. Залал құны 4,6 млрд теңге.

Қоспаев бірлескен меншік иесі Әбдіғаппаров компанияның мүлкін ұрлауға байланысты шағымданбауы үшін оның анасы С. Жүнісбековаға ресімделген 25% үлесті алып қоюға шешім қабылдайды.

Кәсіпкер Әбдіғаппаров ұсталғаннан кейін қылмыстық топ мүшелері кәсіпкердің анасы Жүнісбековаға қысым жасаған. Жүнісбекова "AV-Construction" ЖШС-дағы өз үлесін ұлын түрмеден шығаруға айырбастауға бекінеді де ұйымдасқан қылмыс топ мүшелерінің шабуылына төтеп бере алмай, ұлының өмірі үшін қорқып, компаниядағы үлесін ешқандай өтеусіз аударып берген.

Тергеу аясында ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық жолмен тапқан 133 жылжымайтын мүлік нысаны, 11 жер учаскесі, 35 премиум маркалы автокөлік және 9 млн доллар қолма-қол ақша тәркіленді.

Сонымен қатар, Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында бассейні, тренажер залы бар сәнді үй салған. Ол асыл тұқымды жылқылар өсіріп, жабайы жануарлардан хайуанаттар бағын тұрғызған. Хайуанаттар бағында арыстандар, аюлар және басқа аңдар болған.

Ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдар аралығында осы үйдің қызметкерін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлау фактісі бойынша материал жіберілді. Рейдерлік басып алу фактісі және ҰҚТ жұмыс істеуіне ықпал еткен қатысушы тұлғаларды анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр" деді агенттіктің ресми өкілі.

Бұған дейін кәсіпкер, Esentai City жобасының авторы Алмас Әбдіғаппаров Orda.kz сайтына берген сұхбатында "AV-Construction" ЖШС-дегі 25 пайыздық үлесін рейдерлік жолмен Болат Назарбаевтың сенімді адамы Елдос Қоспаев тартып алғанын мәлімдеген. 

Кәсіпкердің өзі "Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденді (қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) деп айыпталып, биыл шілдеде 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір