• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:50:56
+35°

Қазақ халқы бағы замандардан қазірге дейін 3, 5, 7, 9, 13, 40, 41, 101, 1001 сандарын қасиетті әрі киелі сан деп бағалап келген. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі атқарылып жүрген ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар осы сандармен тығыз байланысты екенін түсінуге болады.

Қазақ жоғарыдағы аталған сандардың өзіне тән қасиеті мен киесі, сыры мен жұмбағы, мәні мен маңызы бар екенін ертеде біліп, өмір, тұрмыс, дәстүрінде ырым-тыйымға айналдырып, тәрбиелік маңызы бар сандар қатарына қосып, оны ұрпақтарына ұқыптап ұқтырып отырған.

Біз осы ретте бұл сандардың бәріне емес, тек тоғыз санына тоқталуды жөн көрдік. Себебі  тоғыз санына байланысты, ертедегі қазақ дәстүрінде "Тоғыз ортақ" деген болған. Әлеуметтік желіде "Тоғыз ортақ деген не?" сұрағы қызу талқы өрістеді. Көпті көрген көне көз қариялар, өз білгендерін тартынбай ортаға салып, өз көзқарастарымен бөлісті. Көптің талқысы арқылы "Тоғыз ортақтың" саны арта түсті. Адам баласына ортақ па? Жоқ қазақ дәстүріне тән ортақ па? Осындай өткір пікірлермен, ұтымды сұрақтар қайталанып қойылып та жатты. Мен де сол топта отырып, өз білшенімді ортаға салып, көзқарас бөлістім. Ақыры осы тақырып та шағын мақала жазып, топқа ұсынуды жөн көрдім.

Біз "Тоғыз ортақты" табудан бұрын, ең алдымен тоғыз санынын ата-бабалармыз не үшін қасиетті және киелі сан санағынын, оны тарихта қандай дәстүрлермен байланысты қолданғанын біліп алумыздың маңызы зор секілді.

Қазақ халқының ескі замандарда атқарып келген салт-дәстүрлері мен заңдық ережелерінде бір бөлімі осындай киелі және қасиетті сандарға бағынып атқарылып келгені рас. Соның ішінде тоғыз санының да атқарған өзіндік дәстүрлік, ырымдық және заң жарғылық рөлі бар екен. 

1. Тоғыз саны – қазақтың байырғы салтында қызын ұзатқанда, келін түсіргенде, құдалық жолға қоржын дайындағанда, "Қожын басы тоқ болсын" деп тоғыз киіт салу, шамасы келсе үш тоғыз жиырма жеті киіт сылау деген сыйлықты дәстүрі болған екен.

2. Қазақ ұғымында тоғыз – "Толық сан" деген мағынаны білдіреді. "Тоғызға тоқтамаған, сексен бірге де тоқтамайды" деп қанағатсыздық ұғымның шектеулі жиегі деп қараған. Өйткені бірден басталған санның ең үлкені, тоғыз. Тоғызды тоғызға көбейтсек сексен бір болады. Сексен бірге қанағат етпеген – "Оппа", "Тоғызға тоймаған, өмірінде тоймайды" деп бағалаған. "Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады" деген тәмсіл сөздің арғы алыс астарында тоқпейілден айырылып, тойымсыз болып кеткен аш көздің жаман мінез-құлқын ашып көрсетіп тұр.

3. Алыстан туысшылап, жолаушылап келген туыс-туған, жекжат ағайын адамдар не бір рудан екінші бір рудың ауылына арнайы шақырумен қонақ болып келген сыйлы адамдарды күтіп, қонақ етіп аттандырғанда да, олардың қоржынына "Бір тоғыз", "Үш тоғыз", "Тоғыз тоғыз" сыйлық зат салып, не мал беріп оларды риза етіп аттандыру деген жолды салт болған екен. Ал, келген қонақтарда дәл сондай "Бір тоғыз" ,"Үш тоғыз", "Тоғыз тоғыз" сыйлық әкелетін кездері де бар. Бұл "Сыйға – сый, сыбағаға – бал" деген қарымжы дәстүрі екен. Бұл жерде тоғыз саны – байлықты көрсетіп тұр. Келген елі бай екен, "Тоғыз беріп, тоқ аттандырыпты" деген дархандық пен жомарттықтың белгісін көрсетеді.

4. Тоғыз саны – тоғыз ай, тоғыз күнге тікелей қатысты. Бала ана құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып туылады. Қазақ тәмсілінде "Тоғыз қатынның толғағы бір сәтте келіпті" деген сөз тіркесі бар. Бұл сөздің тіке мағынасынан гөрі ауыспалы мағынасы үстем орнында қолданып келеді. Қат-қат жұмыстардың, үсті-үстіне үймеленген істердің қатты қарбаластығын меңзейді. Бұл жерде де "Тоғыз санын" ұтымды пайдалана білген. "Он қатын", "Жүз қатын " деп айтуды білмей отырған жоқ.

"Тоғыз санының" халық арасында кең тараған қалыпын "Киесін", "Қасиетті" қаймағын бұзбай қолдануды, халықтық ұғымды қалт жібермей сақтауды қатаң ереже етіп ұстанып қасиетін қаз қалпында сақтап отыр. Құдды сол тәрізді "Тоғыз қабат торқадан тоқты ішектің терісі артық", "Тоғыз жолдың торабында кездесу", "Тоғыз тарау жол", "Тоқсан тоғыз толғату", "Тоғыз құмалағы толық түсті", "Тоғызда толған ат мініп, тоғыз ауылды аралапты", "Қыз бала тоғызда балиғатқа толады", "Тоғызында тоғаған ай көрдім", "Тоғыз жау", Тоғыз пене", "Тоғыз оғыз Тоғыз тайпа), т.б. Сөз тіркестеріндегі ұғымдардың бәрі қазақ салт – дәстүріндегі наным - сеніміне байланысты ұғымдарынан туғанын дәлелдейді.

5. Қазақ халқының бағы заманғы дау – шарларды шешу, қазыға жүгіну, құн, айып, салық салу заңында, кісі өлтірген, мал ұрлаған, тонаушылық істеген, басқыншылық, қыз алып қашып зорлаған қылмыскерге, өткізген қылмысының ауыр – жеңілділігене және жер дауын, жесір-жетім дауын, ар-намыс дауын бір жақтылы еткенде де "Бір тоғыз", "Үш тоғыз", "Тоғыз тоғыздан" мал-мүлік төлеп өндіріп, дау шешу заңы болған. Бұл жерде де "Тоғыз санын" тектен-тек қолданбаған. Тоғызға тоқтауы – қазақ салты мен ата заңында өте берік бекем ұғымға айналған сан екенін түсінген үстіне түсіне береміз.

Қазақ ырымында ұшынып ауырғанда, бір затпен ұшықтап, сол затты басынан тоғыз айналдырып, тоғыз жолдың торабына тастайды. Сүйтсе ауырудан тез айығады деп ырымдайды. Міне, бұл да "Тоғыз" санына байланысты. Ал, қазақта тоғызға қатысты мынадай тізбекті ұғымдар бар. Бұғанда назар салып көрейік.

Тоғыз жау:
1. Жаман болса жақын жау,
2. Шабан болса атың жау,
3. Шайпау болса қатын жау,
4. Тартыншақ болса түйең жау,
5. Тебеген болса биең жау,
6. Күнде келсе күйеу жау,
7. Жымысқы болса жиен жау,
8. Опасыз болса ұлың жау,
9. Арсыз болса қызың жау.

Міне, қазақтың шешендік сөздерінде осындай тоғыз сандық ұғымдармен түсіндіретін сөздер көп. Осыдан-ақ "Тоғыз санының" халық санасына сіңіп, дәстүріне терең орнағанын білеміз.

Енді біз қазақ айтылымындағы "Тоғыз ортаққа" аз-кем тоқталайық:
1. Шешеннің тілі – ортақ,
2. Шебердің қолы – ортақ,
3. Қалжа – ортақ,
4. Олжа – ортақ,
5. Торқалы той – ортақ,
6. Топырақты өлім – ортақ,.
7. Су – ортақ,
8. Қара шаңырақ – ортақ,
9. Жол – ортақ.

1) Шешеннің тілі неге ортақ?
Шешен – орақ ауыз, от тілді, тар жерде, тап бермеде, дүйім жұрт алдында, шешімі қиын жұмбақ жағдайлардың шешімін қысқа ғана бір ауызбен шешіп, халықты бастап тығырықтан алып шығып кететін, жезтаңдай, бұлбұл көмей, білімді, ғылымды, өнерлі, көреген көсем, ел сыйлаған дана адамы – "Шешен" деп атайды. Ол қарақан басының қамы үшін емес, тұтас халық тағдыры үшін қызмет атқарып, халқының жоқшысы болғандықтан оның тілі жалпы қауымға – "Ортақ" болады.

Қазіргі кезде қазақ әдебиетінің үлкен бір жанры "Шешендік өнер" ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарында ресми оқытылады. Арнайы оқу құралдары да бар.

2) Шебердің қолы неге ортақ?
Оң қолынан өнер тамған, жасампаз шебер адамның әр алуан жасаған бұйымдары мен заттарын жалпы халық орталық тұтынады, игіліктенеді. Шебердің қолы деген оның ғаламат өнері. Ал өнері өзіне тән болғанымен өндірген заттарын халық ортақ пайдаланады. Сондықтан шебердің қолы – халыққа ортақ деген ұғым қалыптасқан.

3) Қалжа неге ортақ
Сәбидің өмірге келуін құтықтау дәстүрінің бірінші ырымы – "Қалжа" дәстүрінен басталады. Біз бір нәрсені біліп алуымыз керек. Бұл – аналар қауымына ортақ дәстүр. Дүниеге келген сәби тағдырына қатысты ең тамаша дәстүрлі ырым. Атам қазақта "Қатын қалжадан, ер олжадан марқаяды" деген сөз бар. Екі ер ерегескенде "Менің де шешем бір қой қалжа жеген" деп күш-жігерін, ар-намысын қалжаға байлап айтуы тектен-тек емес. Ерлер қалжа етін жемейді. Ол рас, қалжадан ер адам ауыз тисе, өсекші болып кетеді, ерлік қуаты кемиді деп ырым етеді. Бірақ, қалжаны босанған әйел ең алдымен ауыз тиеді. Сосын баланың жөргек анасы, кіндік анасы, туыт анасы және басқа да әйелдер ауыз тиеді. Бұл сәбиге арналған "Ақ сары бас қойдың" етін жеумен ғана өлшенбейді.

Сәбидің дүние есігін ашқан қуанышымен, бала босанған ананың бақытымен өлшенеді. Бұл – жалпы әйел қауымына, бала дүниеге келген шаңыраққа ортақ қуаныш. Қала берді сол ауылға ортақ қуаныш. Сондықтан "Қатынның жалжасы – ортақ" деп бағалаған.

4) Олжа неге ортақ?
Олжа – қазақ дәстүрінде ерте қалыптасқан жалпыға тән ұғым. Олжа мазмұнына қарай "Мергеннің атқан аңының еті мен терісі", "Әскери жорықта батырлардың жауды жеңіп, алғандағы мал-дүние, қатын, қыз-қырқын, жер", т.б. дүниелері. "Ер адамдардың аяқ астынан тауып алған дүниесі, арысқа түскендегі елге салған олжасы. т.б. олжа деп аталады. Жалпы жұрт болып бөлісіп алатын болған. Соны олжа бөлу, олжа салу, олжа байлау деп дәстүрге айналдырған. Соның бір тұсын алып "Мергеннің олжасы ортақ" деген тамаша дәстүрге байлап ұқтырған. Қазақ ырымында жерде жатқан бір асыл затты тауып алса, олжа-олжа деп үш рет айғайлайды. Егер иесі жақын маңда жүрсе, қайтарып береді. Болмаса оны ауыл қазысына береді. Оны өз бетімен пайдаланбайды. Сондықтан олжа – ортақ. 

5) Торқалы той неге ортақ?
Той – жалпы қауымға арналған қуаныш. Адам баласының той жасауы өз отбасы қуанышын көппен бөлісу. Көптің алғысын, батасын алу. Сол қуанышты дүйім жұртпен өткізу. Қазақтың бар қуанышты дәстүрлері торқалы тойда атқарылады. Той көпсіз өтпейді. Көппен ортақ өтеді. Сондықтан торқалы той – ортақ.

6) Топырақты өлім неге ортақ?
Қазақта – "Тумақ – сүннет, өлмек – парыз" деген мақал бар. Жұмыр басты пенденің өмірі өліммен аяқтайды. Жер бетіндегі бар тіршілік атаулының тумағы бар, өлмегі бар. Сондықтан торқалы той-қуанышқа ортақ болса, Топырақты өлім – жұбанышқа арналған қаралы бас қосу. Содықтан топырақты өлім – ортақ.

7) Су неге ортақ?
Су – тіршіліктің қайнар көзі. Ағынды су бар халыққа ортақ, одан адам да, мал да, аң да ортақ су ішеді. Сондықтан ағынды су – ортақ. "Су иесі – Сүлеймен алысқан талай дүлемен" деген сөз бар. Суды меншіктену қазақ салтында жоқ заң. "Бұлақ басындағы су ішеді, аяғындағы у ішеді" деп бұлақты лайламауды қатаң заң, ортақ қорғауды жақсы салтқа айналдырған.

8) Қара шаңырақ неге ортақ?
Қазақта "Отау үй – бұтақ, Орда үй – ортақ" деген мақал бар. Қазақ халқының салт пен дәстүрінде қара шаңырақты қастерлеу өте ертеден келе жатқан жақсы салт, ұлы дәстүр. Қара шаңырақты "Киелі шаңырақ, Құт шаңырақ, Үлкен шаңырақ, Ата шаңырақ, Көне шаңырақ" онда құт пен қасиет бар деп ерекше қастерлейді. Ол үлкенді сыйлау, қарияны қастерлеуден туған ырымды дәстүр. Қара шаңыраққа сәлем беру, Қара шаңырақтан аттамау, Қара шаңырақты сыйлау деген дәстүр осыдан қалған. Жалпы қазақ дәстүріндегі ең мықты дәстүр – "Қара шаңырақтан барып бата алу салты" ортақ дәстүр. Сондықтан Қара шаңырақ – ортақ.

Мәдениеттің қара шаңырағы, өнердің қара шаңырағы, жазушылар одағының қара шаңырағы, т.б. қарашаңырақ атаулары бар. Сондықтан бұрын да қазір де қара шаңырақты қастерлеп ұстау дәстүрі жалғасып келеді. Қара шаңырақ – қазақтың қacтеpлі, қacиетті үйі. Оны «үлкен үй» деп те ерекше құрметтейді. Қазақстан қазақтың отаны, қазақтың қара шаңырағы деуге де болады. Шаңырақ ұғымы өте бағалы ұғым. "Шаңыраққа қара" деген бір ауыз сөзде көл-көсір ұлы ұғым бар.

9) Жол неге ортақ?
Жолдың екі мағынасы бар. Бірі кәдімгі қара жердегі қара жол. Екіншісі, халықтың рухани танымындағы, салт-дәстүріндегі көпшілік қауым бірлікте атқаратын рухани жолы. Сондықтан жалпы қауым жүретін қара жол да, рухани жол да жалпыға ортақ.
Тоқетерін айтқанда, жалпы халық мүдесіне, тұрмыс-тіршілігіне, наным-сеніміне, салт-дәстүріне, береке-бірлігіне саятын, жалпы қауым болып ортақ атқаратын істерді, ата-баба салтында "Тоғыз ортаққа" осылай жинақтаған болуы мүмкін.
Ал, басқада адам баласына ортақ дүниелер өте көп. Мен, өз басым осы тоғыз ортақ деп таныған танымды, көне материалдарға сүйене отырып орталарыңызға жазып ұсындым. Кетігі, кемдігі болса, білімпаз жастар мен көне көз қарялар әділдігін айта жатар...

Болат Бопайұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір