• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 13:07:49
Алматы
+7°

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының дерегінше, елдегі әрбір бесінші жасөспірім буллингке ұшырайды. Мамандар балалар арасындағы әлімжеттік ауылдан гөрі қалалық мектептерде жиі кездесетінін айтады. Балалар психологы Алмагүл Жексембайқызы Қамшы тілшісіне берген сұхбатта бүгінде буллингтің түрі көбейіп кеткені, ата-аналардың өрескел қателіктері жөнінде сөз қозғады.

– Жасөспірімдерді әлімжеттікке не итермелейді? Олар неліктен қорқытып, күш көрсетуге барады?

– Булинг – бүгінде әлі де қоғамдағы өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Көбісі буллингті тек әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу деп ойлайды. Адамды мазақ ету, қорлау, жеке заттарын тартып алу немесе бүлдірудің өзі буллинг болып саналады. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде өсек, жалған ақпарат тарату, хабарлама арқылы шантаж жасау секілді буллингтің түрі жиілеп кетті.

Жасөспірім арасындағы буллингтің көбеюінің бірнеше себебі бар:

Біріншісі, баланың шектен тыс телефонға тәуелді болуы. Ата-ана баласының не көріп отырғанын мұқият қадағалағаны жөн. Психикаға зиянын тигізетін ойындар мен агрессияға толы видео көрген бала іштегі энергиясын сыртқа шығара алмайды. Бұл оны буллинг жасауға итермелейді.

Екіншісі, стресстік жағдай:

  • Ата-ананың ажырасуы;
  • Баланың көзінше болған ұрыс-керіс;
  • Түсінісе алмаған ата-ананың арасында қалу.

Мұның бәрі баланың сыртта агрессия көрсетуіне әкеледі.

Үшіншісі, балаға дұрыс көңіл бөлмеу. Көп ата-ана баланың тамағы тоқ, киімі бүтін болса жеткілікті деп ойлайды. Сол себепті балалар өзін жалғыз, ешкімге керексіз сезінеді. Баланың жанынан табылу – тамағы мен киімінен де маңызды екенін ұмытпау керек.

боб

– Әлімжеттік көрген немесе керісінше әлімжеттік көрсеткен оқушылармен қалай жұмыс істейсіз?

– Кез келген бала буллингке ұшырауы мүмкін. Менің тәжірибемде мұндай жағдай жиі кездесті. «Менің балам басқаларға әлімжеттік көрсетеді» немесе «Менің балам мектепте буллингке ұшырады» деп көмек сұрап келетін ата-ана өте көп. Екіге оқитын, беске оқитын оқушы да буллингке ұшырауы мүмкін.

Мұндай балалармен біржақты жұмыс жүргізе алмаймыз. Алғашында баламен жеке, ата-анамен жеке, кейін, жалпы, отбасымен бірге психологиялық жұмыс жүргізіледі.

Әрине, ең бірінші баламен әңгімелесеміз. Оның сеніміне кірудің өзі оңай емес. Емін-еркін ішіндегі сезімі мен буллингтен алған зардабын, бойындағы қорқынышын бөлісуі үшін арт (науқас адамның психо-эмоционалдық халін шығармашылық арқылы емдем) және құм (құммен сурет салғызу арқылы баланың ашушаңдығын, агрессиясын, жылаңқылығын басу) терапиясынан өтеді. Мұндай терапиялар тек балаға ғана емес, ата-анаға да қолданылады.

– Ата-ана баласының буллингке ұшырағанын, қорқып жүргенін қалай біле алады? Жалпы, жасөспіріммен ата-ана қалай сөйлесуі керек?

– Шын мәнінде, басқаларға буллинг жасайтын балалар психологиялық көмекке көбірек мұқтаж. Ол не себепті өзінен әлсіз адамды тауып, оны кемсітеді, әлімжеттік көрсетеді? Кейбірі, тіпті мұндай әрекетінен ләззат алады. Неге? Мысалы, менің тәжірибемде Рустам (есімі өзгертілген – Ред.) есімді бала болды. Оның буллинг жасауына отбасында психологиялық және физикалық қысым көруі себеп болған. Ол басқа балаларға әлімжеттік көрсету, қысым жасау арқылы өзінің жеке құндылығын қалыпқа келтіргісі келеді.

Балаға күнделікті 10-15 минут көңіл бөлу жеткілікті. Балаға көңіл бөлу – таңнан кешке дейін баланың қасында болу емес. Мысалы, сабақтан келген балаға «сабағың қалай?», «қандай баға алдың?» деп емес, «бүгін үзіліс кезінде не істедің?», «сабақта қандай тақырып өттіңдер?» деп сұраған жөн. Ата-ана баласына өзінің бүгінгі күні қалай өткенін айтып берсе де болады. Бүгін кімге ренжігенін, не үшін көңіл-күйі түскенін айтса, баламен жақын қарым-қатынас орнайды. Ал үйде отырған аналар тамақтың дұрыс піспегенін, үйді жинауға үлгермегенін әңгімелеп берсе, бала да өз мәселесін айта бастайды. Баламен әңгімелесу – көп ата-ана ойлағандай қиын емес. Құрбыңызбен, досыңызбен жақсы әңгімелесе алсаңыз, балаңызбен де әңгіме-дүкен құра аласыз.

Баланың қызығушығы мен әлеуметтік желідегі «авасына» қарап та көп нәрсе білуге болады. Ата-анаға тек баласын бақылап, мұқият қадағалауы керек. Әрине, оның жеке заттарын ақтарып, ұрсып, айғай шығару дұрыс емес. Жай ғана қандай сайтты қарайтынын, қандай ақпарат алып жүргенін біліп жүріңіз.

Балаға буллинг жасалғанын киімінің алқам-салқам болуынан, денесінде көгергеннің жерінен байқауға болады. Қорқып, қобалжыған бала саусақтарын жиі қозғап, тырсылдатады. Көп ұйықтау, басы мен ішінің жиі ауруы да – буллингке ұшыраған баланың алғашқы белгілері.

Баламен буллинг тақырыбында қалай сөйлесуге болады? 

Баламен бірге буллинг тақырыбындағы фильм көруді ұсынар едім. Фильм – баламен ортақ тақырыпта сөйлесіп, пікір алмасуға себеп. Жасөспірім бала ата-анасынан «Қандай жағдай болмасын сенің жаныңдамын», «Саған үнемі түсіністік танытамын» деген сөзін естуі керек. Тек естіп қана қоймай толық сеніп, сезінуі де маңызды.

– Елде әлімжеттік көрген балалар өзіне қол салуға дейін барған жағдайлар бар. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мектеп мұғалімдері мен ата-ана қандай әрекет жасағаны жөн?

– Бала бір оқиғадан кейін суицид жасамайды. Ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан психологиялық және физикалық қысымнан, шарасыз, жалғыз сезінгендіктен осындай қадамға барады. Ал буллинг – бір күндік емес, ұзақ уақытқа созылатын процесс. Алғашқыда бір бала қысым көрсетсе, кейін топтасып жиналып алады. Ұзақ уақыт бойы буллингке ұшыраған бала психологиялық тұрғыда тұншығады. Оған суицидтен басқа жол жоқ секілді көрінеді.

Психологтар тек мектепте жұмыс істемейді. Кез келген қалада психолог бар. Ата-ана баламен мүлдем сөйлесе алмаған жағдайда психолог көмегіне жүгінуге ұялмауы керек. Баласы бірден тұйықталып қалғанын, мектепте буллингке ұшырағанынан күдіктенсе, мұғаліммен және мектеп психологымен жеке сөйлескен дұрыс. Ал күдігі расталса, барлық баланың көзінше ұрыс-керіс шығаруға болмайды.  Мамандардың көмегіне жүгініп, мұғалімге ескертуі қажет.

Бала өзіне әлімжеттік жасалғанын айтып берсе, кей ата-ана абдырап, не істерін білмей баланың өзіне ұрсады. Мұндай жағдайда ата-ана өз эмоциясын бақылауда ұстап, баласының қорқынышын жеңіп, ерлік көрсеткені үшін қуануы керек. «Жарайсың, маған сеніп мәселеңмен бөліскенің үшін рақмет!» деп айтса болады. Содан соң бұл мәселені бірге шешетінін айтып қорқынышын сейілткен абзал.

Кей ата-ана кінәні баланың өзінен іздеп, үлкен қателік жасайды. «Не үшін басқаға емес, саған тиіседі?» деп сұраудың өзі бала үшін қаншалықты ауыр екенін білсеңіз ғой... Осыдан кейін «үйде мені түсінетін адам жоқ», «Ата-анам мені естімейді» деп жалғызсырайтын жасөспірім көбейеді. Үйінде өзін түсінетін, қолдау білдіретін адам барын білетін жасөспірім суицидке бармайды.

Ал «Назар аударма, сол кезде саған тиіспейді» немесе «Сен де оған жауап қайтар, оны да ұр» деп кеңес айту мүлдем дұрыс емес. Мұндай кеңес арқылы буллингке ұшыраған бала керісінше, әлімжеттік көрсететін баланың рөліне ауысады. Ал бұл проблеманы одан сайын ушықтырады.

Буллингтен зардап шеккен және әлімжеттік көрсететін балалармен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Кейін топтық терапия немесе тренинг өткізуге болады.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір