13 Ақпан, 2023 Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
9 ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жұмыс сапарымен Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына барды. Бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен Жұмабай Қарағаев Ақшұқыр ауылындағы "Сыйымдылығы 600 м3 болатын 8 құдық су имаратының" жұмысымен танысты. Су имаратында қуаттылығы тәулігіне 1000 м3 су тұшыту қондырғысы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек ауылға іргелес жерде қуаттылығы тәулігіне 5000 м3 су тұшыту зауыты салынды. Қазіргі таңда аталған зауыттан құбыр тарту құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар 2023 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құбыр тарту жұмыстары аяқталған соң қосымша тәулігіне 5000 м3 су алуға мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібектің айтуынша, жалпы ауылға 3500 м3 ауыз су қажет. Осы мәселені шешу үшін 8 құдық су имаратына қосымша әрқайсысы 1000 м3 болатын 2 резервуар салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.
Содан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақшұқыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Ауыл тұрғындары экология, қоқыс шығару, жұмыссыздық, көшелерді жарықтандыру мәселелерін қозғады.
Түстен кейін Жұмабай Қарағаев Сайын Шапағатов ауылдық округінде болып, 75 пайызға аяқталған 500 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Ғимарат 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Осылайша, ауыл балалары шығармашылық үйірмелерге қатысып, кітапханаға баруға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ ол «Aлёка» ЖШС-ның «AURA» демалыс аймағындағы су тұшыту зауытының жұмысымен танысты. Зауытта қосымша 20 ұңғыма қазылып, 1000 м3 резервуар салынып жатыр. Бүгінде 9 600 адам тұратын ауылға тәулігіне 3 000 м3 су қажет. Алайда, ауылға Ақтау-Ақшұқыр-Сайын Шапағатов су құбыры арқылы 500-600 м3 су берілуде. Егер «AURA» су тұшыту зауыты іске қосылса, тәулігіне 1300-1400 м3 су үздіксіз беріледі. Жауапты мамандардың айтуынша, жоба сәуірдің соңында аяқталады.
Әлеуметтік нысандарды аралаған соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев Сайын Шапағатов ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі Сайран Қылыш 2022 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда 1 медициналық мекеме – дәрігерлік амбулатория, емхана, 3 мектеп, 7 балабақша қызмет көрсетеді. Яғни, балалар 100 % балабақшамен қамтылған, ал үш ауысымды оқытуды болдырмау мақсатында 1 200 орынға арналған жалпы білім беру мектебі салынады.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігін ауыз су, қаңғыбас иттерді аулау, жұмыспен қамту, ұялы және интернет байланысының сапасын арттыру мәселелері толғандырады.
– Жиында екі ауылдың тұрғындары өз өтініштерін айтты. Ауыл тұрғындарының пікірін ескере отырып, даму жоспарына сәйкес жұмыс әрі қарай жалғасады. Жедел әрекетті талап ететін өзекті мәселелер де бар. Ең алдымен ауыз су тапшылығына қатысты жұмыстар орындалуы керек, – деді Жұмабай Қарағаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір