• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:20:15
Алматы
+35°

Бүгін Дүниежүзілік қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі әрбір алтыншы науқас қатерлі ісіктен көз жұмса, елімізде жылына 39 мың адам қатерлі ісікке шалдығып, 14 мыңнан астамы өліммен аяқталады. Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 600 балаға қатерлі ісік деген диагноз қойылады. Осы орайда Түркістан облысы Шардара аудандық орталық ауруханасы амбулаториялық хирургия бөлімінің меңгерушісі, онколог Жанат Бахытова сұхбат берді.

– Жанат Бахытқызы, онкологиялық аурулардың басты себебі және оның алдын алу шаралары қандай?

Жанат Бахытқызы

– Онкологиялық аурулардың нақты себебі қазіргі таңда анықталмаған. Алайда оған алып келетін түрлі факторлар бар. Олардың қатарына дұрыс тамақтанбау, күйзеліске көп түсу жатады. Сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының онкологиялық аурулардың 10 пайызы тұқым қуалау арқылы берілуі мүмкін деген қаупі де жоқ емес. Ал медициналық тұрғыдан қарағанда ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз деп екіге бөлінеді. Қатерсіз ісіктің алдын алмаса, қатерлі ісікке соқтырады. Сондықтан созылмалы ауруларды сауықтыру арқылы қатерлі ісіктің алдын-алуға болады. Денсаулық сақтау министрлігі ұдайы түрлі жастағы адамдарға скринингтік бағдарламалар ұйымдастырып түрады. Бұл бағдарламалар 18 жастан асқан ересек адамдарға арналады, ал балаларға бір жасқа дейін әр үш ай сайын профилактикалық тексерілу жүргізіледі.

– Онкологиялық аурулар балалар арасында қаншалықты жиі кездеседі?

– Өкінішке орай, қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны артып келеді. Балалар арасындағы қатерлі ісік туа пайда болған және жүре пайда болған деп екіге бөлінеді. Оның ішінде туа пайда болған онкологиялық аурулар жиі кездеседі. Лейкоз, лимфабездерінің қатерлі ісіктері осы қатарға жатады. Менің тәжірибемде бір жылда екі науқастан лимфабездерінің қатерлі ісігі табылды. Үш ай сайынғы тексеру кезінде бір баланың қатерлі ісікке шалдыққанын анықтадық. Ал ата-анасы баланың безі шошынған деп аса мән бермесе керек. Қатерлі ісік анықталған бойда балаларға ем қолданылады әрі ол елімізде тегін.

– Қатерлі ісікке шалдыққандардың неше пайызы өліммен аяқталады?

– Біз ол жағын нақты айта алмаймыз. Науқастың өмір сүру ұзақтығы аурудың анықталған сатысына байланысты. Қатерлі ісік 4 сатыдан тұрады. Егер бірінші сатыда анықталса, науқас толығымен сауығып кетеді. Екінші сатысында 80 пайыздық өмір сүру ұзақтығына болжам жасаймыз, яғни науқас бес жылдан артық өмір сүруі мүмкін. Ал үшінші, төртінші саты қатерлі ісіктің асқынған түріне жатады. Әсіресе ішкі органдардың қатерлі ісігі болса, өліммен аяқталу қаупі жоғары. Сондықтан бекітілген скринингтерден, профилактикалық тексерулерден өту өте маңызды. Тексеру кезінде алынған анализдер бойынша онкологиялық аурудың алдын алауға мүмкіндік бар.

– Скринингтік бағдарламар жайында айтып өтіңізші, қарапайым тұрғындарға қол жетімді ме?

– Әрине, қол жетімді. Кез келген тұрғын жергілікті тіркелген емханасына барып, тегін скринингтен өте алады. Скринингтік бағдарламардың арқасында көкірек безінің, тік ішектің, жатыр мойнының ісігі алғашқы сатысында анықталып жатыр. Осы мақсатта 2022 жылдан бастап "Ауыл скринингі" деген бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама бойынша мамандар әр аптаның жұма күні ауыл халқын тегін тексеруден өткізеді. Бағдарламалардың арқасында көптеген науқас аурудан құлан таза айығып жатыр. Анықталған онкологиялық ауруларды 3-4 сатыға жеткізбей емдеу үстіндеміз. Менің тәжірбиемде 4 науқастан қатерлі ісіктің алғашқы сатысын анықтап, алдын алдық. Скринингтік бағдарламар елімізде тегін болуымен де аса тиімді, себебі қатерлі ісік асқынған жағдайда химиотерапия өте қымбат тұрады. Әрі көмегі де ұзаққа бармайды. Сондықтан халық арасында скринингтен өту мәдениетін қалыптастыру керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айым Нұрсапа

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір