• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 11:10:05
Алматы
+7°

«Ирина Кайратовна» деген топтың кезекті концерті өтіпті. Концерттің соңында сәукеле тағып, ұлттық киіммен сахнада сызылып тұрған қыздар кенет сәукелелерін жерге қойып, шаштарын жалбыратып, бастарын шайқап жын ұрғандай билеуге көшті. Есіргенде, осылай есірді.

Бұған дейін бұл топтың бір мүшесі еліміздің көк туын сахнаға умаждап алып шығып, «біреудің қымбатты көк туы...», деп сандырақтап, оны «түкіргенім бар!» дегендей көрермендерге лақтырмақ болған. Өзі сахнаға мас күйде шығып, былапыт сөйлеген. Сол кезде лайықты жазаға тартылмағандықтан, бұл топ әлі де білгендерін істеп жүр. 

– Бұларды, бір сөзбен айтқанда, «рухани мүгедектер» дер едім. Семіздікті қой ғана көтереді демекші, кей адамға бақ берілсе, көтере алмай қалады. «Ирина Кайратовна» да солай. Бұған дейін туымызды былғады. Мейлі, сахнада білгенін істеп, керемет боп жүре берсін. Бірақ қазақтың ұлттық құндылықтарына тиіспесін. Сахнадағы әлгі қазақ қыздарының намысы қайда?

Қазақтың қорланбаған несі қалды? Онсыз да тіліміз қорланып бітті, киіміміз, туымыз тапталды. Халықты қашанғы ашындыра береді? Күндердің күні мұның бәрінің бітетін кезі келеді. Бұл топ халықтан кешірім сұрауы керек. Негізінде, ұлттық құндылығымызға қатысты арнайы бап, заң бар. Сол бойынша бұларды жауапқа тартса, басқа да әншісымақтарға сабақ болар еді, – дейді Qamshy.kz порталының сұрағына жауап берген журналист, қоғам белсендісі Жан Ахмадиев.

Актер Бекжан Тұрыстың сөзінше, қазақтың әндерін қарайтын көркемдік кеңес жоқ. Сахнада тұрып, шектен шыға беретіндер көбейді. Кейде соларды тоқтатудың орнына, «е, жаңылысқан екен», деп қорғап жатамыз.

Ең өкініштісі, сондайлардың әнін тыңдап, тірлігіне еліктейтіндер – жастар. Бұл не өзі, өсіп келе жатқан жас ұрпақты әдейі бұзу ма?

Байқасаңыз, ұлттық құндылықтарымызды мазақ еткендер не кешірім сұрап, ары кетсе айыппұл төлеп құтылатын жаман үрдіс пайда болды. Қазақ затымыз біреулерге мазақ болатындай не жаздық?

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір