• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 11:31:06
Алматы
+7°

Фото: ашық дерек көздерінен

Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл халқымыз аса көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы, эссеист, дипломат және филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің  80 жылдығына арналған «Тарихи мәдени үдерістегі сабақтастық» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция болып өтті. https://www.kaznu.kz/ru Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ дің Басқарма Төрағасы Ж.Қ.Түймебаев мерейтой иесін құттықтап, қоғамдағы орны мен еңбектері туралы мазмұнды баяндама жасады. Конференцияның мазмұнды  өтуіне үлкен үлес қосқан жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қ.Суатай және университет оқытушы-профессорлары болды. Университетіміздің орталық кітапханасының конференция залы  зиялы қауымға лық толды. Ғалымдар мен журналистер, қоғам қайтаркерлері мен қаламгерлер, студент жастар бұл кездесуге аса үлкен құрметпен қатысты. Конференцияға қатысқан қонақтар ұлы Мұхтар Әуезовтің  мұрагері ел үшін әке аманатына адал болып, ұлттың жанашыры ретінде еткен зор еңбегінің куәсі болдтаы. Жастар ел үшін ерекше орны бар құрметті тұлға екенін таныды.

 Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, драматург, ғалым, қазақты әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің отбасында туылған Мұрат әкесінің өсиеті арқасында туған тіліне, халқына, мәдени мұрасына деген сүйіспеншілік пен құрметті бойына сіңіріп өскен ұлтжанды азамат. Мұрат Әуезов 1960 жылдары құрылған «Жас тұлпар» – ұлтшыл-дәстүршіл бағыттағы сұхбат-талқылау клубының қалаушыларының бірі. Аталған клуб Мәскеу қаласында оқып жүрген қазақ студенттер тарапынан қазақтың тілі мен салт-ғұрпын ұмытпай, ары қарай үйреніп меңгеруге бағытталу үшін құрылған еді. Бүгінгі таңда Мұрат – қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, қазақ тілі мен мұраларын зерттеген дипломат.

          Ғалым 1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде елді өзгертуге белсене қатысты. Парламент депутаты болып, әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш Елшісі қызмет атқарды. Мұрат Әуезов «Қазақфильм» киностудиясында бас редакторы (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасын басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы (1990), Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарды. КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшінгі диссертацияны қорғады. Қазақстан Журналистика Академиясының 27.02.2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы академияның толық мүшесі болып сайланды. Осындай ауқымды істердің басында жүріп, әр сөзінде елдің болашағы болған жастарға ерекше сеніммен назар аударып отырды.  Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылы: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры - осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал». «Аталы сөз атан түйеге татиды» демекші, осындай өсиетін бүгінгі жастар саналы түрде ұғынып, саналарына сіңіруде. Кешегі Алаш көсемдерінің арманын орындауға білімді жастар ғана емес, мінезді, ұлтжанды отансүйгіш жастар керек.

         Міне, ұлтжанды қайраткердің ел мен жер, рух пен намыс, ұлттық мұрамыз бен құнды жәдігерлеріміз туралы пікірлері бүгінде осындай. Асылдың сынығы, тұлпардың ізі екенін осы көзқарастарынан анық байқауға болады. Елдің болашағы үшін осындай ұлттық руханиятты өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа толық жеткізуіміз керек. Біздің бүгінгі мақсатымыз да -  осы. Қазақ руханиятының шын жанашыры, насихатшысы, дамытушысы болған қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан тағлымы, ұрпаққа қалдырған мұрасы өміршеңдігімен құнды. Елге қызмет етудің, тілді құрметтеудің, өз тарихыңды терең білудің, әдебиеттегі талғам мен өренің биік үлгісін танытқан дара тұлға екенін өмір жолынан, еңбектерінен көріп, танып, болашаққа үлгі ете беруіміз керек.

«Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді».  Ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезовтай әкенің үмітін ақтап, қалың қазақтың ұлттық мұрасын, тілін, тарихын, сөз өнерін ұлықтап, ертеңгі болашақ қамы үшін аянбай еңбек еттіңіз! Сол еңбегіңіздің жемісін көрген мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Жүз жасқа дейін ұлтқа қызмет етуді Алла нәсіп етіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз! Ел аман, бейбіт заман бола берсін!

Ж.С.Әділханова,

С.Қ.Қосан,

      Г.Мужигова.        

      Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушылары

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір