16 Қаңтар, 2023 Сұхбат
Фото: Айжан Айтмырзаның жекемұрағатынан
Үйдегі кеңістікті дұрыс ұйымдастыра білу маңызды. Бұл – үйді жайлы әрі кең ете түсіп, күнделікті тәртіпті сақтауға септеседі. Елордалық үй реттеуші маман Айжан Айтмырза мұндай шаруа бір қарағандағыдай оңай емес, бастысы үйдегі заттардың рет-ретімен тұруы адамның көңіл-күйіне әсері мол дейді.
Айжан Айтмырза – бала кезінен тазалықты жақсы көрген. Бүгінде біздің қоғам үшін жас мамандық болып саналатын реттеуші маман болып жұмыс істейді. Айжан көп жерде өздерін орысша «организатор пространства» дегенді тікелей аударып «кеңістікті ұйымдастырушы» деп те атап жататынын, алайда «реттеуші маман» деген көбірек келетінін әрі жалпақ жұртқа түсінікті екенін айтады.
Бұл кәсіп АҚШ-та ХХ ғасырдың аяғында пайда болған. Америкада киім индустриясы қатты дамыған соң, адамдардың киім немесе зат алуға қолжетімділігі артып, сатып алған заттарын үйіне жинай берген. Зат көп болғанда шаң жинала бастаған. Ел арасында «шаңнан түрлі микробтар пайда болады, ол адамның өкпесіне түсіп, денсаулығына зиян келтіреді осылайша өз денсаулығымызға зиян келтіріп жатырмыз» деген әңгімелер тараған. Осыдан кейін артық заттарынан құтыла бастаған. Бірінші кезде еріктілер көмекке келген, артынша арнайы мамандар пайда болып, кәсіпке айналған. Мамандықтың Қазақстанға келгеніне төрт-бес жылдай болған. Ары қарайғы әңгімені Айжанның өз сөзімен жалғайық.
РЕТТЕУШІЛЕРДІ ҮЙ ТАЗАЛАУШЫЛАРМЕН ШАТАСТЫРМАҒАН ЖӨН
Үйді бәріміз тазалаймыз. Бірақ оны қалай тазалау керектігін ешкім үйреткен жоқ. Бала кезімізде үлкендер айтқанды я істегенді қайталап жүрдік. Өсе келе онымыз әдетке айналды. Instagram-да бір парақшадан журналист үйіне реттеуші маманды шақырып, шкафын жинатып жатқатынын көріп қалдым. Бұл жұмыс маған қызық көрінді. Өзімнің болмысыма үйді реттеу ұнайтын. Іздестіре келе бұл шаруа бүгінде толыққанды мамандық болып қалыптасқанын, Батыста, тіпті Ресейде кең етек жайғанын білдім. Бұған қатты қуанып, кәсіби түрде үйрететін адам іздеп, Айгүл Манапова деген кісінің курсын оқыдым. Қазір өзім де үйренемін деушілерді оқытып жүрмін.
Көбімізде киім көп болғандықтан үйдегі жиһаздарымыздың іші шашылып жатады. Біз осындай сәтте заттарды дұрыстап орналастырып береміз. Әрбір нәрсені ақылды жүйемен реттестіреміз. Адамның өмірлік жағдайына байланысты заттар мен киімдерді ыңғайластырамыз. Көбіміз үйді тазалағанда еденді жуып, шаңын сүртіп қана шығамыз. Ас үйдегі, кіре берістегі, жатын бөлмедегі жиһаздың ішіне мән бермейміз. Әйел адамдар оған көп көңіл бөле бермейді. Визуалды түрде қарағанда жиһаз ішіндегі заттар жинаулы тұр. Алайда, оның ішіндегі әрбір заттың реттелуінің өз әдіс-тәсілдері бар. Біз сол заттар мен киімдердің қалай орналасу қажеттігін көрсетеміз.
Реттеушілерді үй тазалаушылармен шатастырмаған жөн. Екеуінің айырмашылықтары үлкен. Үй тазалаушылар үйдегі көзге көрініп тұрған нәрселерді тазалайды. Люстра, кілем, еден т.б. заттарды жуады. Ас үйдегі немесе басқа бөлмелердегі шкафтардың сыртын сүртіп кетеді. Олар ішкі жағына тиіспейді. Біздің олардан айырмашылығымыз еден жуып, шаң сүртпейміз. Біз тек сөрелерді реттестіреміз. Біздің жұмыс адамның ішкі жан дүниесін реттегенге ұқсас. Тап психолог әспетті. Біз тұтынушыға бір рет қана қызмет етеміз. Тұтынушы ары қарай реттілікті ұстаса, жиһаздарының іші шашылмайтын болады.
ҮЙІ ЖИНАҚЫ АДАМНЫҢ ОЙ ДА ЖИНАҚЫ
Үйдегі заттардың орны-орнымен реттеліп тұрғаны адам көңіл-күйіне жағымды әсер береді. Үйі жинақы адамның ой да жинақы, әрекеті ширақ, белсенді болады. Көңіл-күйіміз жақсарса, жақындарымызға да қуаныш сыйлаймыз. Әйел адамның көңілі орнында болса, тамағын дәмді пісіреді. Заттар реттеліп тұрса, уақыты үнемделеді. Кейде бір жерге асыққанда, киім таппай жатамыз. Қолғабымыздың сыңарын, екінші шұлығымызды, шарфымызды іздеп, үтікті таба алмай үйді шарлап әуре боламыз. Осының бәрін алдын алу үшін реттілік қажет. Ас үйде де әрбір зат орнында болса, тамақ жасау да ыңғайлы. Жалпы адамның жан дүниесін, оның шкафы арқылы да білуге болады. Қызметіміздің сұранысы артса, үй тазалаушылар сияқты күнделікті мамандыққа айналатынымызға сенімдімін. Бүгінде біздің қызметімізді көбіне бизнес леди немесе жұмысбасты әйелдер пайдаланады.
«БІЗДІҢ ҚЫЗМЕТІМІЗ ҮШ КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ»
Біріншісі – артық заттардан құтылу. Оған киілметін киімдерді жатқызсақ болады. Оларды қоқысқа тастай салмаймыз. Киімдерге де екінші өмір сыйлау керек. Оларды мұхтаж адамдарға беруге болады.
Екіншісі – күнделікті қолданатын заттарды ғана қалдыру. Киімдерді мезгіліне қарай бөліп, түс жағынан да сұрыптаймыз.
Үшінші кезеңде заттарға орын тауып берумен шұғылданамыз. Күнделікті жиі киетін киімді бөлек, қонаққа барғанда киетінді бөлек жинаймыз. Үйді реттеудің осы кезеңдерін ұстансақ, әрбіріміз өз үйімізді оңай реттестіріп аламыз.
Бөлмедегі заттар көзге визуалды шум ретінде көрінбегені дұрыс. Мысалы ілгіштер бірдей түсте болғаны жөн. Киімді қалыңынан бастап, жұқаға қарай ілген дұрыс. Тура солай қара түстен, ақ түске дейін ілу керек. Сонда бәрінің реттелгендігі көрінеді. Әр ілгішке бір ғана киімнен ілу қажет. Бізде кемі үш-төрт киімнен ілінеді. Осылай астынғы киімді ұмытып, көзімізге жаман көрініп те қалады. Іш киім, шұлықтар салатын органайзерлер бар. Олардың да түстері біркелкі болғаны жөн. Олар дүкендерде қолжетімді бағада сатылады. Аяқ-киім қораптарын пайдаланып, қолдан да жасауға болады. Оларды түс қағаздарымен де қаптап жатады.
Ас үйде де осындай жағдай. Тамақ жасауға ыңғайлы болуы үшін, бір қолыңызбен бәрін алуға болатындай орналастыру керек. Қазан араластыратын ожау іздесек, оңай алынатын жерге қойыңыз. Тек қонаққа арналған сервистерімізді жоғары жинайық. Ауыр ыдыстарды шкафтың төменгі жағына қойған дұрыс. Оларды да категорияға бөлу керек. Кондитерлік заттарды бір жерге қойған жөн. Үйде бес адам тұрса, артық кесені күнделікті ашпайтын сөрелерге салып қояйық. Осындай ережелерді ұстанып отырсақ, үйіміз өздігінен реттеліп отырады. Заттарды қолданған соң, орнына қоюды қалыптастыру әдетке айналдыру керек.
Көбісі реттестіруді тым жеңіл көреді. Кейде әлеуметтік желіде ер адамдар «үйді тазалаушылар жинап, сіздер реттестіретін болсаңыздар, әйелдеріміз не істейді» деп жатады. Бірақ маман үй шаруасына кәсіби көзқарас тұрғысынан қарайды. Әрі оның көмегіне бір мәрте жүгіну жеткілікті. Бір көріп алған соң ас үй иесі ары қарай өзі сол тәртіппен үйін жинақы ұстай алады. Адамдар үй жинақы тұрғанда өздеріндегі өзгерісті байқай бастайды.
АДАМДАР МИНИМАЛИЗМГЕ ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Тұтынушыларға барғанда, артық заттардан арыла алмайтыны қиындыққа тудырып жатады. Мұндай жағдай үлкен кісілер арасында жиі кездеседі. Оларға артық заттардан құтылу өте қиын. Олар совет заманында тапшылық пен жоқшылықты көрген ғой. Осындай кезде бізге де қиын. Сондықтан біздің қызметімізге жүгінген адам, артық саттан арылуға психологиялық жағынан дайын болу керек.
Орны табылмайтын заттар болмайды. Әрбір заттың өз орны бар. Киім көп, шкаф кішкентай болғандықтан заттар сыймай қалатын жағдай жиі ұшырасады. Бірақ адамдар минимализмге адамдар үйренуі керек. Біз затқа емес, заттар бізге қызмет етуі керек.
Үйдегі кіреберіс тазалығы аса маңызды. Бүкіл адамның энергиясы кіре берістегі бөлмеден басталады. Адам киініп сыртқа шыққанда, жақсы аурамен шыққаны маңызды. Бас киімдер араласып, қолғаптар шатаспас үшін дәлізден арнайы зона бөлу керек. Барлығын қорапқа салып, қолшатыр ілініп тұратын орынға дейін болғаны абзал.
Қадірәлі САРЫПБЕК
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір