28 Тамыз, 2023 NEWS
Фото: qamshy.kz
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбековпен бірге бірқатар маңызды шараларға қатысты.
Министр сапар барысында «Семей медицина университеті» КЕАҚ базасында орналасқан мұражайға барды. Мұражай «Университет тарихы» және «Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова» атты екі экспозициядан тұрады. Бірінші экспозицияда медицина университетінің тарихы мен қызметі, құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілген. Екінші экспозиция Кеңес Одағының батыр қызы Мәншүк Мәметоваға арналған. Онда батыр қыздың өз қолымен жазған өмірбаяны, майдан даласында жазылған хат көшірмелері қойылған.
Сапар аясында ведомство басшысы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысының отырысына қатысты. Іс-шара жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беруді жетілдіру, заман талабына сай адами капиталды дамыту және университеттердің үшінші миссиясын жүзеге асыру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жиын барысында ректорлар жоғары оқу орындарының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орны мен білім беру бағдарламаларын дамытудағы стратегиялық міндеттер туралы пікір алмасты. Отырыс соңында Қауымдастық еліміздегі академиялық білім беру жүйесін дамыту, халықаралық байланыстарды жетілдіру және өңірлерді сапалы кадрлармен қамтудың өзекті мәселелері туралы қарар қабылдады.
«Министрлік бастаған жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр. Жоғары оқу орындарының ректорлары анықталды, жоспарлар белгіленді. Өткен жылы жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Әрбір жоба бірінен соң бірі қаралып, жүзеге асырылып жатыр», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, Шәкәрім университетінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында «Семей ядролық сынақ полигоны: ғылым жəне социум» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында сарапшылар мен мамандар, соның ішінде Халықаралық антиядролық қозғалыс өкілдері, ғалымдар және Ұлттық ядролық орталық өкілдері баяндама жасады. Олар ядролық сынақтарға қатысты экологиялық, ғылыми, тарихи және әлеуметтік мәселелерді және оның аймақ пен жаһандық қоғамға әсері жайындағы зерттеулерімен бөлісті.
Шара аясында Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі, суретші Құрман Аймұханбетовтың «Семей полигонының қасіреті» атты көрмесі ұйымдастырылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір