Фото: Инга Иманбайдың facebook парақшасынан
Алматыға Қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау ісін тергеу бойынша Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Кен Макдональд (Lord Macdonald KT KC of River Glaven) бастаған Комиссия өкілдері келді. Бұл туралы құқыққорғаушы, журналист Инга Иманбай хабарлады.
"Комиссия құрамында халықаралық құқықтық көмек көрсету компаниясы Bindmans LLP жетекшісі Тайаб Али мен басқа да арнайы мамандар да келіп жетті. Бірнеше күннен кейін Алматыға Комиссияның тағы бір мүшесі - Ұлыбритания парламент депутаты сэр Роберт Бакленд те ат басын бұрмақ. Бірнеше күннің ішінде Комиссия мүшелері Қаңтар оқиғасына қатысушылармен, азаптау құрбандарымен, қасіретті күндері туған-туысынан айрылғандармен және бірқатар құқық қорғаушылармен, журналистермен де кездеспек. Сонымен бірге, Комиссия өкілдері қазіргі таңда үй қамақта отырған Жанболат Мамаймен де сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұған байланысты Мамай тарабы сотқа арнайы қағазды да жолдады. Одан бөлек, Комиссия Астанаға барып, Қазақстанның лауазымды өкілдерімен де кездеспек. Осы аптада Алматыда Комиссия өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қазақстандық журналистердің сауалдарына да жауап беретіні де белгілі" делінген Инга Иманбайдың facebook парақшасындағы жазбада.
Сондай-ақ құқыққорғаушы Қазақстанға Ұлыбритания парламенті депутаттары құрған Комиссияның келуі халықаралық қауымдастық елдегі жаппай адам құқығын бұзу жағдайларына көз жұмып қарамайтынын білдіретінін, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюро өз тарапынан Комиссия жұмысына жан жақты көмек беруге әзір екенін жеткізген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір