• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 00:32:15
Алматы
+35°

Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары көктемгі су тасқыны болуы ықтимал аймақтарға жатқызылып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті.

Министр былтырғы су басудың негізгі себептері ретінде өзен арналарының толып қалуы мен балдырлануын, дренаждық-арық жүйелерінің болмауын, су қорғау белдеулерінде үйлер салу сияқты жағдайларды атады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елдімекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600 астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар.

Су тасқыны жағдайы қиындағанда жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 12 дана «Қазавиақұтқару» әуе кемесі, 650 астам жүзу құралы және 3 мыңнан артықмотопомпа санында күштер мен құралдар топтамасы әзілленген.

Премьер-министр Әлихан Смайлов өңірлер су тасқынына толық дайын еместігін айтып, Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейтінін жеткізді.

Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе, ауылдық елді-мекендерде уақытылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтіп, гидротехникалық құрылыстардағы жағдай алаңдаушылық тудыратынын айтты.

– Арықтарды, дренаждық жүйелерді, нөсер кәріздерін, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу керек. Өңір әкімдері Жол картасының іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерді шешуге міндетті. Бұл ретте төтенше жағдайлар министрі айтқан барлық ұсыныстар мен шараларды ескеру қажет. Әкімдер су тасқынын өздерінің қатаң бақылауында ұстасын, – деді премьер-министр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір