• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:00:30
Алматы
+12°

06 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

"Ресейдің артқы ауласы" дегенге несіне намыстанамыз?

Еліміздің саяси кіріптарлығын маңдайымызға басқан екен.

Фото: ашық дерек көзінен

Өткен жылы Қазақстан әлемдік уранның 43%-ын өндірген екен. Сахарадағы тұрақсыздық «серіктес» іздеуге мәжбүр етіп, Франция президенті Эммануэль Макрон рудаға бай Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға келіп-кетті. Bloomberg басылымы Франция басшысының бұл сапарына «Ресейдің артқы ауласына кірді» деген тақырып қойып, қазақ қоғамын біраз шулатты.

Францияда ядролық реакторлар бар, оған қажетті уран Қазақстан мен Өзбекстанда бар. Сосын француз журналистері Украинадағы соғыс, санкциялар қазақ елінің Ресейге тәуелділігін азайтып, жаңа мүмкіндіктер туғызады деп болжам жасапты. Рас, Франция Қазақстанға ірі инвестиция құйып жатыр. Францияның Orano SA ядролық компаниясы «Қазатомөнеркәсіппен» бірлескен кәсіпорын құру арқылы Қазақстандағы уран кеніштерін игеруде. Нигерде болған төңкерістен кейін Франция үшін Орталық Азияның маңызы күшейе түсті.

Париж халықаралық қатынастар институтының ғалымы Майкл Левистон: «Қазақстан – Францияның энергетикалық қауіпсіздігінің кілті. Макронның сапары Париждің ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін еске салады», депті.

Сонымен қатар, Франция – Қазақстанға АЭС салуды ұсына алатын елдердің бірі. Біздің сарапшылар егер АЭС салдыртатын болсақ, не Франция, не Оңтүстік Кореяның бірін таңдаған жөн дейді.

Көпшілік біздің елдің «Ресейдің артқы ауласы» деп аталғанына намыстанып, біраз шүйлікті. Бірақ саясаттанушы Дос Көшім еліміздің саяси кіріптарлығын маңдайымызға басқаны Қазақстанды масқаралау емес, бұл – шындық деп бағалады.

– Саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан алсақ та, біз Ресейге кіріптармыз. Ресей Қазақстанды өзіне тартқан жоқ, біз өзіміз басымызды тықтық. Биліктің қалауы сол, өзіміз соған дайын болдық. Жоққа шығарып, шыр-пыр болу керек емес. Халық бәрін түсінеді, бірақ биліктің көзқарасы басқа.

– Макрон не үшін келді?                              

– Әрине, Макрон екіжақты байланыс орнату үшін келдік дейді. Бірақ мен толық білетін бір нәрсе бар: мына қимыл-қозғалыстың бәрі Қазақстанды Ресейден сәл-пәл болса да ысыру. Екі күш бар: бірі – Батыс пен Америка жағы, екіншісі – Ресей. Содан кейін ғой, көпвекторлы, бейтарап саясат ұстанамыз, дейді біз сияқты мемлекеттер. Көпвекторлықты тастап, бір бағытқа бұрыл демек, соны іске асыру жұмысы басталды. Э.Макронның келуінің басты себебі осы. Бұған дейін мұнай мәселесін желеулетіп Германия да келген, бірақ олардың да түпкі мақсаты осы болған.  

– Мақалада Қазақстан сияқты елдердің Ресейге қарсы санкцияны тек қағаз жүзінде ғана қолдайтыны айтылады. Сіздің ойыңыз қандай?

– Әрине, санкцияны біз қағаз жүзінде қолдап отырмыз. Бір жағынан БҰҰ-ның шешімдерін қолдаймыз дейміз, бірақ мойындау керек, Ресеймен экономикалық қана емес, әскери байланыстарымыз өте мықты, біте қайнасып кеткен. Сондықтан біздің билік шамасы жеткенше Ресейдің санкцияны айналып өтуіне жағдай жасайды. Билік өкілдері мемлекет тарапынан көмек бермейміз дейді, көмек жасауға тырыспайтын да шығар. Бірақ жеке акционерлік қоғамдар, алыпсатарлар сияқты бизнес тарапынан көмек жасалып жатыр, оған ешкім тосқауыл қоймайды. Мәселен, Қырғызстанда Ресейге астыртын қызмет еткен екі ірі нысанға санкция салынды. Мұндай жағдай Қазақстанға келуі әбден мүмкін. 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір