• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:55:47
Алматы
+12°

Фейсбукте қоғам белсендісі Айгүл Орынбек былай деп жазды:

Құрметті Президент!

Сізге жаныңызда жүргендер баяндамай, жасырып отырған болуы керек!

Халықтың аманатын, жанайқайын жеткізейін!

Оңтүстікте ұн бағасы – 15 мың теңге.

Қант бағасы – 13 мың теңгеге бір-ақ шықты!

Азық-түлік бағасын жергілікті әкімдер бақылауда ұстай алмай отыр.

Смайлов басқарған үкіметпен бұл қыстан шыға алмаймыз!

Азық-түлік бағасын ұстай алмай отырған үкіметбасы бізге керек пе?

Депутаттар, әу десеңдерші, барсыңдар ма?

Мәжілісте отырған оңтүстіктің депутаттары, үндемей, бас шұлғып отыруға бардыңдар ма?

Шығарсаңдаршы дауыстарыңды, сұрасаңдаршы үкіметтен, ұн мен қанттың бағасы қайда ұшып барады?
Президент тапсырма бермесе, жұмыс істемейтін үкіметбасы отставкаға кетуі керек!

Қымбатшылық қысып жатыр

Рас, көкөніс пен азық-түлік, нанның, ұнның және басқаның бағасы шарықтап жатыр. Ресей, Қытайдан келетін киім-кешек түгілі, Қырғызстан мен Өзбекстан ұсақ-түйек заттарына дейін бізге қымбатқа сата бастады. Енді бұған күзгі науқанды желеу етіп бензин безгегі қосылып, елде дизель бағасы аспандап кетуі әбден мүмкін.

Үкіметте инфляциямен бітпейтін күрес жүріп жатыр. Мамандарының пайымдауынша, үкіметтің қымбатшылыққа қатысты қазіргі ұстанып отырған бағыты самарқау және сауатсыз.

Мәселен, бұған дейін бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асуы керек еді. Басқасынан бөлек, осы бағдарламаны үкімет сауатты жүргізе алғанда Қытайдан тым құрығанда ине-жіп, шеге, кесе, қасық тәрізді ұсақ-түйектерді сатып алмайтын едік. Амал нешік, өндірісі артта қалған ел ретінде біз бүгінде шиеттей нәрсенің өзін өзге елден алуға мәжбүрміз, дейді сарапшылар.

Елдегі қымбатшылық деңгейінің өскеніне қатысты сарапшылар бізде инфляциямен күресуден бөлек оны есептеу әдісі де дұрыс қалыптаспағанын айтып отыр. Бұл ретте экономист-ғалым Ілияс Исаев:

 

– Қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Айталық, тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың, ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің сауатты тетігін қалыптастыру керек, – дейді.

 

Қымбатшылықты жүгендеуге қатысты президент Тоқаев үкіметке қайта-қайта тапсырма беріп жатыр. Бұл ретте ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, бәскелестікті қорғау агенттігі тізе қосып жұмыс істеуі керектігі де нақты айтылды. Әттеген-айы, бұл ведмоствалардың елдегі монополистерді тезге салуға мысы жетпей тұр.

Алтын КҮМІСБЕК

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір