• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:52:43
Алматы
+12°

Қазіргі кезде қазақстандық балалар арасында телефонға деген тәуелділік артып, шет тіліндегі видео контенттерге әуес болып келеді. Бұған бірден-бір себеп – балаларға арналған қазақ тілді контентің аздығы. Алайда елімізде балалардың болашағына бей-жай қарамай, пайдалы өнім шығарып жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – «Bilbala» кітапшасының авторы Қуанышбек Аралбайұлы. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қуанышбек Аралбайұлынан аталған кітапшаның пайдасы мен ерекшелігі жөнінде сұхбат алды. 

Қуанышбек мырза өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз. 

Толық аты-жөнім – Қуанышбек Аралбайұлы, Алтайдың тумасымын. 15 жасымда Атамекенге келдім. Астана қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде бакалавр, магистратураны аяқтадым. 10 жылдан астам уақыт Астана қаласында тұрамын. Бүгінгі күнде балаларға арналған әртүрлі жобаларға жетекшілік жасап келемін.  

«Bilbala» кітапшасын шығаруға не себеп, мақсатыңыз қандай? Балаларға арналған кітапша шығаруға не түрткі болды?

Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда «Bilbala» деген бренд қалыптастыру. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыс істейтін боламыз. Тек бір кітапшамен шектеліп қалмай, өнімдеріміздің санын көбейтіп, халық арасында кеңінен тарату да жоспар да бар. «Bilbala» кітапшасын шығаруға балаларға арналған қазақша контенттің аздығы себеп болып отыр. Бұған дейін «Балапан» телеарнасында, «Қазақфильм» киностудиясында «Кинофонд» деген мемлекеттік киноны қолдау орталығы жоба жетекшісі, продюссер ретінде жұмыс істедім. Қазір еліміздегі балаларға арналған контент бар. Бірақ басқа тілді контенттерге қарағанда аз. Сондай-ақ қазіргідей электрондық-цифрлық дүниелер дамыған заманда баланың қолымен ұстап, көзімен көретін пайдалы заттар жоқ. Кітап сататын танымал дүкендерде балаларға арналған қазақ тілді кітаптар жоқтың қасы. Сол себепті осындай балалардың қызығушылығын арттыратын цифрлық өнімдерді көптеп шығаруды мақсат етіп отырмыз.  Мұндай өнімдер ата-аналарға көмекші құрал ретінде қызмет атқарады.

Кітапшаның басты ерекшелігі неде? «Bil bala»  қайда және қалай дайындалады? Дизайнын өзіңіз жасадыңыз ба?

«Bilbala» кітапшасының басты ерекшелігі – баланы ойын арқылы дамытады. Қазір көпшілікке белгілі "цифрлық аутизм" деген дерт пайда болды. Цифрлық аутизм – баланың ауытқуы. Бұл неден пайда болады? Егер бала смартфон мен гаджеттерге тәуелді болып, барлық энергиясы мен уақытын телефонға арнайтын болса миының бір бөлігі тәуелді болып қалады. Сол себепті баланың уақытын тиімді пайдалануы үшін осындай кітапшаны шығардық. Кітапшадағы ертегілер баланың назарын өзіне аударып, дамуына себеп болады. Қазір балалардың тілі кеш шығып, сөйлей алмай жатыр. Елімізде логопедия деген мамандарға да сұраныс артты. Кәсіби логопедтер осы кітапша арқылы балалардың дұрыс сөйлеуіне себепкер болып жатыр. Өзім де бірнеше орталыққа бардым. Сол орталықтың логопед мамандары да оң пікірлері мен ұсыныстарын айтып жатыр. Олардың ұсынысы бойынша да алдағы уақытта жаңа кітапша шығаратын боламыз. «Bilbala» кітапшасының дизайынын, бағдарламасын, аудиодыбыстары мен графикалық дизайнды командамен бірге жасап шықтық.

Электронды кітапша қай жастағы балаларға арналған? Пайдасы қандай?

Кітапша 3-5 жастағы балаларға арналған. Пайдасы – балаларды телефонға тәуелділіктен құтқарады. Ата-аналар көмекші құрал ретінде пайдаланса, балабақша тәрбиешілері де қолданса болады. Кітапшаның балаға ешқандай зияны жоқ. Бала ойнап отырып дамитын болады.

Кітапша не себепті үш тілде?

Бұған дейін біз «Smart botaqan» атты балаларға арнап планшет жасағанбыз. Қазіргі уақытта бұл жоба тоқтап тұр. Себебі ішкі бағдарламаларына бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жобаны да «Bilbala» өнімдеріміздің қатарына қосатын ойымыз бар. Бұл планшетті біз тек қазақ тілінде шығарған едік. Кейін ата-аналардан кері байланыс ретінде жақсы пікірлермен қатар бірнеше ұсыныс жасалды. «Неге тек қазақ тілінде шығардыңыздар? Менің балам орысша сөйлейтін еді. Балама қазақ тілін үйреткім келеді» деген ата-аналар көп кездесті. Сол себепті орысша-қазақша қатар шығарып, осы ұсынысты ескердік. Мысалы, балалар кітапша арқылы  сөздерді бірінші орысша тыңдап кейін қазақшаға аудармасын көріп, мағынасын үйренеді. Осылайша балаларды қазақша үйретуге болатынын түсіндік.  Мақсатымыз – орыс тілінде сөйлейтін балаларға қазақ тілін үйрету. Ал ағылшын тілін кітапшаға толық енгізбедік, тек әліпбиі ғана бар. Кішкентай балалар өте зерек, көргенін тез жаттап алады ғой. Сол себепті ағылшын тілінің әліпбиін жаттап алсын деген мақсатта осындай қадамға бардық.

Балаларға арналған жобаңызға қолдау білдіргендер болды ма?

Қосымша «Асылтас» қоғамдық қоры болды. Қазір Дулат Тастекей деген ағамыз басқарады. Сол ағамыз 2021 жылы қоғамдық қорға қазақ тілді жобаларға қолдау көрсету үшін арнайы 25 грант жариялаған еді. «Ботақан» атты жобамызбен байқауға қатысып, жеңімпаз атандық. Қоғамдық қор жобамызға 1 млн теңге бөліп, қаржылай қолдау білдірді. Дулат Тастекейдің өзі «Мұндай жоба үшін 1 млн теңге құмға сіңген судай аз. Алайда көңіліміз, біздің тараптан жасалған қолдау деп біл» деп өзінің ықыласын білдірген еді. Оған алғысым шексіз. Ал бұдан басқа ешқандай кәсіпкердің есігін қағып, өтініш айтқан емеспін. Алдағы уақытта осындай ұлттық өнімдерді қолдаймын дейтін ұлтжанды азаматтар болса мен қуана қабылдаймын.

Алдағы жоспарлармен бөлісе отырсаңыз...

Әрине, алда жоспарымыз өте көп. Әлихан Бөкейханұлының «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін ұран қылып алдық. Өзіміздің басымыз аман, деніміз сау болса балаларға арналған қазақша өнімдерді көбейте береміз. Бүгінгі балалар – еліміздің ертеңі деп түсінуіміз керек. Сол себепті балаларға сапалы білім мен жақсы мәлім-тәрбие беру – ата-ана мен бүгінгі қоғамның ең үлкен міндеті. Осындай маңызды жолда өзіміздің азғантай болса да үлесімізді қосқымыз келеді. Болашақта мобильді қосымшалар, электрондық ойыншықтар, түрлі гаджеттер секілді өнімдерді көптеп шығарсақ деген ойымыз бар. Қазіргі балаларды таңғалдырудың өзі қиын ғой. Цифрлы дүние, заман ағымы күн санап өзгеріп жатыр. Сол себепті балалардың назарын аударып, қызығушылығын оятатын өнімдер арқылы білім беруіміз керек.

Бұдан бөлек өзім режиссер ретінде ата-аналарға арналған анимациялық жобалар жасауды қолға алсам деймін. Жобада қазіргі кезде көп кездесетін "Балаларды телефоннан қалай қорғаймыз?", "Бала психологиясын бұзбай қалай дұрыс қарым-қатынас құрамыз?", "Ұрпақ бойына ұлттық құндылықты қалай сіңдіреміз?" деген мәселелерді қамтитын болады. Ата-анаға көмек ретінде жақсы жоба жасалады деген ойдамын. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір