• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Сәуір, 11:49:00
Алматы
+35°

04 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Мектеп педофилдердің жын ойнағына айналып барады

Күн сайын БАҚ-та бүлдіршіндердің зорланғаны туралы жазылып жатыр. Қызымыз тұрмақ, ұлымызды мектепке жіберуден қорқатын болдық. М.Әуезов жазған Ғазизадай жанашыры, қорғанышы жоқ қыздар зорланып, бәріне қол байлаған кедейлік пен жауыздар есірген сұм заманды кінәласа, іргелі мектепте 7 жастағы балаға жәбір көрсеткенге не дерсің? Көптің талқысында жүрген бұл оқиға Ішкі істер министрлігінің назарына ілікті. 2,5 млн теңгені білім мен қауіпсіздік үшін төлеп оқытып жатқан Алматыдағы элиталық мектепке барғанына бір ай толмаған балаға зорлық жасалды. Бұл – оқу ордаларындағы азғындықтың бірі ғана.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Осындай қылмыстың алдын алуға болмас па еді? Біздің елдің заңдары адам құқығын, өмірін қорғау емес, кінәлілерді жазалаумен ғана тынады. Бала психологиясын сындырған жауыздарды мейлі он жылға түрмеге қама, мейлі кастрация жасат, бәрібір сынған тағдыр сынды, залалы тиді. Сол үшін зорлық-зомбылықты болдырмаудың жолын іздеуіміз керек. Бұрын қазақ бой жеткен қызын «қырық үйден тыйып», кешқұрым сыртқа шығармайтын еді, енді сәбилерді де көзден таса қылмайтын болдық.  Жалғыз еркіне қойып, сеніп тапсыратын жер – балабақша мен мектеп қабырғасы еді. Ерте жастан әлеуметтік желі, ютубтан азғынға толы видео көріп, ойы бұзылған жеткіншектер 2-сыныптағы ұлға зорлық көрсеткен. Оқиға туралы 29 наурызда НеМолчи.kz қоры жариялады. Қорға Алматы облысы Жамбыл ауданы Қасымбек ауылының жұртшылығы жүгінген.

Балаға жақын малғұндардың жұмыс іздеп орналасатын жері де осы мектеп болып шықты. Сондағы көздегені күнкөріс емес, нәпсісін қоздырған объектісіне жақын болу. Өткен жылы қыркүйек айында Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын зорлаған. Сорақысы сол, бұл оқиға мектеп қабырғасында болған.

Жаз айында Қарағанды қаласындағы интернатта директор 9-сынып оқушысын зорлауға әрекет жасаған. Пән мұғалімі болған директор емтиханға дайындалу үшін оған қосымша сабақ өткізуге ниеттенген. Сол ниеттің артында сұм ойлары да болғаны анық. Кезекті осындай қосымша сабақ кезінде оқушы қыздың қолынан ұстап, жыныстық қатынасқа итермелеген. Психологиялық бір опаттан аман қалған қызға анасы жәрдемдесіп, заңға жүгінген.

Бірақ мұғалім оқушы қызға жас жігіттей қырындап, артық сөз айтса, біздің қазақ балаға сене қоя ма? «Ұят болады, қайдағыны айтпа!», «Немересі бар. Әкеңдей адамға жала жаппа! Сен дұрыс түсінбей қалған шығарсың» деп әуелі өзіне ұрысады. Ата-ана естілікпен осындай үрей айтылғанда, сөзіне ден қойса, зорлық азая түсер ме еді? Бөтен тұрмақ өз әкесі қорлық көрсетіп жатқан заманда жаттан жақсылық күтермісің?!

Осы мәселе бойынша психолог Серікгүл Сәлидің пікірін сұрадық.

– Неге мектептегі жас балалар зорлық жасауға бейім болып барады? Мысал ретінде 5-сыныптағы оқушылардың 8 жастағы баланы жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін алайық.

– Бұл жағдайдың себеп-салдары түрлі болуы мүмкін. Демек, бұл балалар сондай істі көзбен көрді: порнография, кино не видеолар. Содан пайда болған инфантильді сексуалдылықтан ешқандай сезімсіз, қызық үшін жасап көрген. Үй жайында баланың көзінде жыныстық қатынас туралы сөздер, әңгімелер айтуға болмайды. Ондай ақпарат беру психикасына кері әсер етеді. Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, 5-сынып пен 6-сынып оқушылары өздерінен бірер жас кіші балаларды шешіндіріп, мазақ қылып, күректің сабымен зорлаған. Зерттеу барысында олардың диструктивті отбасыдан шыққаны анықталды. Көз алдында әкесі шешесін зорлаған, ал қалғаны порнография көріп, қызығушылықтары оянған жеткіншектер.

– Ұстаздар тарапынан да зорлыққа бейім адамдар жұмыс істеп жатыр. Қызметке қабылданар алдында психологиялық саулығын анықтау үшін психиатриялық емханада тізімде тұрмағанын дәлелдейтін бір парақ қағаз ғана сұрайды. Сонда мектеп ордасын қалай тазартамыз?

Өзекті сұрақ. Психологиялық бақылау арқылы педафилия көрінеді. Сондықтан зерттеу өте маңызды. Педофилия табудың бұзылуынан болады. Ұзақ уақыт фуструациялық күйде жүруінен не бала кезінде белгілі бір табудың орнына түспеуінен осындай тән қалауы туады. Қарапайым тілмен айтқанда, педофилия деген тән құмарлығын санадан биік қою. Оларды жыныстық тұрғыда әйел емес кішкентай бала қоздырады. Ал сол құмарлығы оянбай, одан ләззат алмай өмір сүре алмайды. Ойын іске асыру үшін көбіне лагер, мектеп сияқты бүлдіршіндер бар жерге жұмысқа орналасуға тырысады. Болашақта ұстаздардың өзіне бақылау жүргізетін психологтар болады деп сенеміз.  

– Кішкене бүлдіршіндер зорлыққа түскеннен кейін ғана эмоциялық ауыр күйлерінен аңғаруға болады. Ал ересек балалар кейде сырт адам көз тіккенін аңдап, ата-анасына ескертіп айтса да, қазақилыққа салып, әуелі ұрысып, сенім білдірмейді. Осындай ата-аналарға не дейсіз?

Қазір ата-аналардың көбі сезім мен өзгелерді сезінуді, баланың басындағы болуы мүмкін қысым мен қиыншылықты, қорғаныш пен қамқорлық көрсетуді білмейді. Перзентінің айтқан сөзіне сенбеуінің өзі де қарым-қатынасты дұрыс орнатпағанын көрсетеді. Буллингтің асқынған түрі зорлық-зомбылыққа әкеледі. Себебі ол сезімнен жұрдай. Бұл да перзент алдындағы ата-ананың жауапкершілікті сезінуіне тікелей қатысты. Баланың көзінше балағат сөз айтпау керек, өйткені сол әр сөздің түпкі мағынасы жыныстық қатынасқа байланысты. Сондай сөзді балаға айттың, демек сондай ақпаратты тікелей бердің. Тәрбие басы осы.

Психолог маман айтқандай, педофилдердің жағалап жүретін жері оқу ордасы. Мектептегі мұғалімдердің әл-ауқатын көтергеннен бері бұл салаға барушылар саны көбейді, ал іріктеу тек тәжірибе мен білімге қараумен ғана шектеліп жатыр. Психологиялық ауруға бейім, не бір ауытқушылығы бар адамдар мектепте жұмыс істеп жүрмегеніне кім кепіл?

Мемлекеттік қызметке тұру үшін білімін тексеріп қана қоймай, психологиялық сынақтан өткізеді. Неге мұғалімдерді жұмысқа қабылдамас бұрын басшылық тексермейді? Былтыр Ресей екеш Ресейдің өзі орта білім беретін мекемелеріндегі ұстаздардан психологиялық тест алып, зорлық-зомбылыққа бейімі бар қызметкерлердің барлығын шені мен дәрежесіне қарамай жұмыстан шығарып жіберген. Қазақстанда да осындай тексерістер қажет. Жас демей, кәрі демей жоғарғы сынып оқушыларынан бастап директорға дейін тесттен өтіп, қауіпсіздікті күшейту арқылы ғана сақтана аламыз.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: мектеп педофилия

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір