• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:45:56
Алматы
+12°

Қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов өзіне қатысты даулы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында жазды. 

"Жағымсыз жағдай орын алғанын білемін. Бірақ әлеуметтік желіде тараған видео мені жағымсыз түрде көрсеткен. Оқиғаның мән-жайын білмей оқырмандар менің тарапыма теріс пікірлер жазып, балағаттап жатыр екен. Қазіргі заманауи техникалар бар кезде оқиғаны басқа жағынан көрсету оңай екенін бәріміз білеміз. Өзінің әрекетін дұрыс етіп көрсетіп, оқиғаны бұрмалау үшін видео қиылып, желіге таратылған", деп жазды спортшы. 

Кейін боксшы жанжалдың не себепті туындағанын түсіндірді. Оның сөзінше, дау балалар арасындағы келіспеушіліктен басталған. 

"8 жастағы балам өзін танымайтын баланың ұрғанын айтып маған шағымданды. Кейін әкесіне болған жағдайды айтып, "баламды ұрған сенің ұлың ба?" деп сұрадым. Ол болса ашулы түрде "Иә не істей аласың?" деп жауап қатты. Оның агрессивті жауабына қатты таңғалдым. Мен отбасыммен бірге демалып, жақсы уақыт өткізу үшін келген едім", дейді Бейбіт Шүменов. 

Алғашында боксшы ескерту жасаған. 

"Желкесінен ұстап: Қалай-қалай сөйлесіп тұрсың дедім. Алайда ол қолына үстел үстінен зат алып, маған шабуыл жасауға тырысты. Қолына алған заты пышақ емес екенін байқаған соң баласын орындыққа отырғызды. Ол өз баласын қалқан ретінде қолданды. Ашулы күйінде қолына пышақ алып қайта шабуылдады. Ол маған пышақпен шабуылдаған соң ашуға міндім. Мен енді өз баламды ғана емес, өзімді де қорғауым қажет еді. Видеодан байқасаңыздар мен ер азаматты диван жаққа қарай итердім. Баласын қолынан тастауы үшін осылай істедім. Ал кәсіби боксшы ретінде өзімнің қайда соққы жасайтынымды жақсы білемін. Сол себепті балаға қолымның ұшы да тимеді", деп жазды ол. 

Сондай-ақ боксшы өзінің баласын ұрған баланың аутизммен ауыратынын айтты. Баланың анасы боксшы мен оның әйелінен кешірім сұраған. 

"Аудандық бөлімге барған кезде балалар ештеңе болмағандай ойын ойнады. Ал анасы менен және әйелімнен кешірім сұрады. Кішкентай бала еш себепсіз басқаларға қол жұмсап, ұрып-тебеді екен. Мұны естіп қатты өкіндім. Анасына сабыр тілеп, тезірек жазылып кетуін тіледім", дейді Бейбіт Шүменов. 

Оның айтуынша, ер адам аса зардап шеккен жоқ.

"Сот сараптамасы оның дене жарақаттарының салдарынан денсаулығына жеңіл де, орташа да зиян тимегенін растады және анықтады. Ер адамның қолында болған баладан кешірім сұрағым келеді және бала осы жағымсыз көріністің куәсі болғанына өкінемін. Қазіргі уақытта жанжал толығымен аяқталды. Мені жамандағысы келетін барлық адамдарға айтарым – мен қара болсын, ақ болсын, пиарға қызықпаймын және лас интригаларға қатысқым келмейді", – деді Шүменов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір