Фото: Qamshy.kz
Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толуына орай конференция өтті.
Жиынды Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов ашты. Қанат Ысқақов министр Дархан Қыдырәлінің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып, газеттің кешесі мен бүгіні туралы ой қозғады. 1913 жылғы 2 ақпанда газеттің алғашқы санында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі айтылғанын еске алды. «Қазақ» газеті басылым ауқымынан шығып, халықтың үні болғанын, елдің мақсат-мұратын тоғыстырып, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен қозғаушы күш биігіне көтерілгенін жеткізді. «Қазақ» газеті бүгінде кейбір республикалық газеттер еңсере алмай отырған 6000 дана тиражбен тарағанын, ел ықыластана оқығанын айтты. Қанат Ысқақов газет қазір де ақпарат айдынында өзіндік орны бар, алаштықтардың жолын жалғаған іргелі басылым екеніне назар аударып, үкімет басылымды әрдайым қолдайтынын мәлімдеді.
Мұнан соң сөз алған белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Қазақ» газетінің шығу тарихынан сыр шертіп, басылым қазақ руханиятындағы орны жайлы сөз қозғады.
– «Қазақ» газеті қазақ өмірін тура түсініп, қорыту, сол арқылы ұлттың ендігі міндеттерін анықтау және белгілеу ісін қолға алып, мәселені іргелі, фундамендалды, концептуалды деңгейге көтерген басылым. «Қазақты» тек газет деп түсінсек, қателесеміз. Оның ауқымы кең. «Қазақ» газеті қазаққа ұстаз, жол көрсетуші, етек-жеңін жиғызған батыл болды. Мемлекеттік орган, мемлекеттік ұйымдар істей алмайтын жұмысты «Қазақ» атқарды. Аз жыл ішінде «Қазақ» газеті, оны шығарушылар қазақ қоғамын қандай сапаға көтергенін еске алсақ, ондай өнеге-үлгіні әлемнен табу қиын, – деді тарихшы.
Қазақстан Журналистикасы академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев «Қазақ» газетін толықтай мемлекет қамқорлығына алу керектігі туралы бастама көтерсе, тарихшы, академик Хангелді Әбжанов «Қазақ» газетін қайтадан ұлттық басылымға айналдыру туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ тарихшы газеттің толық нұсқасын кітап етіп шығару бастамасын көтерді.
Жиын ары қарай филолог ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің баяндамаларымен жалғасты.
Ұлттық кітапхананың конференц-залында газет тігінділерінен көрме мен басылым тарихынан хабар беретін кітаптар қойылған.
«Қазақ» газеті 1913-1918 жылдар аралығында Орынбордан шыққан. 15 жылға жуық уақытта басылымның 265 саны жарық көріп, Кеңес үкіметінің қысымымен жабылған. Журналист Қоғабай Сәрсекеев басылым ғұмырын қайта жалғап, 2006 жылы 22 наурызда Алматыда 266-санын шығарған.
Бүгін, 2 ақпан күні газеттің жалпы есептегенде 1161-саны, осы жылдағы алтыншы – арнайы саны оқырманға жол тартып отыр. Ол жерден газеттің алғашқы санында басылған реакцияның оқырманға үндеуін, газеттің тұңғыш бас редакторы болған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласын оқуға болады. Сондай-ақ Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен тұрып, газет редакциясы болған үй, газет қызметкерлері Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаеваның, 1913-1918 жылдары газеттің ресми иесі болған Мұстафа Ахметұлы Оразаевтің, газеттің шығуына қаржылай демеушілік танытқан Ахмет ишан Оразайұлының суреттерін көруге болады.
Бүгінде «Қазақ» газетінің құрылтайшысы – Махмұт Нәлібаев, бас редакторы – Жасұлан Мәуленұлы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында мерейтойға байланысты жазба жариялап, басылым туралы деректерді ортаға салды. Сөзінің соңында «Қазақ» газетінің 110 жылдығы лайықты атап өтілетінін, мерейтой қарсаңында көпшілікке ғылыми сараптамалар, архивтен алынатын тың материалдар мен түрлі телевизиялық түсірілімдер жол тартатынын жеткізді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір