• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:05:55
Алматы
+35°

Игорь Жуков, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары

Жуырда үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі бірқатар облыстарда күннің жылынуымен сел жүріп, су тасқыны болуы мүмкін екенін мәлім етті. Оқыс оқиғалар көктем ерте келетін Түркістан облысында басталып та кетті. Осы орайда Қамшы порталы қауіп аймағында тұрған облыс әкімдеріне сұрау салып, көктемгі су басуға дайындығы, бұған дейінгі оқиғалардан қаншалықты сабақ алғаны жөнінде сұрады. Төменде Жетісу облысындағы ахуал туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Игорь Жуков жауабы ұсынылған.

1) Өзіңіз жетекшілік ететін өңірдe қандай проблемалық учаскелер бар? Қанша елдi мекенге су басу қаупі төніп тұр?

2021 жылдан бастап облыс аумағындағы 13 су тасқынына бейім учаскелерде қабылданған су тасқынына қарсы инженерлік қорғау іс-шараларының жүргізілуі нәтижесінде су басуға бейім 6 елдімекеннің қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде облысымыздың 5 аудан (Панфилов, Кербұлақ, Сарқан, Аксу, Қаратал аудандары және Текелі қ.) аумағында су тасқынына бейім 7 учаске бар.

2) Елдi мекендердi су тасқынынан сақтау үшiн, су басу зардабын төмендету, оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу үшiн не істелініп жатыр?

2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық бойынша бекітілген облыстық жоспардың іс-шараларын іске асыру жұмыстары жоспарланған мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда және тұрақты бақылауда. Жоспар бойынша келесі жұмыстар жүргізілуде:

- облыстың елді мекендері мен аумағын қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдау үшін су тасқынына бейім учаскелерді анықтау;

- халықты хабардар ету жүйесін дайындау, су тасқыны кезіндегі жүріс-тұрыс ережелері туралы халықты ақпараттандыруды ұйымдастыру;

- арық-канал желілерін, жол су өткізу құрылыстары мен көпірлерін дайындау;

- меншік иелерінің гидротехникалық құрылыстардың жұмыс режимін сақталуын бақылау;

- материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағар май, медициналық және басқа да ресурстар қорын құру.

Су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізу мақсатында, 2022 жылғы қазан айында және ағымдағы жылдың 3 ақпан күні, Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссия отырысы өткізіліп, нәтижелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне арықтарды, арналарды, су өткізу құбырларын уақтылы тазалауды ұйымдастыру, гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, күштер мен құралдар топтарының дайындығын қамтамасыз ету, облыс аумағында орналасқан су тасқынына бейім учаскелерді көзбен шолып тексеру бойынша жұмыстар жүргізу туралы қосымша нұсқаулар берілді.

Сонымен қатар, халықты құлақтандыру үшін 212 соңғы құлақтандыру құрылғылары бар. Аналогтық режимде 4 Республикалық және 1 облыстық телеарнаның, "Қазтелерадио" АҚ цифрлық форматта 25 телеарнаның, "Алма ТВ" кабельдік операторының 140 арнасының, "Қайнар ТВ" кабельдік операторының 110 арнасының және облыстың Төтенше жағдайлар департаменті ғимаратынан орталықтандырылған 7 FM радиостанциясын ұстап қалудың цифрлық жүйесі бар.

Су тасқыны қаупін азайту шаралары туралы халықты оқыту және ақпараттандыру бойынша бұқаралық ақпараттар құралдарында сөз сөйлеу, брифингтар өткізілуде. Бұдан басқа халық арасында су тасқыны кезінде адамдардың жедел іс-әрекет ету бойынша іс-қимылдар туралы жиындар өткізіліп, ақпараттық парақшалар мен брошюралар таратылуда.

3) Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су басудың дәстүрлi себептерi ретінде өзен арналарының толып қалуы мен балдырлануын, дренаждық-арық жүйелерiнiң болмауын атаған. Мұндай проблемалар сіздің облыста қалай шешіліп жатыр?

Су тасқыны қауіпті ахуалдың күнделікті мониторинг жүргізу үшін 52 гидробекеттер қойылды (оның ішінде "Қазгидромет" РМК - 29 және "Қазселденқорғау" ММ - 23). Қазіргі таңда, аталған гидробекеттер өзендердегі су деңгейінің көтерілуін бақылау үшін, тәулік бойы режимде жұмыс жасауды.

2022 жылы ағымдағы жылғы су басудан қорғау мақсатында, жалпы ұзындығы 1,45 шқ. болатын 2 дамбаға (Панфилов ауданы Ынталы ауылы мен Алакөл ауданы Тентек өзеніндегі "Рыбпром " учаскесіне) ағымдағы жөндеу, 2 гидротехникалық құрылысқа (Кербұлақ ауданындағы "Жаманбұлақ" және "Матай" 2 тоғандарына) жөндеу, 1 көпірге (Алакөл ауданы) күрделі жөндеу, 2,5 шқ. су бұру каналдары (Кербұлақ ауд. және Талдықорған қ.) тазартылып және автомобиль жолындағы құбырлы өткелдің су өткізу қабілетін арттыру бойынша 1 іс-шара (Кербұлақ ауданы) атқарылды.

Сондай-ақ облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде Ақсу, Панфилов, Сарқан, Қаратал, Кербұлақ аудандарында және Текелі қаласында, су тасқынына қарсы 8 инженерлік іс-шараны іске асыру жоспарланған. 2021 жылы 4 іс-шара атқарылып, 2023-2024 жылдар аралығында 4 инженерлік іс-шараны іске асыру жоспарланған.

4) Yкiмет басшысы проблемалық өңірлердің әкiмдерi қарды уақытылы шығаруда сылбырт қимылдап отырғанын мәлім етіп, шаруаны ширатуды тапсырды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс көлемi қандай?

Су тасқынына дайындық мақсатында, 1951 бірлік су өткізу құбыры тазартылды (облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдарда орналасқан). 1,3 мың тонна инертті материал, 16 мың дана қап пен 41 тонна жаңар-жағармай, 63 дана мотопомпа әзірлікке келтірілді. Тұрғын үйлерді еріген су басуын болдырмау мақсатында, өткен жылдан бастап 400 шақырымнан аса арық, 198 шақырым канал тазартылды. Елді мекендерден 14 мың м3-тан астам қар шығарылды. Аталған жұмыстар әрі қарай жалғасын табуда.

5) Әлихан Смайлов сондай-ақ облыс басшыларына бұрынғы қателiктердi қайталамауды қатаң тапсырған. Алдыңғы жылдардағы жағдайдан нәтиже шығарып, «биыл облысымыз көктемгі су тасқынына тас-түйін дайын» деп айта аласыз ба?

Су тасқыны құбылысы бұл табиғи жағдай. Елді мекендердегі су тасқыны құбылыстары негізінде «Қазгидромет» РМК-ның қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін ескере отырып, ықтимал су тасқыны жағдайына алдын ала бағалау жүргізілді. Осыған сәйкес, ауа температуралық фон күрт көтеріліп, жаңбыр түрінде жауын-шашын мол түскен жағдайда, тау бөктерінен төмен орналасқан елдімекен аумақтарында су тасқыны құбылыстары болуы мүмкін.

6) Көктемдегі оқыс оқиғалар кезінде жергіліктіәкімдіктердің шамасы жетпей жатқан жұмысты халық әлеуметтік желi арқылы жылу жинап шешкен жағдайларға көпшілік куә. Сіздердің облыс су басудың зардаптарын жою, су басқан елдiмекендердiң халқын эвакуациялау сынды шаруаларға қаншалықты әзір?

Жетісу облысы аумағында су тасқыны жағдайы күрделенуі салдарына жедел ден қою мақсатында, жедел штабтар құрылды, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын азаматтық қорғау қызметтерінің 837 жеке құрам адамы, 233 бірлік техникасы, 63 дана мотопомпалар және 6 бірлік жүзу құралдары мөлшерінде, күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Сонымен қатар, су басу фактілері мүмкін болған жағдайларда елді мекендерде орналасқан 205 мектеп эвакуациялық пункт ретінде қолданылады. Зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, қоғамдық тамақтану ұйымдарымен 83 келісім-шарттар жасалды. Жалпы су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі жіті бақылауда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір