27 Қазан, 2023 Саясат
20 мың полицейдің "митингісі"
"Сұмдық қой. Кеңестік жүйедегі қудалау әлі де қалмапты".
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
Мұхтар Әблязов шақырған митингіге қанша қазақ шықты? Алаңға шыққандардан бұрын үйінде тыныш жатқан жерінен ұсталған белсенділер көп болды бұл жолы. Үйінде жатып, әлі ештеңе істеп үлгермеген адамды алып кету қаншалықты заңды деген сұрақ туады. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, енді белсенділердің әрбір митинг қарсаңында қамалатын түрі бар.
Алаш арыстарын абақтыға қаматты, қойдай қырды, деп кеңес үкіметін айыптағанда желдей ұшып желпінеміз. Қазір ше? Бүгінгі қазақтың арасында да қудаланғандар қатты көбейіп барады. Соңғы митингіге халық емес, үкімет жақсылап дайындалды. ІІМ 20 мың полиция қызметкерін жұмылдырды.
– Егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзса, ҚР Әкімшілік кодексінің 488-бабының талаптарына сай, әкімшілік жазаға тартылады, ол бапта қамаққа алу да, айыппұл да бар. Шешімді сот қана қабылдайды. Соттың қаулысы (шешімі) болмай, қамаққа алу заңсыз. Осы баптың шеңберінде сот қараса, 10-20 тәулік аралығында қамаққа ала алады. Осы баптың тармақтарына сай мерзім белгіленеді. Ал егер ешқандай айып, яғни соттың шешімісіз қамаққа алу заңсыз, дейді заңгер Еркебұлан Қайратұлы.
Аман Мәмбетәлі, саясаттанушы:
– Митинг дәстүрге айналып барады. Әблязов саяси күштің иесі сияқты көріп жүргенімен, шындығында пиардан басқа түгі жоқ. Артынан ергендер бар, бірақ оны түсінетіндер аз. Ол талай жыл қатарынан медиа кеңістікте пиар акция ұйымдастырып келеді. Осы жолы да елдің, әсіресе мемлекет қызметкерлерінің көңілін бұрғызып, өзінің бар екенін тағы бір көрсетті. Нақты ұсынып отырған саяси программасы жоқ, таза популизм. Зейнеткерге 300 мың, кәсіпорын жұмысшыларына 1 млн теңге айлық қосамыз дегені «мен президент болсам...» деген баланың қиялына ұқсайды.
Митингке келетін болсақ, мені де бейбіт шараларға қатысқаным үшін 17 рет аудандық ішкі істер бөліміне апарған. Біздің елде 30 жылда жүйе болып қалыптасқан элитаның көзқарасы – партия тек бір адамға байланысты деген теріс түсінігі. Әблязов та сондай қателікке ұрынып, мен лидермін деп, арты ұрыс-қырылыс боп, өзі жалғыз қалды. Демократияның философиясы бір ғана партия, бір ғана күш емес. Ол ауысуы керек. Бүгін оппозиция, ертең билік. Бір айтарым, заң бар, егер ол заңды қабылдамай, оның шеңберінен тыс әрекет етсе, әрине, қудаланады. Қоғамда дәл қазір билік өкілдеріне, полиция қызметкерлеріне күмән көп, сенім аз. Бірақ заңға салса, бәрі дұрысталады.
Мұрат Өтебайұлы, ардагер журналист:
– Созылмалы сипат алған дағдарыс, шегіне жеткен жемқорлық, сайлаудағы әділетсіздік, баға мен тарифтердің өсуі, АЭС салуға деген қарсылық сияқты түрлі мәселелер халықты митингке шығуға итермелейді. Үкіметке деген үнін осылай ғана жеткізе алады. Бірер адам шықса болғаны, әкімшілік жазаға тартылып отыр. Бұны кешегі 25 қазандағы жағдайдан көріп отырмыз. Сонда халық бас қосып, өз ойын айта алмаса не болғаны?! 20 мың полицияны жұмылдыру деген сұмдық енді. Кеңестік жүйедегі қудалау әлі де қалмапты. Бұл халық наразылығын күшейте түседі. Заң шектеулі шеңберінде жұмыс істеуі керек. Бізде қазір оппозиционерлер қалмады. Бәрін соттады, темір торға тоғытты. Тек халықшыл азаматтар өз ойын ашық айтқаны болмаса, оппозиционер жоқ. Ал депутаттық мансапта отырып, желпініп сөйлеп жүргендер халыққа емес, үкіметке жұмыс істейді. «Депутаттар мына мәселені көтеріп жатыр» деп ел сонша мақтайды келіп. Оның бәрі үкіметтің тапсырысымен, келісімімен ғана айтылып отыр. Бұл «белсенділердің» тарихын жақсы білеміз. «Аманат» арқылы қалай сайлауға өткенін де көрдік. Әйтпесе өз еркімен түскен азаматтардың бірі де өткен жоқ. Саяси реформа деген сөз жүзінде ғана қалды. Жасайтындары сол баяғы бір конференция мен жиналыс.
Тик-ток әлеуметтік желісінен алынған пікірлер
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір