• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 10:44:14
Алматы
+35°

2022 жылғы 29 желтоқсан мен 2023 жылғы 14 қаңтар аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп азаматтар арасында «Қазақстандықтардың қаңтар оқиғасына көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы бюро сайтында жарияланды.

"Қанды Қаңтар оқиғасы – қазақстандықтардың көбі үшін ауыр болғаны сөзсіз. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің митиңге шыққандарға оқ атуын, жаппай тұтқындауы мен азаптауын қатаң сынға алды. DEMOSCOPE бюросы қайғылы оқиғадан бір жыл өткеннен кейін халықтың пікірі қандай екенін зерттеп көрді. Зерттеуде биліктің даулы шешімі, оны қазақстандықтардың қабылдауы мен болжамы қарастырылды" делінген сауалнама сипаттамасында.

Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 71,1%-і Тоқаевтың ереуілге шыққандарға ескертусіз оқ ату туралы бұйрығын қолдамайды. Ал 11,3%-і, керісінше, дұрыс шешім деп ойлайды. 11,1%-і жауап беруге қиналса, 6,5%-інің бұл туралы мүлдем хабары жоқ.

Қазақстандықтардың 71,6%-і азаптауға қарсы. 7,1% азамат бұл әрекетті қолдап, ақтап алуға тырысса, 12,5%-ы сұраққа жауап бере алмаған. 8,8%-і ештеңе білмейтінін жеткізді.

Сауалнама мәліметінше, Қаңтар оқиғасына қатысты ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа қазақстандықтардың жартысынан көбі (53%) сенбейді. Олардың 30,8%-і мүлдем сенбеймін десе, 22,2%-і сенбейтін тәріздімін деп жауап берген. Ал азаматтардың үштен біріне жуығы (29,6%), керісінше, ресми ақпаратқа иланады. Олардың 13,7%-і толықтай сенемін десе, 15,9%-і сенетін сияқтымын деп дүдәмал жауап берген.

Қазақстандықтардың үштен бірінен көбі (37,9%) бұл – кейбір саяси күштердің елдегі билікті басып алу үшін ұйымдастырған провакациясы екеніне сенімді. 27,7%-і оны кей жерлерде тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан бейбіт қарсылық шарасы деп есептейді. 14,6% азамат елге жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан лаңкестер шабуыл жасады десе, 3,8%-і оқиғаның себебі басқа деп ойлайды. 15,9% тұрғын жауап беруге қиналған.

Сауалнамаға қатысқандардың 42,2%-і қарсылықты күшпен басу орынды деп есептейді. Ал 36,8% респондент – күш қолдануға қарсы. 

Тоқаевтың ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) әскерін кіргізу шешімі де резонанс тудырды. Сауалнамаға сенсек, қазақстандықтардың көбі президенттің қадамын мақұлдамаған. Сауалнама қатысушыларының 43,6%-і ҰҚШҰ контингентін кіргізуін қолдамаса, 36,8%-і бұл шешімді дұрыс деп тапқан.

Кей қалаларда жанжалды реттеу үшін әкімдер халық алдына шығып, келіссөз жүргізбек болды. Респонденттерді көбі (64,8%) мұны дұрыс деп есептейді. Керісінше, 14,6%-іне мұндай қадам жөнсіз көрінген.

Сонымен қатар Алматы мен Астанадағы тәртіпсіздіктерді басу үшін билік толығымен интернетті өшіріп тастады. Бұл азаматтардың болып жатқан оқиға туралы ақпарат алуын шектеді. Интернетті өшіруге қатысты азаматтардың пікірі екіге жарылғаны түсінікті – қазақстандықтардың 44%-ң толық шатдаунды мақұлдамаса, 43,2%-і қолдайды.

Сондай-ақ DEMOSCOPE сауалнама аясында Қаңтар оқиғасын бастан өткерген азаматтардың оқиғаны эмоционалдық тұрғыдан қабылдауына талдау жасады. Респонденттерден Қаңтар оқиғасын еске алғанда қандай сезімде болатыны сұралды. Сауалда таңдау көп. Сонымен қазақстандықтардың көбі қорқыныш пен уайым (33,3%), аяу (26%), қайғы (13,5%), көңілі толмау (8,2%), көңілі қалу (6,1%), әділетсіздік (5,6%) және ашу (3,7%) сезімдерінің жетегіне ереді.  2%-тен азы тітіркену, немқұрайлылық, жек көру, агрессия сезінеді. Респонденттерде мақтаныш пен сенім сезімі сирек кездескені түсінікті.

Қайғылы Қаңтар оқиғасы заманалы Қазақстан тарихындағы ең қанды қарсылық шарасы болды. Рефлексия мен түсінудің маңызды кезеңі – жауаптыларды іздеу. Азаматтардың үштен бір бөлігіне жуығы (28,4%) қаңтардағы қарсылықтың қанды оқиғаға ұласуына мемлекеттің жоғары басшылығы (президент пен президент әкімшілігі) бәрінен бірінші жауапты деп есептейді. Ал 21,3%-і трагедияға азаматтардың өзі кінәлі деген пікірді айтты. 11,3%-і құқық қорғау органдарын кінәласа, 5,2%-і жергілікті әкімдерді айыптайды. 10,5%-і оқиғаның себебі басқада деп есептейді.

Сауалнамада азаматтарға кейінгі жылы елде қандай да өзгеріс байқадыңыз ба деген сұрақ қойылды. Респонденттердің көбі (39,3%) айтарлықтай өзгеріс байқамаған, бірақ болатынына сенеді. Сол шамадағы азаматтар (24,6%) оң өзгерістер анық көрініп тұр деп жауап берді. 6,5%-і жағдайдың бұрынғыдан да нашарлап кеткеніне сенімді.

Соңында Қаңтар секілді оқиғалар болашақта қайталануы мүмкін бе деген қорытынды әрі маңызды сұрақтардың бірі қойылды. Респонденттердің 31%-і мұндай оқиғаның қайталану мүмкіндігі 50/50 деген пікір айтты. 36%-і қайталану мүмкіндігі өте төмен десе, 13,7%-і, керісінше, оқиғаның қайталану қаупі жоғары деп ойлайды.

DEMOSCOPE бюросы мен PaperLab зерттеу орталығының сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың жартысынан көбі ресми ақпаратқа сенбейтінін және қайғылы оқиғаға жоғарғы билік пен құқық қорғау органдарын кінәлайтынын көрсетті. Қоғам ескертусіз оқ ату мен ұсталғандарды азаптауға қарсы. Оқиғаға бір жыл өтсе де қазақстандықтар еске алғанда әлі де қорқыныш, уайым, аяныш пен үрей сезінеді.

Сауалнамаға жалпы 18 жастан асқан 1047 адам қатысқан. Оның 54,2%-і - еркек, 45,8%-і - әйел. 60,3%-і орыс тілінде жауап беруді қаласа, 39,7%-і қазақ тілін құп көрген. Дегенмен респонденттердің 69,9%-і – қазақ, 16,1%-і – орыс және 13,9%-і – басқа ұлт өкілдері.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қаңтар оқиғасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір