• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

12 Қараша, 07:44:46
Алматы
+12°

26 Қыркүйек, 2023 Барлық аймақтар

Мүрде донорлығына 4 мың қазақстандық дайын

Орган ауыстыруға мұқтаж адамдар саны жыл сайын артып келеді. Бірінші кезекте бүйрек, одан кейін жүрек пен ұйқыбез алмастыруға кезек көп. Тірі реципиент бауырын, бүйрегін бере алады. Ал жүрек пен ұйқы безі, өкпе тек қайтыс болған адамнан алынады. Өлім мен үміттің арасындағы нәзік қылдай созылған күту жылдарына көп адамның өмір сағаты жетпей қалады. Былтыр ағзасын трансплантациялауға рұқсат еткен төрт адам 25 өмірді құтқарды. Тірі кезінде ағзасын беруге келіссе көптің көзқарасы оң болса, бұл санақ та ұлғаяр еді.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Қазір елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға зәру, оның ішінде 112-сі бала.

Кей пациенттер санаулы күндерін емес, сағаттарын санауда. 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, 211 адам қайтыс болуына байланысты "Күтуші" тізімінен шығарылды.

Қазақстандықтар көбіне бүйрек ауыстырып салуды қажет етеді – 3607, одан кейін бауыр – 180, жүрек – 145, өкпе – 16, өкпе-жүрек кешені – 5.

Айта кетейік, елімізде қазір жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безін ауыстыруға болады. 2012 жылдан бастап 2379 трансплантация жүргізілді, оның ішінде тірі донордан пациенттердің 85%-ы және қайтыс болған донорлардан 15%-ы.

Ағза ауыстыру кез келгенге, ересекке де, балаға да қажет болып жатады, денсаулыққа кепілді ешкім бермейді. Кей кеселдердің дауасы орган ауыстыруға келіп тереледі.

Қазақстанда 18 жастан асқан адам ғана донор бола алады, дәрігерлердің консилиумы мидың өлімін растауы тиіс. Әдетте, бұл жол-көлік апатынан, жазатайым оқиға немесе инсульт, бас жарақатынан қайтыс болғандар. Өлім расталғаннан кейін донордың жақын туыстарынан марқұмнан ағза алуға келісім беру – гуманизм мен азаматтықтың актісі саналады. Туысқандарының жазбаша рұқсатынсыз қандай да бір әрекеттер жасауға заңмен тыйым салынады.

Қазақстанда тірі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, реципиент пен тірі донор арасындағы генетикалық байланыс тексеріледі.

Трансплантацияның бүгінгі жайы мен мекеме жұмысына байланысты «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығына» сауал жолдадық.

– Елімізде қанша трансплантация орталығы бар және қанша адам өлгеннен кейін ағзасын беруге келіскен?

– Қазақстанда 7 трансплантация орталығы бар. Қазіргі күнде 4000-нан астам Қазақстан азаматы egov порталында мәйіттік донорлыққа келісім  берген. 

– Егов-қа тіркеліп, трансплантацияға өтінім берілді, бірақ аяқ-асты көлік апатына түсіп, жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған жағдайда бұл адамның ізгілікті амалы зая кетпей ме? Қанша дегенмен аты-жөні әлі анықталып үлгермеген адамның ағзасын сақтаудың жолын қалай қарастырады деген сауал туып отыр. 

Мәйіттік донорлыққа ниетін білдірген және жол апаты, тағы басқа да жағдайларға байланысты көз жұмған  азаматтардың жағдайын сол жердегі реабилитолог сияқты дәрігерлер анықтайды. Бұл жерде басты фактор – уақыттың шектеулігі.

Донорлыққа деген көзқарасты жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

–  Қазақстан Республикасында донорлық пен трансплантацияны дамытудың келешегі мен проблемаларын шешу жолдары туралы мәселелерге келсек, донорлық және трансплантация бойынша Кодекс және басқа да құқықтық актілерді іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен халықты мәйіттік донорлық және трансплантациялау мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу туралы айту керек.

Республикалық ауқымда бұл мәселелерді шешуге Мәдениет және спорт министрлігі, Цифрландыру министрлігі, Қоғамдық даму министрлігі сияқты басқа да министрліктер мен ведомстволарды халық арасында жүйелі әрі ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу үшін тарту қажет. Сондай-ақ сайлаушылармен жұмыс істеуге, Қазақстан Республикасында қайтыс болғаннан кейін органдардың донорлығы мен трансплантациясын дамыту мәселелерін жедел шешу үшін заңнаманы өзгерту мәселесі бойынша барлық деңгейдегі депутаттардың қосылғаны қажет.

– Тірі кезінде ағзасын трансплантациялауға тапсырып кеткендерге қандай да бір көмек көрсету қарастыру мәселесі қозғалған ба?

– Қазіргі таңда донор болу азаматтардын асыл ниеттеріне негізделген, қандай да болмасын ресми материалдық көмек көрсету, т.с.с. мәселелер қарастырылмаған.

– Ағзалардың қара нарыққа түсіп кетпеуін қалай қадағалайды?

Донорлық және трансплантация елімізде заң шеңберінде ғана жүзеге асырылады.

ҚР ҚК 1-бөлігі 116 тармағына сәйкес Тірі адамның органдары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де пайдалану үшін алуға немесе заңсыз алуға мәжбүрлеу, сол сияқты тірі адамның органдары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау – он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

– Бауыр трансплантациясына кезекке тұрғандардың тек денсаулық жағдайы ескеріле ме әлде өмір сүру дағдысы да есепке алына ма? Мысалға, көбіне маскүнемдіктің кесірінен бауыр циррозына шалдығады, енді бірі салауатты өмір салтын ұстанғанына қарамастан науқастанады. Алғашқы аталғандар тізімнің басында тұруы мүмкін де, бірақ оларға екінші өмір сыйлау тәуекелді қажет етеді. Кейбірі бауыр ауыстырған соң да әдетінен арыла алмай, қайтадан ішімдікке салынып жатады. Осындай қауіп-қатер қаншалықты деңгейде есепке алынады?

Жағымсыз әдеттер бауыр ауруларының, соның ішінде бауыр циррозы сияқты аурудын себептерінің бірі болуы мүмкін. Трансплантация пациенттердің мұндай санатына консервативті емдеудің барлық түрлері таусылған және органның толық қалпына келтіру функциясы мүмкін болмаған кезде қажет болады.

Дәрігердің ұсынымдарын орындамау және зиянды әдеттерге (алкоголь, темекі шегу) әсер етумен байланысты бауыр трансплантациясы туралы ресми статистика жоқ. Трансплантациядан кейінгі кезеңдегі барлық науқастар жергілікті тіркелген жерінде (емханада) бақыланады, біз тікелей трансплантациялау кезеңінде («донор-реципиент» уақыт аралығында)  қызмет көрсетеміз.

– Қайтыс болған соң донор болудан тірі кезінде қалай бас тартуға немесе келісуге болады?

– Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркін білдіру құқығын тіркеуді Қазақстан Республикасының азаматы екі жолмен жүзеге асыра алады:

  • тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгінген кезде, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркелу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін тиісті өтініш нысанын (келісім немесе келісімді кері қайтарып алу/бас тарту) ұсынады. Толтырылған нысан Тіркелімге енгізіледі, ал өтініш берушіге 1 жұмыс күні ішінде МСАК ұйымының бірінші басшысы қол қойған және мөрімен бекітілген ерік білдіруді тіркеу туралы анықтама беріледі;
  • немесе қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркіңізді үйден шықпай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеуге болады:  1. Ол үшін өтініш беруші порталға кіріп, қызметке тапсырыс беру тиіс;  2. Содан кейін барлық қажетті өрістер толтырылады және ЭЦҚ-мен өтінімге қол қойылады, бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және екі тілде ерік білдіру туралы куәлік қолжетімді болады.

Өтініште барлық ағзаларды немесе кейбір нақты ағзаны пайдалануға рұқсат беруге болады.  Кейін шешіміңізді шексіз рет өзгертуге болады. Өтініш мерзімсіз, яғни оны біраз уақыттан кейін жаңарту немесе растау қажет емес. Шешім адамның соңғы тіркелген өтініші негізінде қабылданады. Келісім беру мен бас тартуды кім тіркегені туралы ақпарат жабық. Бұл деректерге тек республикалық үйлестірушілер адам қайтыс болғаннан кейін ғана қол жеткізе алады.

Саиф Сараи айтқандай «Ізгілік пен әділдік өлмейді». Өлгеннен кейін де адам баласына ізгілік істеп, өмірін жалғауға ниеттену майданда алғы шепте жүгірумен теңдей батырлық деп білеміз.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір