• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 09:39:46
Алматы
+35°

Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресей басқыншылығына бір жыл толуы қарсаңында BBC-ге берген көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбаттың маңызды тұстары төменде ықшамдалып ұсынылып отыр.

– Осыдан бір жыл бұрын соғыс ұзаққа созылады деп ойладыңыз ба?

– Жоқ. Себебі біз бір күнмен өмір сүрдік. Аман-есен оянуымыздың өзі олжа деп ойладық. Ертең жерімізді қайтарамыз деген ұранмен өмір сүрдік. Сондықтан соғыстың қанша уақытқа созылатынын ойлауға мұрша болмады.

– Киевке әлі де қауіп төніп тұр ма?

– Меніңше, Путин әлі де Киевті басып алғысы келеді. Өйткені ел астанасын жаулап алмайынша, мемлекетті жауап алдым деп айта алмайтынын ол түсінеді. Бірақ оның пиғылы бүкіл Украинаны басып алумен байланысты.

– Ресей енді Беларусь аумағынан шабуыл жасайды деп ойламайсыз ба?

– Ресей әскері оған дайын емес. Бұл – Путин ғана емес барлық Беларусь үшін тарихи қателік болар еді. Беларусь Ресейге қосылған күннің өзінде де, біз беріле салмаймыз, соңына дейін күресеміз.

– Бір жыл бұрын Ресей тактикасы нашар болуы мүмкін деген ой келді ме? Әйгілі орыс армиясынан не күтіп едіңіз?

– Менің кумирим жоқ, ешкімге табынбаймын. Меніңше көршіңе, жалпы адамзатқа олай жасауға болмайды. Сондықтан Ресейді ақтай алмаймыз. Маған Ресей армиясын күші емес, өзіме сенген халықтың ықыласы ғана маңызды. Иә олар бізді бір сәттерде қанға бөктіріп, күшпен өлтіруі мүмкін. Зымырандармен, қарудың күшімен басып алуы да мүмкін, бірақ мұның барлығы уақытша.

– Қандай соғыс болмасын бітеді және әдетте ешкім қаламаған келісіммен аяқталады. Ал бұл соғыс 2014 жылға дейін болған аумақтың бір бөлігін немесе өткен жылы жоғалтқан аумақты беруіңізбен аяқталады ма?

– Украина бейбітшілікті қалайды. Дегенмен кез-келген аумақтық келісім бізді әлсірете түседі. Ымыраға келуден қашпаймыз, бірақ Путин ешқашан берген сөзінде тұрған емес, Ресейге сенім жоқ. Ол соғыс ашпаймын деп уәде беріп, ертесі әскермен келіп тұруы ғажап емес. Сондықтан бізге еліміздің қауіпсіздігі аса маңызды.Мен барлық аумағымызды қайтарып алуды қалаймын. Алдымда қиын миссия тұрғанын да білем.

– Сіз қай аймақты қайтарып алғыңыз келеді? 2022 жылғы шекараны ма, әлде 2014 жылға дейінгі аймақты ма?

– 24 ақпанға дейін біз дипломатиялық келісімге келгіміз келді, өркениетті қоғам ретінде диалогқа ұмтылдық. 2014 жылдан бергі Ресейге өткен аймағымыздың барлығын қарусыз қайтаруға ұмтылдық.

– Демек Қырымды қайтармай соғыс аяқталмай ма?

– Иә.

– Сіз о баста Путин шынымен басып кіреді деп ойладыңыз ба, елде тек доқ көрсетумен шектеледі деп қабылдадыңыз ба?

– Басында тек доқ көрсету деп қабылдадық. Өйткені шекара түбіндегі жаттығулар айлар, жылдар бойы жүріп жатты. Барлау қызметінен, серіктес елдерден ақпарат алып отырдық. Әрине, риск болды, бірақ Еуропаның жетекші елдерінің басшылары Путинмен сөйлескенін, ол басып кірмейтінін айтқанын жеткізді.

– Сіз оларға сендіңіз бе?

– Иә. АҚШ пен Британия белгі беретін. Мен қару беруді бастауды сұрадым. Бұл Путинді күткенімізден емес, бізге қару беріп, Ресейге қоқан-лоқы үшін санкция салуы үшін жасалды. Бірақ серіктестеріміз олай істемеді. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Біз басып кірудің алдын алу үшін бәрін істеді. Дипломатиялық күш Путиннен күштірек дегенге, Путин басып кірмейді дегенге шынымен сендім.

– Басқыншылық басталғаны туралы хабарды естігендегі эмоцияңыз қандай болды?

– Менде жалғыз ғана эмоция болды. Отбасым жанысда еді. Әйеліме "балаларды оят, соғыс басталды" дедім.

– Соғыс бастала салысымен америкалықтар сізді қауізсіз аймаққа апаруды ұсынғаны рас па?

– Иә, рас. Бірақ мен келіспедім. Маған эвакуация емес, қару керек.

– Соғысқа дейін сіз тек кастюм киіп жүретінсіз. Ал соғыс басталысымен әскери киімге ауыстыңыз. Біреу сізге костюмнен бас тартып, камуфляж киюді ұсынды ма?

– Заман өзгерді, мен бұл арқылы халқыммен бірге екенімді білдіргім келді. Елімде соғыс болып жатқанда костюм киіп жүргенім түсінбестік тудырар еді.

– Сіз өзіңізді болашақта галстук-костюммен елестете аласыз ба?

– Иә, әрине. Жеңіске жеткен күні, не одан кейін костюм киемін. Себебі мен сол кезде ғана бейбіт елдің басшысы боламын.

– Украинадан жаппай эвакуацияны тоқтата алар ма едіңіз, тоқтату керек пе еді?

– Жоқ. Мен керісінше шекараны ашу үшін барымды салдым.

– Сіз Ресейді кешіре аласыз ба?

– Ешқашан кешірмеймін.

– Путинді ме, әлде орыстарды ма?

– Біз ешкімді кешірмейміз. Керісінше орыс қоғамы "украиндер бізді кешіруі үшін не істеуміз керек" деп ойлануы керек.

– Қазан айындағы кездесуден кейін шаршаңқы көрінесіз. Жүзіңіз қуарып, қартая түсіпсіз. Соғыс жеке өзіңізге қалай әсер етті?

– Мен шаршаған жоқпын. Алғышқы түндері қалжыраған шығармын. Ал қазір өзімді әр украиналық сияқты сезінемін. Біз дайынбыз, біз босаңсымаймыз. Біз жеңбейінше, босаңсуға болмайды. Бәлкім келесі кездесуімізде бұдан да кәрі көрінетін шығармын. Бірақ күндердің күнінде біз жеңеміз. Сол кезде қайтадан түрім жас, езуімде күлкі болады.

 
 
 
 
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір