• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 11:45:55
Алматы
+35°

"Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі, саясаткер Ғалымжан Жақиянов әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты қылмыстық істің қайта қозғалғанына байланысты пікір білдірді. 

"Бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезде ашылған. Сонда Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары өз мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген дәлел бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде"- деп жазды саясаткер. 

Ғалымжан Жақиянов бұл бопсаларға көнбей, ел басшылығы бұдан ештеңе шықпайтынына көзі жеткен соң, билік оны түрмеден шығаруға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Саясаткер 2006 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын осылай түсіндірді.

"Содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау "конторасында" жатты. Шамасы "X сағаты" жеткенде мені ноқталау үшін билік сол істердің қажеті болар деп сақтаған сияқты. Маған қарсы қозғалған істер ұмытылып кеткендей болды. Бірақ мен ұмытқан жоқпын. 20 жыл бойы өзім және менің адвокаттарым тиісті мемлекеттік органдарға арыз-талаптар жазып келдік. Әр жолы ҰҚК мен құқық қорғау органдарынан түрлі сылтаумен мәнсіз жауаптар келіп тұрды. Енді "қылмыс құрамы жоқ" деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылды"- деді ол. 

Алайда Жақиянов қылмыстық істердің жабылуымен әділет орнады деп есептемейтінін жазды. 

"Заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді. Бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек. Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек"- деп мәлімдеді саясаткер. 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір