• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 01:16:26
Алматы
+12°

Сотталған қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай БҰҰ-ның Қазақстан үкіметіне үндеу жолдағанын хабарлады. Инга Иманбай тіркелмеген Демпартия жетекшісінің ісіне қатысты БҰҰ есебін жариялады. 

"Белгілі құқық қорғаушы Анар Ибраеваның арызына орай, БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі Жұмыс тобы Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай ісі бойынша пікірін жариялады. Бұл құжатта Жанболат Мамайды қорғау тарабының және Қазақстан үкіметінің жауабы көрсетілген. Келтірілген деректерге сүйене отырып, БҰҰ Жұмыс тобы былай деді: "Жұмыс тобы Мамай мырзаны бас бостандығынан айыру жөнсіз деп санайды, себебі ол Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19 және 20-баптарына сәйкес кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру аясында әрекет етті", деп жазды Инга Иманбай өзінің фейсбук парақшасында. 

Сондай-ақ, БҰҰ Жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жасаған.

"Жұмыс тобы Қазақстан үкіметінен Мамай мырзаның жағдайын дереу түзетуді және оны тиісті халықаралық нормаларға, оның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде баяндалған нормаларға сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұрайды", –делінген жазбада.

Сонымен бірге, БҰҰ өкілдері Қазақстан үкіметіне Жанболат Мамайдың өтемақы талап етуіне құқығы болуы керегін де еске салады. Бұл есеп бойынша ҚР Үкіметі БҰҰ-ға алты айдың ішінде жауап беруі қажеттігін айта отырып, олай болмаған жағдайда өз тарапынан әрекеттер жасалатынын да көрсетті.

“Бір сөзбен айтқанда, БҰҰ Жанболат Мамайға араша түсті деген сөз! Оны қудалаудың жөнсіз әрі халықаралық нормаларға қайшы екенін баса айтты. Бұл сөзсіз, үлкен жеңіс! Билік БҰҰ Жұмыс тобының, басқа да беделді халықаралық ұйымдардың талап тілегін ескерусіз қалдырмауы тиіс деп санаймыз. Жанболат Мамай дереу ақталып, бостандыққа шығуы керек!”, – деді Инга Иманбай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір