22 Қыркүйек, 2023 Саясат
Қазақстан мен Ресей "ажырасатын" күн келе жатыр
Қазақтың бағы ашылып кетуі мүмкін. Аз қалды, шамасы.
Фото: Ақорда
«28-29 қыркүйек күндері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барады», деген ақпарат жетті Ақорда жақтан.
Берлинде Тоқаев федералдық канцлер Олаф Шольцпен және федералдық президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізбек.
Ең қызығы, дәл сол күндері дәл сол Берлинде Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуі жоспарланған екен. Оған Қазақстан президенті де шақырылыпты.
Айта кетсек, осы аптада ғана Орталық Азия елдерінің басшылары Нью-Йоркте АҚШ президенті Байденмен кездескен еді.
Кешегі Нью-Йорктегі жиынның да, ертеңгі Берлиндегі бұл кездесудің де бір ұлы жоспардың пұшпағы екенін аңғару қиын емес.
Қызық болғанда, таяу жылдары қазақтың бағы ашылуы бек мүмкін. Екі ғасырлық езгіден құтыламыз.
Былайша айтқанда, Вашингтон мен Брюссель бірігіп, Орталық Азия елдері мен Қазақстан үшін арнайы бағдарлама ойластырған сыңайлы. Ол әрине, саяси және экономикалық бағдарлама, оның жалғыз мақсаты – ОА елдері мен Қазақстанның Ресейдің екі ғасырлық империялық құрсауынан құтылуға көмек беру. Барынша қауіпсіз қылып. Ресейден шын құтылу үшін барлық тарап жұмылып, бірлесуі керек. Тек солай.
Балтық елдері бірлескен қимылдарының арқасында ғана Ресейдің құшағынан көп шығынсыз сытылып кеткен.
Ал Украинаның Ресеймен өз бетінше қоштаспақ ниеті миллиондаған украиндықтардың трагедиясына әкелді. Ресей Украинаның жүздеген елді мекенін тұрғындарымен қоса аяусыз қырып тастады.
Айтпақшы, Ресей Әзербайжанды пайдаланып, Арменияны да қанды жолмен уысында ұстауға тырысуда.
ОА елдері мен Қазақстанның Ресейдің ықпалынан құтылуы – уақыт еншісіндегі мәселе ғана.
Ресейдің «достық қолын» жалғыз өзің қайтаруға барғаның – Украинадағыдай трагедиямен тынады. Сондай трагедияға жол бермеу үшін АҚШ пен Еуроодақ ОА елдері мен Қазақстанға көмегін беріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын отырған сияқты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір