28 Қыркүйек, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанудың 4,6% - ға өскені байқалады.
Тіркелген жағдайлардың 65,1% - ы балаларға тиесілі. Осы маусымда тұмау жұқтыру жағдайлары әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Департамент басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді. Жалпы, сарапшылар атап өткендей, жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты .
«Қазіргі уақытта тұмаудың зертханалық расталған жағдайлары тіркелген жоқ, басқа тұмауға жатпайтын ЖРВИ вирустары риновирус ретінде таралуда. Өткен 2022-2023 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі 40-аптадан бастап тіркелді, ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіштері 52-аптада тіркелді, одан кейін сырқаттанушылықтың 4 апта ішінде тұрақтануы байқалды. Эпидемиологиялық кезеңде маусымдық тұмаумен сырқаттанушылықтың 244 жағдайы тіркелді, тұмау вирусының барлық үш түрі айналымда болды», - деп бөлісті Ә. Қалықова.
ДДҰ-ның эпидемиологиялық және зертханалық деректерін ескере отырып, алдағы күз-қыс маусымында В вирусының қосылуымен А/H1N1/ pdm09 және А/H3N2 типті вирус субтиптерінің параллель айналымын және ықтималдықтың үлкен үлесін, сондай-ақ, басқа тұмау вирустары арасында А/H1N1/ pdm09 тұмау вирусының басым болатынын болжауға болады.
Сондай-ақ, Ә.Қалықованың мәліметінше, ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық маусымға дайындық шаралары жүргізілуде.
«Медициналық ұйымдарда шақыруларды қабылдау үшін 137 телефон, үйде қызмет көрсету үшін қосымша 150 бірлік автокөлік бөлінді, қарқынды терапия көрсету үшін 196 ӨЖЖ жабдығы бар, ЖРВИ/тұмаумен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін 421 төсек қойылды, 175 төсек орналастыру көзделген, тұмауға қарсы препараттардың қорлары толықтырылуда (10834 дана мөлшерінде тамефлю бар, реленза-2964 дана, оксолин жақпа-2568 дана), бір реттік маскалар (2 569 956 дана) және дезинфекциялық препараттар (22924,75 кг., 1 020 697 таблетка, 28 915,75 л.) қоры құрылды», - деді ол.
Сонымен қатар, тәуекел тобындағы адамдарға вакцинация жүргізіледі. Осы мақсатта жергілікті бюджет қаражатына 250 000 мың доза мөлшерінде үш валентті Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды.
«Қалада 2023 жылғы 25 қыркүйектен бастап «тәуекел тобындағы» адамдарды тұмауға қарсы вакцинациялау басталды, бұл топқа медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының балалары және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлері, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, 2-ші немесе 3-ші триместрдегі жүкті әйелдер кіреді. Осы жылдың 27 қыркүйегінде тұмауға қарсы «тәуекел тобындағы» 18348 адам вакцинацияланды. Тұмауға қарсы екпелер ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жүргізіледі», - деді Ә.Қалықова.
Сондай-ақ, ол жеке медициналық орталықтарда тұмауға қарсы екпе алғысы келетін халыққа, оның ішінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен түрлі саладағы қызметкерлерге ақылы негізде вакцинация жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ә. Қалықова вакцинация халықты тұмау вирусын жұқтырудан қорғап қана қоймай, асқынулар мен өлім-жітім жиілігін айтарлықтай төмендетуге көмектесетінін еске салды.
«Тұмауға қарсы вакцина эпидемиологтардың пайымынша, алдағы маусымда ең белсенді болады деп есептейтін вирустардан қорғауға арналған. Әлемде ең көп таралған үш валентті вакциналар үш тұмау вирусынан қорғауға қызмет етеді: екі А және В штаммы. Биыл ДДҰ ұсынған төрт валентті вакциналар тұмаудың төрт түрінен қорғауға арналған - бұрынғы штаммдарға тағы бір В вирусы қосылады», - деп толықтырды ол.
Сарапшы алдын алу шараларына бей-жай қарамауға шақырады. Тұрғындарға тұмау мен ЖРВИ-мен ауырмауға көмектесетін келесі қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады:
- ЖРВИ-мен ауыратын науқастармен байланыста болудан аулақ болыңыз, байланыстан қашу мүмкін болмаса, онда сізге маска тағу керек, оксолинді жақпамай қолданыңыз;
- ауырған жағдайда үйде болу керек, өзін-өзі емдеумен айналыспаған жөн, медицина қызметкерін шақыру керек, отбасында немесе ұжымда маска кию керек, дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу керек;
- түшкіру және жөтелу кезінде аузыңызды қолыңызбен, майлықпен, орамалмен жауып, қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуыңыз;
- иммундық жүйені көтеру: дәрігердің ұсынысы бойынша С дәрумені және басқа дәрілік құралдарды қолдану;
- арақашықтықты сақтау, көпшілік орындарға баруды қысқарту, әсіресе ЖРВИ, тұмау өршіген кезде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір