10 Тамыз, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Алматы әкімдігі автотұраққа қойылған автобустарға қатысты түсініктеме берді. Қала мәслихатының кезектен тыс VII сессиясында депутат Тимур Елеусізов "автобустар зираты" туралы мәселені көтерді.
"Біз ұзақ жылдардан бері жолаушылар тасымалын субсидиялау бойынша әкімдікке қолдау білдіріп келеміз, өйткені олардың шығыны көп. Биыл біз 600 автобус пен 100 троллейбус алуға ақша бөліп жатырмыз", - деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде қаладағы "автобустар зиратына" қатысты мәселе жиі сөз болады.
"Неліктен 600 автобус жұмыс істемейді және тұрақта тұр – неге қосалқы бөлшектер сатып алынып, әрі қарай пайдаланылмайды?" депутат сұрады.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев автотұрақта 823 автобус бар екенін, оның 651 бірлігін бұрын сенімгерлік басқару негізінде Green Bus ЖШС пайдаланғанын айтты.
"Бұл автобустар 2010-2013 жылдары шығарылған. Қазіргі уақытта олар тозғандықтан қалпына келтіруге келмейді. Ал қалған 157 автобусты Алматы облысының балансына бердік", - деді Сағындық Телібаев.
Тағы 15 автобустың мәселесі шешіліп жатыр. Олар 18 метрлік ЛиАЗ автобустары. Бұл қоғамдық көліктерге қосалқы бөлшектер сатып алынып, жөнделеді дейді билік.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір