25 Қыркүйек, 2023 Әлем
Таулы Қарабақтан армяндар үдере көшуде
Таулы Қарабақта қазір 120 мыңдай армян тұрады.
Фото: Reuters
Таулы Қарабақ аймағынан біржола кетуді жөн санаған армяндардың алғашқы тобы Арменияға келді.
Азаттықтың азери қызметі хабарлағандай, олар Арменияның оңтүстігіндегі Сюник аймағындағы Корнидзор ауылына жайғасты. Сол жерде гуманитарлық көмек көрсету орны құрылды.
Бұл жерге сонымен бірге Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде жараланған 23 адам жеткізілген.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян жексенбіде Әзербайжан Таулы Қарабақтағы армяндарға қауіпсіздік кепілдігін берсе, өлке оларды қабылдауға дайын екенін айтқан.
Таулы Қарабақта қазір 120 мыңдай этностық армян тұрады.
Таулы Қарабақтың жікшіл билігі Әзербайжанның әскери әрекеттерінен кейін үйсіз қалған және Таулы Қарабақтан кетуді қалаған отбасылар орыс әскерінің күзетімен Арменияға жеткізілетінін мәлімдеген.
Ресми Баку Қарабақ тұрғындарын қорғауға алып, реинтеграциялайтынын, қару-жарағын тастаған армян күштеріне рақымшылық беретінін айтып жатыр.
24 қыркүйекте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақта "этностық қуғындау" қауіпі болып жатқанын, аймақтағы армяндардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік Әзербайжан мен Ресей күштерінің мойнында екенін ескертті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір