16 Наурыз, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Қаңтар қырғынында қаза болған 4 жасар Айкөркемге қатысты қылмыстық іс әлі жалғасып жатыр. Сот Айкөркемге оқ атқан 5 сарбаздан күдікті емес куәгер ретінде жауап алған. Ал 4 жасар қыздың өліміне взвод командирі ғана күдікті ретінде танылған. Тергеудің әділетсіз өтіп жатқанын айтқан Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берді.
– Айкөркем өмірден өткелі отбасымда ешкім еңсесін көтере алмады. Қызымызды сағынамыз, зират басына жиі барып тұрамыз. Айкөркемнің қазасын өз көзімен көрген ұлым әлі күнге дейін "қарындасымды құтқара алмадым", деп жылайды. Тете өскен ағасы көшеден қарындасымен құрдас қыздарды көрсе "Айкөркемді тауып беріңдер" деп шу шығарады. Ал үлкен қызым "оның орнына неге мен кетпедім" деген кезде жанымды қоярға жер таппаймын", – деп көзіне жас алды Айдос Мелдехан.
Айдос Мелдеханның бір аяғы сынып, жүріп-тұруы қиындаған. Үйіне барған кезде "еңбектеп әрең жүргенін" айтып, бізді күтіп ала алмағаны үшін бізден кешірім сұрады.
– Менің де денсаулығым болмай жүр. Айкөркем қаза болған күні үлкен қызым Жанель де жараланған еді. Дәрігерлер денесінен 7 оқ шығарды. Қызыма бірнеше рет от жасалды. Жан-жақтан көмек сұрадық. "Қазақстан халқына" қорының бастығы басқа көмек көрсетуден бас тартты. Көмектесеміз деген Олжас Құдайбергеновке хабарласқанымда "Болат Жамишев келісім бермеді" деп қысқа қайырды. Ал Алматының әкімі болып сайланғанан бастап Ерболат Досаевтың қабылдауына жазыла алмай жүрмін. Ол өзінің маңына да жолатпайды. Қазақстанда әкімдіктің алдына барып өзіңді өртеп жіберетініңді айтсаң да әкіммен кездесе алмайсың. Тек әкім орынбасары ғана кабинетінен шығуы мүмкін, – деді Айдос Мелдехан.
Қызының өліміне қатысты сот үкімін күтіп отырған Айдос Мелдехан халықаралық сотқа арызданатынын айтты. Алайда ол отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Сол себепті бала-шағасымен бірге шетелге көшіп кеткісі келеді.
– Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Денсаулығым болмай, дәрігерге жүгіріп жүрсем сайлаудың кандидаттары "маған дауыс беретініңізді айтып, видео түсіріңізші" деп өтініш жасап жүр. Қазіргі кандидаттарға сену қиын. Сайлау біткен соң әрқайсысы жылы орнына жайғасып алады. Тіпті олардың тағдыры сайлауға дейін шешіліп қойған. Халықтың сөзін сөйлеймін деп жүргендер сөздерінде тұрмайды. Осылай ұрандатып жүргендердің бірі – Ринат еді. Аяғы не болды... Бір сұхбатында "Тоқаевтың оқ атуға бұйрық бергені дұрыс болды. Амалы болған жоқ" деп айтыпты. Дені дұрыс па? Менің Ринатқа айтар сөзім жоқ, – деді ол.
Айдос Мелдехан Қаңтар қырғынын ұмытып бара жатқан халыққа да өкпелі екенін айтты. Жаңаөзен оқиғасы мен Қаңтарды байланыстыра келе мұндай оқиғаның тағы да қайталануы мүмкін екенін айтты.
– Алғашында мені Дулат Ағаділдің тағдырын қайталайсың деп қорқытты. Дулат Ағаділдің тағдырын қайталаудан қорықпаймын. Ол нағыз елдің қамын ойлаған азамат еді. Өлсем артымда әділет іздейтін бала-шағам бар. Шындық іздегенді атып тастайды деп қорықпаңыздар. Әділет әйтеуір бір күні орнайды, – деді Айдос Мелдехан.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір