Фото: Qamshy.kz
Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі Мұхтар Тайжан да баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Шараға бірқатар қоғам белсенділері қатысты.
Журналист Думан Мұхамедкәрім жақтастарына бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтты.
"Сайлаудың аты шыққалы жақтастарымды қорқыту–үркіту, сатып алуға тырысу басталды. Сайлаудағы заңбұзушылықты көргендер Ұлттық қауіпсіздікті сақтайтын полициядан қорқады", деп мәлімдеді Думан Мұхамедкәрім.
Баспасөз мәслихатында журналист Думан Мұхамедкәрім сайлау барысындағы заңсыздықтарды көрген азаматтармен видео арқылы сөйлесіп, дәлелдерді көрсетті.
"Қанды қаңтардан кейін эволюцияға бет бұрған шығармыз деп үміттенген едім. Бірақ осы сайлау да әділетсіз өтті, дауысымыз ұрланды. Қазақстанның бүкіл байлығын 150 олигарх пен 2 шалдың қолында қалды. Халық дымсыз қалды. Тоқаев сынаған "диван сарапшылары" орнымыздан тұрайық. Бейбіт шеру жасамасақ, бәріміз түрмеде шіриміз. 120 кандидатты наурыздан кейінгі бір күнді белгілеп, митингке шығуға шақырамын", деп хабарлады журналист.
Сондай-ақ журналист өзінің де алдыңғы қатардан табылып, митингке қатысатынын айтып өтті.
"Тазы ашуын тырнадан алады демекші енді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын алып келіп наразы халықты қырып тастауы әбден мүмкін. Бірақ мен айтқанымнан қайтпаймын. 120 кандидат, дайын отырыңыздар. Билік қойылымға айналдырған сайлау нәтижесін көрейік. Хаттамаларын алып, өзіміздің нәтижемен салыстырайық. Бұл билікті эволюция өзгертпейді. Себебі оларда сана жоқ. Тек қана революция... Алдағы бір күнді белгілейік. Егер сол уақытқа дейін мені қамап тастамаса, атып тастамаса өзім алдыңғы қатарда боламын", деп пікір білдірді Думан Мұхамедкәрім.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір