• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:11:44
Алматы
+12°

Израиль ресми түрде Ғаза белдеуін толық бақылауға алғанын мәлімдегенмен шетелдік ақпарат көздері алғашқы күндері шекарадан баса-көктеп өткен ХАМАС жасақтары толық жойылмағанын айтады. Израильдің ғана емес, Батыс ақпарат құралдарының басым бөлігі, тіпті кейбір араб мемлекеттері де бұл шабуылға ХАМАСты айыптап отыр.

Дүниежүзілік насихат кеңістігінде қашаннан да еврейлер ықпалдылығы басым екенін ескерсек бұл таң қаларлық жағдай емес.

Таң қаларлығы басқа. Тель-Авив үшін, ресми мәлімдемелерге қарағанда, бұл күтпеген шабуыл болса, ойыншық сияқты жеңіл зеңбіректер мен автоматтардан басқа қаруы жоқ ХАМАС үшін де  шабуылдың Израиль сияқты заманауи қарумен мұздай қаруланған, әлемде ең берік саналатын «Темір күмбез» әуе қорғаныс жүйесі бар мемлекетті 300 мыңнан аса резервистерді шақырып, Америкадан көмекке Жерорта теңізінің шығыс  бөлігіне  ұшақтасығыш кеме алдырып осынша дүрбелеңге түсуге мәжбүр етуі күтпеген нәтиже болды. Бір айтарлығы, Израильді шабуылдаған ХАМАС қозғалысының барлық күштері емес, әскерилендірілген Қассам бригадасы ғана.

Бірақ әлемді алаңдатып отырғаны Палестинада осыдан соң тыныштық орнай ма деген сауал. Еврейлердің палестиналық арабтардың жерін әскери күшке сүйеніп басып алып отырғанына 56 жыл. Арабтар «накба»

ذكبة («қасірет») деп атап кеткен арабтарды дүние-мүліктерін тәркілеп Палестинадан күшпен жер аудару 1947-1949 жылдар аралығында өтті. Осы аралықта уақыт жібермей, 1948 жылдың 15 мамырында еврейлер Батыс мемлекеттері және Кеңес Одағының қолдауымен Израиль мемлекетін жариялап жіберді. Кейін Таяу Шығыста одақтас еврей социалистік республикасын құрамын деген Сталиннің үміті ақталмай, Израиль Америкаға бет бұрды да, Сталин арабтармен одақтасуға мәжбүр болды.

«Әл Ақса тасқыны» операциясын бастаған ХАМАС өз мақсаты Палестина жерін азат ету екенін талайдан бері айтып келеді. Ал Израильдің түпкі мақсаты қандай?

Бұл сұраққа жауапты Израиль премьер министрі Нетаньяхудың «бұл соғыс Таяу Шығысты түбегейлі өзгертеді» деген жұмбақ сөзінен және Ғаза белдеуінде Израиль әскерінің қоршауында қалған палестиналық арабтарды «олар жануарлар, сондықтан оларды түгел құрту керек» деген сөздерінен іздеу керек сияқты.

Батыс ақпарат құралдарынан өзгеше бағытты ұстанатын Әл-жазира телеарнасының ағылшын тілді хабарында Израильдің беделді Haaretz газетінің сарапшысы Гидеон Леви Израиль басшылығының басты мақсаты Палестина арабтарынан қандай жолмен болса да толық құтылу және Ғазадағы арабтарды блокадаға алып электр қуаты, судан, азық түліктен айырып оқшаулау осы жоспардың бір бөлігі дейді.Оның сөзінше, мұндай «этникалық тазарту» жүзеге аспайтын жоспар.

(Israel Palestine conflict and Gaza War | Inside Story

Біріккен Ұлттар Ұйымының басып алынған Палестина жерлері бойынша арнайы өкілі Франческа Албанезе (Francesca Albanese) Израильдің Ғазадағы арабтарды аштыққа ұшыратып құрсаудан шығармай ұстауы халықаралық заң бойынша адамзатқа қарсы қылмыс саналатынын айта келе бұл іс жүзінде «этникалық тазарту мақсатындағы екінші «накба» дейді.

1947-1949 туған жерлерінен қуғындалған 750 мыңнан аса палестиналық арабтар Израиль мен Мысыр арасындағы аумағы 365 шаршы шақырымнан аспайтын Ғаза белдеуіне келіп сығылысты. Әлемдегі ең тығыз қоныстанған жер саналатын бұл аумақта 2,3 миллион халық тұрып жатыр. Олардың үштен екісі босқындар. Өткен аптада мұндағы босқындардың сегіз лагерінің бірі Джабалийа Израиль тарапынан бомбаланып жүздеген адам өлді.

Анығында Израильдің Ғаза белдеуін құрсауға (блокадаға) алуы бұдан 17 жыл бұрын, яғни ХАМАС бұл аймаққа өз бақылауын орнатқаннан соң басталған. Әл Қассам әскери басшылары Израиль Ғазаны бомбалауын тоқтатпайынша ешқандай келіссөзге бармайтынын мәлімдеді. Осы сәтте БҰҰ және ықпалды мемлекеттер бірлесіп тұйықтан шығар жол таппаса бұл қанды қақтығыс жалғаса бермек.

Журналист Марат Ермұқанов,

Қызылжар қаласы

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Палестина Израиль

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір